Оспан батыр ұлт азаттығы ғана емес, дін бостандығы үшін де күресті
Оспан батыр ұлт азаттығы ғана емес, дін бостандығы үшін де күресті
8 жыл бұрын 15223

ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Шығыс Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрескен ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Алтайды аяғынан тік тұрғызған Оспан батыр туралы талай мақалалар жазылды, көптеген кітаптар жарияланды. Батырдың үш алып мемлекет – Қытай, Кеңес Одағы, Моңғолияның ортасында ешбіріне бағынбай 10 жылға жуық жүргізген соғысы Америка, Англия секілді алпауыт империялардың да назарын аударған еді. Сөйткен Оспан батырдың азаттық күресі туралы әңгіме бола қалғанда оның дінді берік ұстанғаны, коммунистік жүйеге дінге қысым жасалатыны үшін түбегейлі қарсы болғаны аракідік айтылып қалады. Ал атылар алдында екі рәкат намаз оқуға рұқсат сұрапты деседі сабазың. Батыр өмірінің дінмен байланысты тұстарын зерттеп көріп едік, біршама қызықты мәліметтерге тап болдық.

 

Оспан батыр тақуалығының төркіні отбасында жатыр

Адамға имандылық негізі отбасындағы тәрбиеден сіңетініне ұлт зиялыларын, заңғар тұлғаларымызды жазған сайын көзіміз жете түсуде. 1899 жылы Алтай аймағының Көктоғай өңірінде шыр етіп дүние есігін аша салған сәттен Оспан батырға азан шақырылып қойылған есім атақты сахабанікі екен. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) төрт халифасының бірі Осман ибн Аффандай болсын деді ме екен, әйтеуір бала “Оспан” аталыпты. Тіл заңдылықтарына сәйкес қазақ белгілі сахабаның есімін “Осман” емес, “Оспан” деп кеткені тарихтан белгілі. Батырдың мұндай есімді иеленуіне әкесінің діндарлығы да себеп болса керек. Оспан батыр өмірін зерттеп, кітап жазған жазушы Жәди Шәкенұлы: «Оспанның арғы атасы Төлес ел арасындағы дау-жанжалға араласып, билік айтып, шешім шығаратын мықты, беделді кісі болған. Әкесі Ислам ауыл балаларын оқытқан діни сауатты болған адам», - деп жазады. Айтса айтқандай, батырдың әкесі ауыл молдасы әрі өзінің шағын шаруасы бар, егіншілікті кәсіп еткен адам болыпты. Осындай отбасында тәрбиеленген Оспанның да діннен шет қалуы, әрине, мүмкін емес еді. Батыр туралы жазбалардың бәрінде: “Діншіл, соғыс арасында да намазын қаза қылмай жүретін шұғыл жағдайда дереу шешім жасап, жол тапқыш, өзіндік көріпкелі бар, заман ауқымын да түйгіш, ерекше ұлтжанды ер болған”, - деп жазылған.

 

Оспанға қажы Зуқа батырдың берген батасы

Оспантанушылардың барлығы оның алғаш көзге түскен кезін сол өңірге аты мәлім Зуқа батырмен кездесуі арқылы сипаттайды. Зуқа батырдың жігіттері Оспанның әкесінің жылқысын барымталап әкетіп, жас жігіт ұрылардың соңына жалғыз түседі. “Мал ашуы – жан ашуы” демекші, қуып жеткен Оспан бес жігітті бірдей құлатып, байлап әкелген деседі. Ауылға келгеннен кейін әкесі оның Зуқа батырдың жігіттері екенін біліп, босаттырып жібереді. Кейін бес жігітті бірдей ұрып жыққанын естіген Зуқа батыр Оспанды шақыртып алып: “Балам, бес кісіні бірдей қолға түсіргенің рас па?” – деп сұрайды. Оспан: “Рас”, - дейді. “Рас болса, далада бір мас жатыр, соны әкеліп анау төсекке жатқыз”, - дейді батыр. Оспан батыр далаға шықса, іргеде алпамсадай біреу шөккен түйедей болып жатыр екен. Көтеріп алмақ болғанда оянып кеткен ол Оспанмен алыса кетеді. Күшін бойына жиып алыптың қол-аяғын сығымдап, үйге көтеріп әкелген Оспан оны босағаның оң жағына күрс еткізіп тастай салыпты. Сөйтсе, ол Оспанды сынамаққа әдейі алдырған Омырауқара деген палуан екен деседі. Оспанның алып күшіне риза болған Зуқа қажы ат мінгізіп, шапан жауып, қайтарында:

