Барзах әлемінде рухтар қайда болады?
Барзах әлемінде рухтар қайда болады?
2 жыл бұрын 9571

«Барзах» - қайтыс болғаннан кейінгі адам рухының қияметке дейін турақтайтын әлемнің аты. Қарапайым тілмен айтқанда: «о дүние» немесе «қабір әлемі». Адам өлгеннен кейін рухы барзах әлемінде болып, не нығметке бөленеді, не азап шегеді.   

Адам қайтыс болғанда, денесі өлгенімен, рухы өлмейді. Рухы "барзах" деп аталатын әлемде болады. Кейбір рух нығметке бөленеді, ал кейбір рух азап шегеді. Қалай болғанда да рух жоқ болып кетпейді және әрбір рух өз денесімен бейнебір мағнауи (рухани) байланыста болады.

Қиямет қайым басталып, сур үрленіп қайта тірілу сәті басталғанда әркімнің рухы өз денесіне кіріп, шіріп кеткен денесі қайта қалпына келеді де қабірлерінен тұрады. Оған дейін, яғни, қиямет қайымға дейін рухтардың мекен етер лайықты орындары болады. Бүгінгі жазбамызда сол тақырып төңірегіде қысқаша сөз қозғасақ деп отырмыз.

ХІ-ХІІ ғасырларда өмір кешкен атақты Ислам ғалымы Имам Әбу Муъин ән-Нәсәфи (1046-1115) өзінің «Бәхруль Кәләм» атты ақида кітабында, барзах әлеміндегі рухтарды төрт сатыға бөліп, әрқайсысының мекен етер орнын баяндаған. Ендеше Имам Нәсәфидің айтқанына құлақ асалық. Имам Нәсәфи (р.а.) айтады:

Рухтар төрт түрлі:

1) Пайғамбарлардың рухтары. Пайғамбарлардың рухтары денелерінен шыққаннан кейін миск (әтір, мускус) және камфара бейнесінде пейіште болады. Олар онда нығметке бөленеді. Ал түнде Ұлы Арштың астында ілініп тұрған шырақтарды паналайды.

2) Шейіттердің рухтары. Шейіттердің рухтары денелерінен шыққаннан соң жасыл құстың ішінде болады. Олар пейіште ішіп-жейді, нығметке бөленеді. Оған Алла Тағаланың мына бір сөзі дәлел: «Шейіттердің рухтары - тірі, Раббыларының құзырында ризыққа бөленуде. Алланың берекесінен өздеріне берілгенге мәз»[1]. Пайғамбарымыздан да (с.а.у.) мынадай хадис жеткен: «Шейіттердің рухтары – жасыл құстардың жемсауында болып, пейіште пейіш жемістерінен жейді»[2]. Олар да түнде Ұлы Арштың астында ілулі шырағдандарды паналады.

3) Итағатшыл мүмін-мұсылмандардың рухтары. Мүмін-мұсылмандардың рухтары пейіш бақтарында болады, бірақ еш нәрсе жемейді, сайрандамайды.  Алайда пейіште ұшып жүреді. Және де мүмін-мұсылманның рухтары «ъиллиин» деп аталатын «ұлық орында» болады. Оның нұры денесімен байланыста болады (рухы нығметте болғандықтан денесі де рахаттықты сезеді). Ол мүмкін жағдай. Мәселен, күннің өзі аспанда болса да нұры жер бетінде. Сондай-ақ, ұйқыдағы адамның рухы денесінен шықса да, оның денесі ауруды сезеді (рухтың денесімен байланысы да сол сияқты).

Күнәһар мұсылмандардың рухтары көк пен жердің арасында ауада болады.

4) Кәпірлердің рухтары. Кәпірлердің рухтары қара құстардың ішінде, жердің жетінші қабатындағы «сижжин» деп аталатын мекенде болады. (Сижжин – жеті қабат жер астындағы орын, сондағы тозақ шұңқырларынан бір шұңқыр, кәпірдің рухы ол жерде қамауда болады). Кәпірлердің де рухтары денелерімен байланыста болады. Яғни, олардың рухтары «сижжинде» азап шегіп жатқанда, денелері де азапталады. Рухтың денесімен байланысын - күн шуағының жермен байланысына ұқсатуға болады. Күн аспанда болғанымен, оның нұры жерге түседі[3] (бұл да сол сияқты).


[1] Құран Кәрім: «Әли Имран» сүресі, 169-170 аяттар.
[2] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». (21) 1887; Имам Тирмизи: «Сүнән». №3011 хадис.
[3] Имам Нәсәфи: «Бәхруль Кәләм». 254 бет.

Қосымша:

Абдусамат Қасым

 

0 пікір