«Шүкір еткен байлық абзал ма, әлде сабыр сақтаған кедейлік пе?» деген сұраққа ғұламалар әртүрлі жауап берген. Бірі алғашқысын жоғары қойса, енді бірі соңғысын артық көрген.
Алайда, қасиетті мәтіндерді зерделеп, өзара салыстыра келе шығатын қорытынды: Егер салыстырар болсақ - Шүкірі бар байлықтың дәрежесі жоғары әрі азалырақ. Десе де, бұл көпшілік ойлағандай оңай нәрсе емес.
Шүкірі бар байлықтың артықшылығына қатысты дәлелдер жоқ емес. Солардың келтіре кетелік:
1. Шүкір етушілердің аздығы
Алла Тағала Құранда шүкіршіліктің биік белес екенін айта келіп:
«Құлдарымның ішінде шүкір етушілер өте аз» («Сәбә» сүресі, 13-аят), – деген.
Тіпті, адам баласының қас жауы Ібіліс те:
«Сен олардың көбін шүкір етушілерден көрмейсің» («Ағраф» сүресі, 17-аят), – деп, адамды шүкірден айыруды мақсат еткен.
2. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дұғалары
Алла Елшісі ﷺ үнемі байлықты тілеп, кедейліктен Аллаға сыйынған. Ол өзінің мүбәрак дұғаларында:
-
«Уа, Аллам! Сенен тура жол, тақуалық, пәктік және байлық (өзгеге мұқтаж болмауды) сұраймын» (Мүслім, Термизи).
-
«Уа, Аллам! Мен Саған кедейліктен, таршылықтан және қорлықтан сыйынамын. Сондай-ақ біреуге зұлымдық жасаудан немесе маған зұлымдық жасалуынан Өзің сақта!» (Нәсәи, Әбу Дәуіт).
-
«Уа, Аллам! Аштықтан Өзің сақта, өйткені ол — неткен жаман серік!» (Әбу Дәуіт).
3. Салиқалы байлықтың қасиеті
Пайғамбарымыз ﷺ Амр ибн әл-Асқа (р.а.): «Салиқалы кісі үшін салиқалы мал-мүліктің болуы неткен жақсы!» — деп, дәулеттің жақсы адамның қолында болуының абзалдығын білдірген.
Сондай-ақ тағы бір асыл сөзінде: «Алла Тағала тақуа, бай әрі қайырымдылығын жасырын жасайтын құлын жақсы көреді», — деген.
Бірде кедей сахабалар Пайғамбарымызға ﷺ келіп, дәулетті жандардың сауаптан озып бара жатқанын айтқанда, ол ﷺ: «Бұл — Алланың қалаған құлына беретін кеңшілігі», — деп жауап берген.
4. Пайғамбарлардың шүкіршілігі
Алла Тағала Өзінің ең таңдаулы құлдарын — пайғамбарларды бойларындағы шүкіршілік қасиетімен мақтаған:
-
Нұх (а.с.): «Ол өте шүкіршіл құл еді» («Исра» сүресі, 3-аят).
-
Ибраһим (а.с.): «Алланың нығметтеріне шүкір етуші еді. Алла оны таңдап алды...» («Нахл» сүресі, 121-аят).
-
Дәуіт пен Сүлеймен (а.с.): «Уа, Дәуіт әулеті! Шүкіршілікпен амал етіңдер!» — деп бұйырылған. Сүлеймен пайғамбар құмырсқаның сөзін естігенде: «Раббым! Маған және ата-анама берген нығметіңе шүкір етуді нәсіп ет!» — деп дұға қылған.
-
Мұхаммед ﷺ: Алла Тағала соңғы Пайғамбарына (с.а.у.): «Сені кедей күйіңде тауып, байытпады ма?» («Зұха» сүресі, 8-аят) — дей келе: «Раббыңның нығметін айт (шүкір ет)» — деп бұйырған.
Алла Тағала сахабаларға да кезіндегі әлсіз әрі мұқтаж күйлерін еске салып: «Естеріңе алыңдар, бір кездері жер бетінде аз әрі әлсіз едіңдер... Алла сендерді Өз көмегімен қуаттап, таза ризықтар берді, бәлкім, шүкір етерсіңдер» («Әнфал» сүресі, 26-аят) — деген.
Қорыта айтқанда, Алла Тағала кейбір пендесін бай қылып, кейбір пендесін кедей қылып жаратады. Ешбір пенде бөлінген несібесінен артығын ала алмақ емес. Бірақ, әрбір пенде өзінің ризығын іздеуге міндетті. Байлық та, кедейлік те Алланың жазмышымен болады. Бірақ, бұл мақаланың айтпағы – пенде кедей болуға емес, адал жолмен бай болуға тырысқаны абзал. Әрекет пендеден, берекет Алладан. Пенде әрекет ету арқылы, нәтижесін Алладан күтеді және әрекет ету арқылы өзінің несібесіне бөлінген байлыққа қол жеткізеді. Хадисте де айтылғандай: «Береген қол, алаған қолдан артық». Одан да тереңдей түссек: байлық ақшада емес, байлық – қанағатта. «Қанағат қарын тойғызады» демекші, нағыз бай адам – қанағаты бар адам. Ынсап сайын береке деген де сөз бар. Сондықтан да, бай болудың жөні осы екен деп, дүниеқоңыз болып кету де қате. Олай болған жағдайда, шүкірі жоқ байлықтан, сабыры бар кедейлік артық. Ендеше, байлығыңызға шүкіріңіз серік болсын!
Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!