Исламға қарсы кітап жазамын деп мұсылман болған Голландиялық саясаткер
Исламға қарсы кітап жазамын деп мұсылман болған Голландиялық саясаткер
9 ай бұрын 1967

Голландияның бір кездері әсіре оңшыл Азаттық Партиясының (PVV) депутаты әрі екінші адамы Йорам ван Клаверен (Joram van Klaveren) исламға қарсы кітап жазамын деп, мұсылман болды. Голландияның баспасөз беттерінде жарық көрген хабарларда Голландияның бұрынғы саясаткері 39 жастағы Йорам ван Клавереннің ислам дініне қарсы кітап жазу барысында Исламды зерттеп жүріп, дінге деген көзқарасы түбегейлі өзгерген. Осылайша ол тілін кәлимаға келтіріп мұсылман болды. Исламға қарсы жаңсақ пікірлерін жоятын кітап жазып шығарды. 


Йорам ван Клаверен (Joram van Klaveren)

Голландиялық саясаткер Йорам ван Клаверен мұсылмандықты қабылдамас бұрын «Ислам деген жалған дін, ал Құран кәрім — у» деп мәлімдеме жасаған болатын, бірақ ислам дінінің ақиқат дін екеніне көп ұзамай көзі жеткен. 

«Кітап жазу барысында менің исламға қарсы көзқарасымның қате екенін дәлелдейтін көптеген деректерді көрдім. Осыдан бірер жыл бұрын ислам дінін иттің етінен жек көретінмін. Егер бір сәтте сіз өзіңіздің бірнеше жыл бойы қателесіп жүргеніңізді білсеңіз қандай күйде боласыз? Салыңыз суға кетпейді ме?! Мен де түсініксіз, жаман сезімде болдым. Бірақ исламға қарсы болсам да үнемі Құдайды іздейтінмін, іштегі мазасыздықты сезінетінмін. Ал исламды қабылдаған кезден бастап түсініксіз, мен үшін беймәлім сезімнен түбегейлі арылдым. Араға көп уақыт салып өз үйіне оралған адам секілдімін», - 

- дейді Йорам ван Клаверен1.

«Ислам дінімен күресу жолында қолымнан келгенін бәрін жасадым» деген Клаверен 2014 жылы партиядан айырылып, өзін Исламды жамандайтын кітап жазуға арнайды. 

Кітап жазу барысында христиан дініндегі сенім-негіздерін қайта ақыл елегінен өткізе бастаған ол Исламның дүниетанымының Христиан дінінің дүниетанымына қарағанда ақылға қонымдырақ екендігін ұғады. 

Ислам жайында зерттеу жүргізу барысында Тимоти Джон (Абдульхәким Мұрад) есімді мұсылмандықты қабылдаған бір профессормен ақылдасады. Профессор оған өз зерттеулерінде кілең батыстық жазушылардың жазған еңбектерін ғана оқымауды кеңес етеді.

Ол жайында Клаверен былай дейді: 

«Зерттеулерімнің барысында екі түрлі Исламмен таныстым. (Бірі - батыс жазушыларының танытқан Ислам, екіншісі - шынайы Ислам). Әрине, Ислам діні - біреу. Бірақ мен, батыс ориенталистердің және мұсылман емес жазушылардың еңбектерін оқыған едім, алайда кейіннен шынайы Исламды тани бастадым» - 

- дейді ол.


Фото: trthaber.com/

 «Мұхаммед пайғамбар жайындағы пікірлерім кілең негатив болатын»

Ислами әдебиеттерден Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) жайында оқи бастағаннан соң адамзаттың асылын басқа қырынан тани бастаған оның, Мұхаммед пайғамбарға деген көзқарасы мүлдем өзгерген: 

«Мұсылман жазушыларының кітаптарын оқи отырып, Мұхаммедті бірінші рет әке, дос, ұстаз және мемлекет қайраткері ретінде таныдым. Одан бұрын менің ол жайында білетінім тек оның «қолбасшылық» тұсы еді. Менің ойымда ол христиан дініне қарсы адам ретінде елестейтін. Тіпті әлемдегі ең қорқынышты адам ретінде танитынмын. Алайда оқи келе және жаза келе мүлдем басқа адамды көрдім. Мүмкін менің сөзім құлаққа ерсі келер, бірақ мен ол кісіге әрі оның тұлғалық ерекшеліктеріне қанық бола келе оған ғашық бола бастағандай болдым» - 

- деп ағынан жарылады Клаверен. 


Фото: desdomesetdesminarets fr

«Нақты мұсылман болуыма Құранның бір аяты себеп болды».

Клевен Исламды жақсы біліп, Мұхаммед пайғамбарымызды танығаннан соң да Исламды қабылдауға беттей алмаған. Мұсылман болғысы келмей, бүкіл кітаптарды жиыстырып сөреге қойған кезде кітаптар жерге түскен: 

«Кітаптарды жиыстырып сөреге қойдым. Кенеттен сөреден бірнеше кітаптар жерге құлады. Құлаған кітаптардың арасында Құран кітап та бар еді. Мен Құранды қолыма алған кезімде бас бармағым Құранның 22-ші сүресінің 46-ші аятының үстінде тұр екен. Ол аятты оқығанымда: «Көр болған көздер емес, жүректер» деген аятты оқыдым. Аят мұны маған айтып тұрған еді. Сосын ойландым. Иә, рас, мендегі проблема осы (дедім)». 

Дегенмен сонда да мұсылман дініне өтуге жүз пайыз сенімді болуы үшін Құдайдан бір белгі беруін сұраған: 

«Христиандардың құдайы болсын, мейлі мұсылмандардың құдайы болсын, мен іздеген жолдың осы жол екендігіне жүз пайыз сенімді болуым үшін маған бір белгі беруін сұрадым. Ертесіне азанда ұйқымнан оянғанымда мұсылман болатындығыма жүз пайыз сенімді екендігімді ұқтым. Көкейдегі барлық күмәндар жойылған болатын. Сосын әйеліме барып мұсылман болғанымды айттым».

Клаверен мұсылман болғандығын жария еткеннен соң, айналасындағылар қарсы болған:

«Айналамдағы адамдар есенгіреп қалды. Сенер-сенбестерін білмеді. Кейбіреулер мені ауру деді. Оларды да түсінуге болады. Сонша жыл Исламды қаралап келіп, енді бірден өзгеріп шыққандығым кімге болса да шок тудырары анық еді». 

Европада медия арқылы Исламды және мұсылмандарды жаман жағынан көрсететіндігін тілге алып өткен ол, соңғы жылдарда Исламафобияның артқанын білдірді. Ол нәрседе медияның үлкен рөлі барын айтып өтті2

2018 жылдың қазан айында исламға қарсы кітап жазып жүріп жарты жолда мұсылман болған Ван Клаверен өз кітабын діни ізденісінен бастап, Исламға өтуіне дейінгі аралықты қамтитын бір еңбек ретінде қайта жазуға ұйғарады. Оның бұл кітабы «Зайырлылық пен террор дәуіріндегі христиан дінінен бас тартып, исламға өту» деген атпен голланд және ағылшын тілдерінде жарық көрді. Алдағы уақыттарда араб тілі мен түрік тіліне де аударуды көздеп жүргенін айтқан3

Дайындаған islam.kz


1  bilim-all kz/
2  https://www.aa com tr/tr/
3  gzt com, trthaber com

 

0 пікір