- Исламның басын оңға қаратады екенсің. Бір тентексіз ел де текті болмас. Келе-келе керейдің кержақ биі атанады екенсің. Атағыңды естіп, алты алаш елеңдейді. Одан соңғысы ма, соңғысы... Әттең, кеш арты бұлыңғыр, көзім жетпейді... Байқа, балам, байқа! Аса қайрат бас жарар. Ері жоқ ел жетім, Алла алдыңнан оңғарсын! – деп бата беріпті.

Қазақ батаға ерекше мән береді. Жас баласын арнайы алыс сапарға жұмсап, сол елдің қариясынан бата алып қайтуды міндеттейді. Ел тілеуін телеген баладан жақсы азамат шығады деп есептейді. Бата – жасы үлкен, аузы дуалы кісінің саған жасаған дұғасы іспеттес. Міне, Оспан батыр осылай қажылыққа барып, Алла алдындағы парызын өтеп қайтқан, намазын қаза етпейтін Зуқа батырдың батасын алып қайтыпты.

 

Оспан батырдың дін жолындағы күресі

Оспан батыр көтерілісінің басталуының көптеген себептері бар еді. 1940 жылы Алтайдың Көктоғай ауданында Есімхан бастаған қарулы көтеріліс болып, аудан әкімінің басы кесіледі. Дәл осы уақыттары Қытай үкіметі Алтай қазақтарының рухани көсемі, діни ғұламасы Ақыт Үлімжіұлын ұстап әкетеді. Өтірік келісімге келген болып, Есімхан бастаған көретілістің басшыларын Үрімжіге алдап шақырып, түрмеде өлтіртеді. Міне, осының барлығы халықтың ашу-ызасын тудырады. Оспан қасына үлкен ұлы Шердиман мен Сүлеймен батырды ертіп, үкіметке бағынбай, тауға кетіп, өзіне әскер жинай бастайды. Жан-жақтан қысастық көрген халық оның қол астына жинала береді. Азғантай топтан басталған батыр әскері кейін он мың адамға жетіп, үлкен күшке айналады. Қытай үкіметіне аяусыз соққы береді. Алғашында өз мүддесі үшін Оспан батырға Кеңес үкіметі де көмек беріп, қарумен қамтамасыз етеді. Оспан батыр шейіт болғаннан кейін Түркия асқан, соғыстың қайнаған ортасында жүрген Нұрғожай батыр ол кезеңдер туралы былай деп еске алады: “Барлық істі жүргізетін тоғыз полковник құрастырылды. Оларға біртұтас батыр атағы беріліп, қолдарына құжат та ұстатылды. Олар: Оспан батыр, Сүлеймен батыр, Сұлубай батыр, Келес батыр, Кәмел батыр, Нұрғожай батыр, Қапас батыр, Зарыққан батыр, Қуанышбай батыр болып олардың еңбегі тиянақталып, атақ беріліп, ең жоғарғы үкімет билігін жүргізетін Кеңес комиссариятының мүшесі делінді. Біздің мемлекеттік туымыз Жәнібек туы деп жазылды. Тұңғыш осы тудың астына Оспан мен Сүлейменді қойып, басқа жеті полковник “өзіміздің ақырғы демімізге дейін ұлт үшін күресеміз” деп серт бердік. Халық алдында “Түркістан отанымыздың тәуелсіздігі үшін өз өмірімізді арнаймыз”, - деп уәде бердік. “Басымызға қандай ауыр күндер туса да, жауға тізе бүкпейміз. Құдай аты, Құран сөзі”, - деп ақсарбас қойды сойып, қанына қол матырып, таудың алдынан мылтықты сертте ұстап өттік”. Ұлт үшін басын бәйгеге тіккен боздақтардың жай-күйі осындай еді.

