Құрбан шалу – сауабы мол құлшылық
Құрбан шалу – сауабы мол құлшылық
7 ай бұрын 2980

Құрбан шалу – адам баласын жоқтан бар етіп, жер бетіне халифа (мұрагер) қылған жаратушы Ұлы Алланың сансыз нығметтеріне шүкіршілік етудің көрінісі. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Алла разылығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылы үшін сауап бар екенін айтып, былай сүйіншілеген:

«Құрбандық – Ибраһим (а.с.) бабамыздан қалған сүннет. Құрбандыққа шалған малдың әрбір тал қылшығына сауап жазылады».

Құрбан шалған адам негізінен басқаға емес алдымен өзіне жақсылық жасап, өзі үшін сойып жатқанын түсінуі керек. Сойылған құрбан арқылы отбасында және қоғамда көптеген оңды істер көрініс табады, Екінші жағынан малды Алла жолында арнау ақыретте таудай сауап әрі рухани дәреже түрінде кісіге қайтарылмақ. Шалынған малдың қаны жерге тамбай жатып кісінің ниеті мен ықыласы көкке жетіп, амал дәптеріне сауаптан жазылады. Хадис-шәріптердің бірінде садақаға берілген бір құрманың өзі ақыретте таудай болып өсетіні айтылған. Ал Құран кәрім бұл жайлы:

«Істеген ізгі істеріңнің бәрі өздерің үшін. Жасаған сауапты амалдарың тек қана Алла разылығы үшін. Игі істеріңнің қарымтасы толығымен қайтарылады, ешкімнің де ақысы желінбейді»[1] десе, тағы бір аятта:

«Намаз оқыңдар, зекет беріңдер, өздерің үшін істеген жақсылықтарыңды ертең Алланың алдынан табасыңдар. Сөз жоқ, Алла барлық істеріңді көреді»[2] - дейді.

Сырттай қарайтын болсақ, құрбан шалу, нәпіл садақа – барлығы да адамның өзгелер үшін қызмет ету, біреуді бақытты қыла отырып өзін бақытты сезіну секілді көрінгенімен, мұның бәрі кісінің өзі үшін жасалатын ақыреттік қам. Адам баласының табиғатында «мендік» сезім бар. Пенде алдымен өзін жақсы көреді, иманды адам алдымен өзінің ақыретіне алаңдайды. Осы тұрғыдан келгенде өзіне өзі жақсылық жасамайтын кім бар? Құрбан шалу да осы тұрғыдан адамның өзі үшін.

Екінші жағынан садақа беру де, құрбан шалу да мына дүниеде өзгеге кеткенімен, өзіміздің шын байлығымыз солар болмақ. Бірде Айша анамыз (р.а.) нәзір құрбанын шалып, бір жауырыннан басқасының бәрін таратып жібереді. Пайғамбарымыз келіп шалынған мал жайында сұрағанда, Айша анамыз бір жауырыннан басқа барлық етін таратып жібергенін айтады. Сонда пайғамбарымыз:

«Демек, сол жауырыннан басқа бүкіл еті бізде қалды десеңші» дейді[3].

 Демек жегеніміз емес, жегізгеніміздің біздікі болғаны. Осы жерде мына бір хадисті де қоса кеткеніміз жөн:

«Кімде-кім аш кісіні тойдырса, Алла оған жұмақтың жемісін жегізеді. Кімде-кім біреудің шөлін қандырса, қиямет күні Алла оған тап-таза сусын ұсынады. Жалаңаш адамды киіндірген жанды Алла тағала жұмақтың жасыл киімдерімен киіндіреді».

Пайғамбарымыздың айтуынша, Алла тағала бізге былай дейді:

«Әй, адамзат, Алла сендерге берсін десең, сендер де өзгелерге беріңдер»[4].

Демек, берген адам өзгеге емес, өзіне беріп жатқанын түсінуі тиіс. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Ақылды кісі – нәпсісіне ие бола алатын және ақыреті үшін алаңдайтын адам. Ал ақымақ адам – нәпсісіне еріп, дүниенің бас айналдырар қызығына беріле жүріп Аллаһтан кешірім күткен адам» дегені бар.

Баяғыда бір оқымысты байдан «Малды жақсы көресің бе, әлде күнәні жақсы көресің бе?» деп сұрапты. «Әрине, малды жақсы көремін» деп жауап беріпті бай. Сонда оқымысты: «Өтірік айтасың, күнәні жақсы көресің, өйткені өзіңмен бірге ақыретке күнәні алып, малыңды осында тастап бара жатырсың. Егер малыңды жақсы көргеніңде, алдымен сол малыңды қазірден бастап мәңгілік тұрағыңа жөнелте берер едің» – депті.

Рас, ақылды адам керегін жолға тастап кетпей, баратын жеріне жібере бермей ме? Алла жолында әлденесін құрбан еткен адам сол құрбандығын өзімен бірге әкетіп бара жатқан болып саналады. Тіпті Алла тағала оның сауап үшін жұмсаған малын еселеп береді.

Әби Масғуд Ансари Пайғамбарымызға мұрындығынан жетектеп бір түйе алып келіп, «Бұны Алла үшін беремін» дейді. Сонда Пайғамбарымыз: «Берген бұл бір түйең ақыретте 700 түйе болып қайтарылады» деп қуантады.


[1]  «Бақара» сүресі, 272-аят.
[2] «Бақара» сүресі, 110-аят.
[3] Тирмизи, Қияма, 33.
[4] Бұхари мен Мүслим риуаят етеді.

Н. Анарбаев, Е. Қарақұлов, "Құрбан шалу".

 

0 пікір