Моңғол-татарларға қарсы соғысуға Мысыр патшасы елден ақша жинауға бұйырады, сонда дін ғалымының оған айтқаны
Моңғол-татарларға қарсы соғысуға Мысыр патшасы елден ақша жинауға бұйырады, сонда дін ғалымының оған айтқаны
3 ай бұрын 2566
Дайындаған А. Қасым

Орта ғасырда өмір кешкен атақты Мысырлық тарихшы Жәмәлуддин ибн Тәңріберді Әтәбеки (1410-1470 ж) өзінің «Нүжумуз зәһира» атты тарих кітабында, сол заманда өмір кешкен дін ғұламасы, Ислам тарихының жарық жұлдызы хадисші әрі фақиһ, әулие әл-Ъизз ибн Абдуссәләм мен Мысыр патшасы Құтуз арасында болған әңгімені баяндап өтеді. Ибн Тәңріберді (Тәңіріберді ұлы) былай әңгімелейді:

«Татарлар Шам өлкесіне қарай (Сирия) жүреді. Евфрат өзенін тоқтатып, Халеп қаласына тұтқиылдан бірнеше шабуылдар жасайды. Сонда Шам өңірінің билеушісі Салахуддин Юсуф, Мысыр патшасы Құтузға шапқыншы жіберіп, татарларға қарсы жәрдем сұрады. Сонда Құтуз ел ағалары мен фақиһтарды, ғалымдар мен қазыларды кеңеске шақырады. Талқыға салынатын мәселе – татар шапқыншылығына қарсы қасиетті соғысқа халықтан дүние жинау болды. Кеңеске Мысырдың бас қазысы т.б. өкімет адамдары отырса да, бәрі дін ғұламасы әл-Ъизз ибн Абдуссәләмның (Иззуддин) сөзіне тоқтады...»1.

Бұл әңгімені Ибн Сүбки және Дәуиди әрі қарай былай деп өрбітеді:

«Елді шапқан татарларға қарсы соғысу үшін Құтуз Мысырдан әрекет етуге шешім шығарды. Әскерлерді жинайды. Алайда, қолы қысқа болып, әскерлерге беретін жалақысы жетпеді. Сонда ол ғалым Иззуддинді (әл-Ъизз ибн Абдуссәләм) шақырып, қолдың қысқалығын айтып, одан ақыл сұрады.

Иззуддин (р.а.) оған:

- Сендер шыға беріңдер. Мен, Алланың арқасында, жеңіс сендердікі болатынына кепілдік беремін! – деді.

- Қазынамда ақша аз. Соның үшін саудагерлердің  дүниелерінен қарыз алғым келеді, - дейді Құтуз патша ғалымның ойын білгісі келіп.

Сонда ғалым Иззуддин былай деп ақыл айтыпты:

- Сіз өзіңіздегі әрі хареміңіздегі (гарем) алтын-күміс бұйымдарды әкеліп ортаға тастаңыз және әміршілеріңіз де алтын күміс әшекей бұйымдарын түгел алып келіп ортаға тастасын, сосын оларды балқытып, ақша соқтырыңыз, кейін оларды әскерлерге таратыңыз. Егер соның өзі жетпесе ғана саудагерлерден қарыз сұрайсыз. Оған дейін сұрамаңыз, - деді.

Сұлтан Құтуз және әскер басшылары мен әміршілері қолдарындағы бар алтын-күміс әшекей бұйымдарды әкеліп, шейхтың (Иззуддиннің) көзінше жинады. Өйткені, шейх өте қадірлі еді. Әміршілер бетіне қарап сөйлеуден іркілетін. Сондықтан да, ешкім қарсы келе алмай, дегенін істеді. Содан не керек, «Айнуль Жәлут» деген жердегі әйгілі жеңіс Құтуздікі болды»2

"Айнуль Жәлут" жазығында болған шайқаста моңғол әскерін Кетбұға есімді руы найман қолбасшы басқарды. Ал мұсылман әскерлерін қыпшақ руынан шыққан Рукнуддин Бейбарыс басқарды. Екі жақ Палестина аймағында орналасқан «Айну Жәлут» (عين جالوت) жазығында кездесіп, соңы моңғол әскерінің жеңілісімен аяқталады. Бұрын-соңды жеңіліп көрмеген Шыңғысхан әскері алғаш рет осы шайқаста жеңіледі. Бұл соғыс «Айну Жәлут шайқасы» деген атпен тарихта маңызды оқиға ретінде қалады. Қосымша "Хулагу-ханның сұлтан Құтұзға жазған хаты" атты жазбамызды оқысаңыздар болады. 

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1Ибн Тәғриберди (Тәңріберді): «Нужумуз зәһиро».
2Ибн Субки: «Табақатуш Шәфиъия»; Дәуиди: «Табақатул Муфәссирин».

0 пікір