Оспан батыр ұлт бостандығы үшін ғана емес, дін бостандығы үшін де күресті. Алғашында, қысылғанда көмегін қабылдағанмен кейін Оспан батыр Кеңес үкіметінен өз ұлтына пайда болмайтынын жақсы түсінді. Нұрғожай батыр:  “Оспан батыр батырлығына басты. Ол түбі қазаққа жат коммунистік идеяға құл болғанша, дін еркіндігі мен демократия жағындағы күштерге жақтасуды ойлады. Үрімжіге өкіл жіберіп, Гоминдаң үкіметімен және АҚШ консулымен байланыс жасады. Мұны кейінгі Үш Аймақшылар мен коммунистік үгіт-насихат “сатқындық” деп айыптады. Шын мәнінде осы кездегі Оспан батыр күресі негізінен коммунизмге қарсы майданға шыққан еді. Оспан үшін ең керегі ұлт бостандығы мен дін еркіндігі еді. Ал бұл құндылықтар коммунистік режимде іске асуы мүмкін бе?!” - деп жазады, 1984 жылы қалдырған қолжазбасында.

 

Оспан батыр әскері намазына берік, дініне бекем еді

Тілерсектен саз, тебінгіден қан кешіп жүрсе де Оспан батыр әскері өз қолбасшыларындай діндеріне бекем еді. Оспанның өзі айналасындағы адамдарға: “Кәпір болмасаңдар, ер соңымнан!” - деп, немесе: “Дініме, халқыма кім қарсы келсе, менің жауым сол!” – деп ұран тастаса, Оспанның әскері:

Азаттықтың туын алып, еркіндікті жасаймыз,

Бізді езген дұшпанның қанын судай шашамыз.

Ата-баба ақ туы жауынгерлер қолында,

Өлсек – шейіт, қалсақ – қазы, Исламның жолында, - деп әндететін.  

Оспан батыр көтерілісінің басы-қасында болып, бірге соғысқаннан кейін маңызды құжат ретінде Нұрғожай батырдың естелігіне жиі сүйенеміз. Ол: “1943 жылы қарашада құрбан айт болған еді. Жарынтыда құрбан айт намазын оқып, құрбан шалдық”, - деп жазса, енді бірде: “Жәнібек туын Зарыққан маған әкеліп берді. Ол туды әкеліп, Қараңғы Тоғайға тігіп қойдым. Мал сойып, мәуліт оқып, Жәнібек туы астында бүкіл әскерлер серт беріп, кәлима шаһадат оқыды. Қалманды әкеліп, Мәуліт оқыттырып, шариғат сөйлеттірдік. Қалман биік стол үстіне шығып уағыз сөйледі. Ол сөзінде:

