"Философияның қарабайыр, тұрпайы түрін «кәсіп» қылып ұзақ жүріп қалыппын..."
"Философияның қарабайыр, тұрпайы түрін «кәсіп» қылып ұзақ жүріп қалыппын..."
8 ай бұрын 5177 aqiqat.kazgazeta.kz/
Профессор, доктор Ғарифолла Есім

Студентпін. Философия пәнінің оқытушысы Ленинград, Москвада оқып, білім алып, сол жақта ғылым кандидаты болып елге оралған азамат. Философияны аңызға, әрі тым саясаттандырып дәріс оқитын. Бұл жағдайға қарамастан, одан әрі мардымды ақпарат жоқ, тіптен сабақтарын да толық жүргізбей, бізді қоя беретін. Философияға ынталы болып, өз бетіммен философия туралы талай кітаптарды оқыдым. Бұл пәнге ынта арта берді. Мені таңдандырған схоластика, әсіресе софистер болды. Күдікшілер (скептицизм) де жеткілікті екен. Содан бері (1967 жылдан) философиямен айналысуды өмірімнің мәнісіне айналдырдым.

1970 жылы филология факультетін үздік аяқтап, Семей педагогикалық институтының философия кафедрасына оқытушылық қызметке орналастым. Сол кезде Алматыда диалектикалық ойлау жүйесін қалыптастырған топ болды. Біздің философтарды орталық Москва тани бастады. Философия кеңес заманында элитарлық білімге айналды. Философияны коммунистік партия мейлінше қолдады. Мен кейде өзіме неге философияны коммунистер соншама бағалауда деп қоямын. Осы түйіннің бір шеті Аққу селосында әкемнің отбасында ашылғандай болды.

Әкем дінге берік, намаз, оразасын қаза қылмаған тақуа. Інісі де екінші дүниежүзілік соғыстан мүгедек болып қайтқан, бірақ ол кісіге Құраннан басқа құндылық жоқ, тым тақуа. Ол кісі қуыршақ дегенді балтамен шабатын, қабырғаға сурет ілінсе қирататын, орысша, қазақша кітаптарды отқа жағатын. Біз, ол кісіден әбден қаймығып қалғанбыз. Философия пәнінің оқытушысымын, жазғы каникулда үйге келсем, әкем әлгі айтқан «тақуа» інісімен шәй ішіп әңгіме-дүкен құруда. Сәлемдескеннен кейін, әңгіме маған ауды.

– Ағасы, – деді әкемнің інісі кекесін үнмен, мына балаңызды мақтайсыз, деп мені нұсқап, білесіз бе, бұның қандай қызмет атқарып жүргенін? Әкем мен туралы жағымды сөз бола ма деген ниетпен:

– Иә, айтшы қандай қызмет атқаруда.

Әкемнің інісі келтесінен кетті:

– Бұ, бұл ма, нағыз кәпір. Оның фәлсафасы (дәл осылай деді) Құдайға, Құранға қарсы, сіздің ұстаған оразаңыз, оқыған намазыңыз – харам деді, мені жеп қоярдай жалғыз сау көзімен оқтай атып.

Әкем де тура кетті:

– Кет ит, шық үйден менің оразам мен намазымның харам болатынын айтатын сен бе, бәрін бір Алла тағала біледі – деді булығып. Інісі шойнаңдап (ақсақ еді) шығып кетті. Әкем мейірімді жан еді, ашуы тез тарап, әңгіме өзге арнаға ауып, оқиға ұмыт болғандай болды. Кейінірек аңғардым «тосын оқиға» әкем үшін де, мен үшін де ұмыт болмапты. Көп кейін әкем:

– Балам, анау ағаңның сен туралы айтқаны рас па? – деді.

Мен мәселені ұзақ түсіндірген болдым, байқаймын әкем толық қанағаттанбағандай сыңайлы. Өзім ше? Өзім не ойда болдым. Философия Жаратушы, яғни, Құдай дегенді мойындамайтын зайырлы білім. Философия, әсіресе біздер айтып жүрген диалектикалық және тарихи материализмде Жаратушыға орын жоқ. Бәрі-бәрі өздігінен болған, мұнда әкемнің жиі айтатын «Алла әмірі» деген түсінік жоқ. Осы күдік санама ұялай берді. Бүгінде зерделесем, философияның қарабайыр, тұрпайы түрін «кәсіп» қылып ұзақ жүріп қалыппын. Карл Маркс, Фридрих Энгельс, Владимир Ленин теориялық негіз деп алған «Неміс классикалық философиясы» мұсылманға жат ойлау жүйесі екен. Бұл философиялық жүйенің шимай екенін енді түсініп, ілгеріде «Ебелек философия» деген көлемді мақала жазып, сонда өз дәлелдерімді келтірдім. Айтылған мақалаға қоса айтарым, Абсолютке қатысты сөз. Мұсылман теологиясында (Мұсылманда философия жоқ – Ғ.Е.) Алла тағала дегенде «Тағала» абсолют деген ұғымды білдіреді. Сонда, абсолют – Алла. Ол тумаған, туылмаған, мәңгі – абсолют. Оның көркем есімдері бар. Сол есімдері арқылы біз Абсолютты тануға ынталымыз және мүмкіндік ашамыз. Абсолют есімдері, оны танудағы мүмкіндік. Абсолюттің (Қасиетті Есімнің) бірінші – Алла, одан кейін көптеген көркем есімдері бар. Гегельдің жаңалығы сол, ол ислам теологиясынан Алла тағаланы алып, оны Абсолюттік идея деп ұсынған. Кеңестік заманда араб философиясы, ислам теологиясы дегендерді оқу болмады, бола қалғанда теріс дәрістелді. Философиялық шимайлар болды. Коммунистердің философияны дәріптеуі, бұл білім олардың қате құрған социалистік қоғамын «ғажап қоғам», әлемдегі «әділетті қоғам» деп дәлелдеулері үшін қажет болды. Оны Ленин бір сөзбен «диалектика Марксизмнің жаны» – деді. Рас. Диалектикасыз Маркстік-Лениндік бағыттағы философия болуы мүмкін емес-ті.

Автордың "Шимай философиясы" атты эссесінен үзінді.

0 пікір