Азанды мазақ қылып, қойларына азан шақыратын әсем дауысты жігіт және Пайғамбарымыздың әрекеті
Азанды мазақ қылып, қойларына азан шақыратын әсем дауысты жігіт және Пайғамбарымыздың әрекеті
7 ай бұрын 5747

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында Әбу Махзура (أبو محذورة) есімді бір жас жігіт өмір кешкен. Кейіннен мұсылман болып, Пайғамбарымыздың Біләлдан кейінгі азаншысы болады. Әбу Махзураның даусы туғаннан әдемі болған. Даусына ел таңданатын. Сол жігіттің Исламға келуі - өте қызық. Бүгін сол жайында әңгімелеп берсек деп отырмыз.

Әбу Махзураның мұсылман болмай тұрған кезі. Ұлы көштің (Хижреттің) 8 жылы Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларымен бірге «Хунейн» жорығынан Медине қаласына қайтып келе жатады. Бесіннің уақыты кіріп Әзіреті Біләл азан айтады. Сол кезде сонау жерде жолдастарымен бірге қой бағып жүрген Әбу Махзура деген жігіт Әзіреті Біләлдің артынан азан сөздерін қайталап, ол да азан сөздерін әуездеп айтады, бірақ Біләл мұсылмандарға намазға айтса, Әбу Махзура мазақтап қойларына айтады.

Сол сәтте Пайғамбарымыз (с.а.у.) әсем дауыспен азанды қайталап жатқан жастарды құлағы шалып қалады да, Әзіреті Әли мен Зубейрді (р.а.) «аналарды алып келіңдер» деп жібереді. Әзіреті Әли мен Зубейр барып, оны және қасындағы өзге де қойшы балаларды алып келеді.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) Әбу Махзура мен қасындағы жолдастарына:

- Кім мұсылмандардың азанын айтып жатқан? - деп сұрайды. Бәрі қорқып, ешкім үндемейді. Сонда Алла елшісі олардың әрбіріне азан айтуды бұйырады. Ақырында Әбу Махзураға кезек келіп, әлгі әсем дауыспен қойларына әуездеп азан шақырып жатқан сол екендігі анықталады. Сол жердегі бозбалалар «болды құрыдық, Мұхаммед пен оның сарбаздары басымызды алатын болды» деп қорқып тұрады. Алайда Пайғамбарымыз (с.а.у.) жас жігітке қарап:

- Әсем дауыспен азан айтып жатқан сен бе едің? - дейді. Әбу Махзура болса жымиып, қуанып кетеді. Өйткені, Алла елшісінің мақтауы жас жігіттің жүрегіне жылу ұялатқан еді. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) мейірімділігіне қарасаңызшы! Азанды келеке қылып, қойларына айтып тұрған пұтқа табынатын бір жігітке ұрсудың орнына «Даусың қандай әдемі еді?!» деді. Сөйтіп оған ұрсудың орнына, оның көңілін аулай білді. 

Жігіт жымиып:

- Иә. Мен едім, - деп жауап берді.

Сонда пайғамбарымыз (с.а.у.) бозбаланың басындағы сәлдесін шешіп, мүбәрәк қолымен оның маңдайын сипайды да былай деп батасын береді:

«Уа, Алла Тағала! Мына жігітке және оның ұрпақтарына әрі оның даусына береке бер! Оны Исламға баста!» - дейді.

Пайғамбарымыздың осы бір ілтипаты жас жігітті Ислам дінін қабылдауға алып келеді. Ол сол жерде тілін кәлимаға келтіріп, жолдастарының көзінше мұсылман болады. Алла елшісі болса, ол жігітті Мекке қаласының азаншысы қылып тағайындайды. Әбу Мазхура Меккеге барып, Меккенің әкімі Ъаттәб ибн Әсид деген кісіге Алла елшісінің (с.а.у.) бұйрығын жеткізеді. Содан бастап Мекке қаласының азаншысы қызметіне кіріседі. Ол кезде оның жасы небәрі 16-да еді. Бұдан артық абырой, бақыт бар ма?

Кейіннен бұл жағдайды Әбу Махзура: «Алла елшісі маңдайым мен көкірегімді сипағаннан кейін, жүрегімде Алла елшісіне деген кек жойылып, оның орнына Оған деген сүйіспеншілік орнады» дейді.

Сол күннен кейін Әбу Махзура, пайғамбардың мүбәрәк қолы тиген маңдай шашын өлелгенше алуға қимаған деседі.

Және де Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дұғасының арқасында Әбу Махзураның ұрпақтары да күміс көмей азаншы болып, үш ғасыр бойы (300 жыл) өздерінің аталарынан қалған әсем дауыстарымен қасиетті азан үнін халыққа паш етіп келді. Мұхаммед пайғамбарымыздың батасының арқасында, олардың әрбірінің Құдай берген алтын көмей дауыстары болған деседі.

Әбу Махзураның толық аты-жөні: Әус ибн Миъяр (радияллаһу анһ). Мекке қаласы мұсылмандардың билігіне өткен күні Пайғамбарымыз (с.а.у.) оны Меккеге азаншы қылып тағайындады. Әбу Махзура керемет әсем дауысқа ие болатын. Радияллаһу анһ.

Алла елшісінің төрт азаншысы бар еді. Оның екеуі Медине қаласында, олар - Әзіреті Біләл мен Умму Мәктум. Үшіншісі - Құба мешітінің азаншысы Саъд әл-Қараз ( سَعْدُ بْنُ عَائِذٍ الْقَرَظ ). Төртіншісі - Әбу Махзура.

Бұл оқиғаның өзге нұсқаларында Әбу Махзураның азанды қойларына айтқандығы келтірілмеген, бірақ жиырма шақты бозбала, жиналып отырып, Хунейн жорығынан қайтып келе жатқан Әзіреті Біләлдің азанын қайталап, мазақ қылғандығы, кейін Алла елшісі оларды шақыртып азан айтқызғаны, артынан маңдайын сипап, дұға жасап, бата бергендігі бар. Сондай-ақ, өзге нұсқаларында Алла елшісі Әбу Махзураға азан сөздерін дұрыстап үйретеді. Кейін Мекке қаласының азаншысы қылып тағайындайды.

Осы оқиғадан қазақтың "жылы, жылы сөйлесең, жылан інінен шығады", "бұлақ көрсең, көзін аш" дейтін аталы сөздері ойға оралады. Алла елшісінің мейірімділігі мен байқағыш қырағылығының арқасында талантты жігіт һидаят тауып, қасиетті Мекке қаласының алғашқы азаншысы мәртебесіне көтеріледі. Алла разы болсын!

Дайындаған Абдусамат Қасым


 

 

0 пікір