- Ислам жолындағы күрестерде қан төгу, ел талау емес. Бірақ басқалар жағынан ұрлық істеліп, жер-суыңды тартып алса, адамға жамандық істеліп, халқыңды езетін болса, оған қарсы тұру керек. Мұндай жолда жауды өлтірсең, ғази боласың. Өлсең шәйіт боласың. Қиямет махшарда сұрақсыз иман иесі сол адам болады. Барлықтарыңыз Оспанды басшы деп таныған соң, оның комиссары Оспанға адал болуы керек. Ал мына тұрған әскери міндет өтеген азаматтар әрқайсыларыңыз өз комиссарларыңыздың бұйрығына шартсыз  бойұсынуларың керек. Шәйіт шарттарының ең басты ережесі – бұйрыққа шартсыз бойұсыну. Ең жоғарғы соғыс қолбасшысы болған Кәмелдің әміріне шартсыз бойұсыну – Алланың әмірі дегендік. Құдай жолы осы дегендік, - деді. Барлық армия қол жайып, бата оқыды. Сол күні кешкісін, атап айтқанда 1944 жылы қыркүйектің басы еді”, - дейді. Осы жолдардан-ақ, қан ішінде жүргеніне қарамастан, әскердің Мәуліт оқып, құрбандық шалып, Құдайға құлшылығын бір сәтке де ұмытпағанын байқаймыз. Ал шегінбеске, күрестен қайтпасқа ант еткеннен кейінгі кітаптағы мына бір жолдар тіпті сұрапыл: “Молда алғызып бүкіл әскерге жаназасын оқыттырдық. Жаназа оқыған күніміз 1940 жылы наурыз айының 19-ы болатын. Дәл сол күні жылаған қатын-баланың дауысы әлі күнге есімнен кетпейді. Бүкіл Алтай иман айтқандай дүр сілкінді. Біз тәуекелдің атына міндік”. Ғалым Тұрсын Жұртбай айтпақшы, “Өлімнің арасынан өмір, өмірдің арасынан өлім іздеген” не деген жанкешті ғұмыр бұл! Олар ұлт бостандығы, дін еркіндігі жолында соғысқа аттанып тұрып, тірі қайтпастарын білді. Тіпті дүние жарығынан үміт етпестен, жаназаларын шығартып қайтпас сапарға қарсы аттанды. Олардың көпшілігі ұлы мақсаттың жолында өліп те кетті. Алла оларды рақымына бөлесін!

 

Оспан әскерінің Әлихан Бөкейханның басын жоқтауы

Шетелдік тарихшы Годфрей Лайас “Оспан батыр егер мұнан мыңдаған жылдар бұрын дүниеге келгенде, аталары Мөде, Шыңғыс, Темірлан деңгейлес ұлы қолбасшы болар еді”, - деп, батырға баға берген еді. Бұл ғана емес, қызығы сол соғыс жылдары-ақ шетелдің журналистері келіп, батырмен кездесіп, әңгімелескен. Ол туралы тарихшы Әбдіуақап Қара былай деп әңгімелейді: «Шикаго Дейли Нювстің» тілшісі Доак Барнетт Оспан батырды тауып алып кездескен. Ол 1947-1949 жылдар арасында Қытайда көріп-білгендерін «Коммунистік төңкерістің қарсаңындағы Қытай» атты кітабында әңгімелейді. Барнетт Тянь-Шань тауындағы бекіністе Оспан батырмен кездескенін айта келіп, оның аса тартымды көрнекті тұлға екенін, адам айтса сенгісіз үлкен ерліктер істегенін көрсетеді». Сол Барнетт Оспан батырдың сырт келбетін:«Зор денелі үлкен адам, үлкен саусақтары және өте күшті эгосы бар. 49 жаста бірақ аса зор энергиясы бар. Салқын шегір көзі, қалың ерні, сондай-ақ қара сақалы дастандардағы батырлар сияқты көрінді. Және ол маған ғасырлар бұрын Еуразия құрылығында үрей туғызған ғұн жауынгерлерін еске салды», - деп суреттесе, «Іле көтерілісі: Шынжаңдағы қытай әкімшілігіне қарсы мұсылмандық қарсылық 1944-1949» деген кітап жазған Линда Бенсын атты автор: «Оспан батыр – қазақтың алтын аңызы», - деп бағалайды.

Сөйткен Оспан батырды кейінгі отандық тарихшылар арасынан «Білімсіз, не үшін соғысып жүргенін өзі түсінбеген ақылсыз адам» деп айыптаушылар да табылды. Шетелдің жазушылары жоғары бағалаған батырдың, жан-жақтан, тіпті Кеңес Одағындағы жағдайдан да хабардар болғаны айқын еді. Өйткені, 1940 жылы күзде өткен Шың Шысай әскерімен соғыста Ышқынты шайқасында қазақ әскері орыстың генералы Разборовты өлтіреді. Сонда орыстар генералдарының сүйегін сұрағанда ел басшысы Ырысхан: “Сендер 1937 жылы Мәскеуге апарып өлтірген Әлихан Бөкейханның, Ахмет Байтұрсынның басын әкеліп беріңдер. Сонда біз де генералдарыңның сүйегін қайтарамыз”, - деп жауап берген екен. Алтай қазақтарының соғыс өтінде жүріп, арттағы қазақтың қамын ойлағандығын айтсаңызшы! Осы деректің өзі Ырысханның Алаш арыстарын тану мүмкіндігін айғақтайды. Өйткені 1918 жылы Алаш идеясын Шыңжаң қазақтарына таныстыру мақсатымен Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Салық Аманжолов, Райымжан Мәрсековтердің Шәуешек және Үрімжі қалаларына барып қайтқаны туралы дерек сақталған екен. Сол кездегі Алтайдағы қазақ басшылары Алаш зиялыларымен жолыққан болуы әбден мүмкін. Әлихан мен Ахметтің басын жоқтаған есіл ерлердің өз бастары да, солай ұлтының жолында құрбан болып кете барды.

      

“Оспанды қазір атады...”

Он жылдан астам уақыт аттан түспей соғысқан Оспан батыр әскері 1951 жылдары әбден қалжырап, шаршаған еді. Жан-жақтан анталаған жау ақыры батырды қолға түсірді. Қытайлар тұтқындалған Оспанның қол-аяғын кісендеп, ауылдың жанынан алып өтіпті деседі. Оны көрген қызы Пәнсия дауыс салып жылай бастағанда Оспан батыр: “Өшір үніңді! Дұшпанның алдында көз жасыңды көрсетпе! Мені қытай мықтылығынан ұстаған жоқ, Құдайдың бұйрығымен ұстады. Алла бұйырды, мені байлап алды. Қайт, кейін!” – деп, басын имеген күйі кете барыпты.

Оспанға үкім шығарған соттың орынбасары өзіміздің қазақ, кейін елге келіп, 90-нан асып қайтыс болған белгілі этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы болыпты. Батырмен соңғы кездесіп, әңгімелескен де сол. Оның қолында Оспанды құтқарар билік қайдан болсын?! Ол қытайдың қазақты қазақтың қолымен өлтіру сынды арамза саясаты ғана емес пе?! Кейін ғалым Тұрсын Жұртбай Жағда Бабалықұлымен әңгімелескенде, ол соңғы кездесуін былай әңгімелеп беріпті: “Түрменің жайы маған мәлім болғандықтан да іштей қамданып барғанмын. Әңгімелесе отырып үсті-басын шолып шықтым. Көзіме түскені – тырнағы өсіп кеткен екен. Соны алып бердім. Іш киімі кірлеп кетіпті. Дамбалын ауыстырттым. Екеуміз үнсіз бақұлдасып, мен ауыр-ауыр ой мен әсер арқалап, шығып кеттім. Оны көшеге шығарып атқан кезде мен қаладан кетіп қалып едім. Үрімжіде, көшеде, қалың жұрттың көзінше атты. Онда ол өзін өр ұстады деп естідім. Бірақ жауының езгісінде қорланып өлді. Менің сол кездегі де, қазіргі де өзекті тырнаған өкінішім – Оспанның осы өлімі”. Рас, Оспанды “Қойнында қанжары, қолында мылтығы бар еді. Қолға түсіп қор болғанша, өз-өзін өлтірмеді ме екен?” деп айыптайтындар кездеседі. Батыр үшін майданда, жастығын ала өлу абырой десек те, өзін-өзі өлтірмеген себебін Оспанның мұсылмандыққа беріктігінен бе деп те ойлаймыз. Ислам діні қандай жағдай болмасын, өзіне қол жұмсауды құптамайды ғой.

Тағы бір дерек атыларының алдында Оспанға: “Өлім алдында тұрсың, бағынып кешірім сұрасаң, қылмысыңды мойындасаң тірі қалуыңнан үміт бар. Алтай аймағының уәлилігін немесе өлкелік үкіметтен лауазымды қызмет берейік”, - дегенде батыр: “Елім-жерім деп күрестім. Енді жауымның алдында берілмей, еңсемді түсірмей, қарсы қарап өлсем болғаны”, - деп жауап берген деседі. Ақын Жәркен Бөдештің “Оспанды қазір атады” өлеңі батырдың соңғы сәтін көз алдымызға келтіретіндей:

Бөрідей шулы атағы,

Оспанды қазір атады.

Көріңдер, әне, келеді ол,

Ешкіммен жоқтай шатағы.

Түнерген түнек түс-өңі,

Шойындай қара кісі еді.

Қолында – көзір, аяқта –

Білеудей темір кісені.

“Рұқсат болса, ағайын,

Дәретімді алайын.

Дұғамды оқып соңғы рет,

Құбыла жаққа қарайын...”

Оқ тиді. Оспан құлады,

Шулады елдің құлағы.

Анадай жерге кетті ұшып,

Алтайы түлкі тымағы.

Жолбарыс сынды ақырғы,

Басы бар батыр атылды.

Басы жоқ тобыр селк етіп,

Қарасын құмға батырды.

 

Батырдың өсиеті

Батырдың ұлы Шардиман 1952 жылы күзде қызыл үкіметке бағынғанда, бір шарты ретінде әкесі Оспанның сүйегін сұратып алып, Алтайдың Көктоғайындағы өз мекеніне жерлейді. Солай батыр өзі қызғыштай қорғаған топырақта жатыр. Нұрғожай батыр секілді шетке кетіп шерменде болғандар, Алтай асып, сыртқа ауғандар: “Өз даласында, өз топырағын қорғап өлген Оспанда не арман бар екен?”- деп өздерінің атамекенге деген сағыныштарын айтып, жамбастары қара жерге тигенше күнде күңіренумен күн өткізген деседі...

Ал Қытай күні-бүгінге дейін Оспан батыр қабіріне адам жіберуге қорқады. Тіпті басына Құран оқытудың өзін қиындықпен жүзеге асыртатын көрінеді. Сонау жылдары батыр туралы деректі фильм түсірмек болғандарды маңайлатпапты да. Солай батырдың қу моласы да Қытайға сес көрсетіп жатқан көрінеді...  

Ал тәуелсіздікті тәж еткен, Оспан армандаған бостандықты ту еткен еркін қазақ ақын Ғалым Қалибек жазған “Оспан өсиеттерін” әнге қосып айтып жүр:

Дүние-ай, бізден-дағы қалар болды,

Жаратқан сүйген құлын алар болды.

Жұртыма жан айқайым жетер ме екен,

Жан алғыш жағама қол салар болды.

Жалған-ай, арман болған ақ таңым-ай,

Күнімнің қас-қағымда батқанын-ай.

Жерімді жат қолына берме, Құдай,

Елімді аман-есен сақта, Құдай!

Ұлың – құл, қызың күң боп өтпесе екен,

Басынан бақыт құсы кетпесе екен.

Қор болып бордай тозған сорлы қазақ,

Көл қылып көздің жасын төкпесе екен.

Тәңірден бармақтай-ақ бақ сұрадым,

Қу соғыс жалмап кетті жақсыларын.

Жерімді елім саған аманаттап,

Елімді ерім саған тапсырамын.

Бабамның ата жұртта басы қалды,

Анамның бұлақ болып жасы қалды.

Қош енді қайран елім, қайран жерім,

Оспанның өсиеті осы болды.

0 пікір