Тілге сақ болып, арға дақ түсірмеу
Тілге сақ болып, арға дақ түсірмеу
8 жыл бұрын 4353
Асқар Болатбекұлы

 مَنْ يَضْمَنْ لِي مَا بَيْنَ لَحْيَيْهِ وَمَا بيْنَ رِجْلَيْهِ أَضْمَنْ لَهُ الْجَنَّةَ

«Кімде-кім маған екі жағы мен екі бұтының арасына қатысты кепілдік берсе, мен де оның жұмаққа кіруіне кепіл боламын».

(Сәһл ибн Сағд (р.а.) жеткізген. Бұхари, Риқақ 23; Тирмизи, Зүһд 61. Ахмед ибн Ханбал, Мүснәд 4/398)

 

Хадиске түсіндірме
Аталған хадисте кімде-кім екі жағы мен екі бұтының арасындағы мүшелерін, яғни, тілі мен абиырын күнәдан тыятынына кепілдік берсе, пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) да оның жұмаққа кіруіне кепіл болатыны тілге тиек етілуде.

Алла Тағала адамзатқа жүрегіндегі ниетін білдіріп, көкейіндегі ойын жеткізсін, өзара түсініссін деп тіл берген. Міне, осыдан-ақ тілдің қаншалықты баға жетпес зор нығмет екенін көруге болады. Адам баласы тілімен Раббысына мадақ айтады, шүкіршілік етеді, мінәжат қылады, сондай-ақ онымен жаратылыс кітабын һәм оның әзәли тәржімасы болған Хақ сөзі Құранды оқиды әрі оны өзгелерге түсіндіреді, сөйтіп, ел-жұртты ізгілікке үндеп, жамандық атаулыдан жирендіреді. Тіпті, кейде тілімен ғапылдықтың шырмауына түсіп, дін-иманның аулынан жырақта жүрген жандардың көкірек көзін ашып, олардың да тура жолға түсуіне себепкер болады. Міне, осылайша адам баласы бір ғана тілімен көптеген игілікке ұйытқы болып, Раббысының разылығына бөлене алады. Алайда, дәл осы баға жетпес нығмет орынсыз қолданылған жағдайда иесін құрдымға кетіруі мүмкін. Өйткені, адам баласы тілімен Жаратқанға күпірлік айтуы мүмкін, күпірлік айтпаған күннің өзінде де онымен біреуді жамандап ғайбат айтып, біреуді ренжітіп немесе балағаттап, енді біреуге жазықсыз жала жауып яки өтірік айтып ауыр күнәға батуы да бек мүмкін. Сондықтан да, ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенсе, тек қана жақсы сөз айтсын немесе үндемесін», – десе[1], тағы бір хадисінде: «Алланың құлы еш ойланбай сөйлейді, нәтижеде түпсіз тозақтың шығыс пен батыс арасындағы қашықтықтан да ұзақ түкпіріне дейін домалап кете барады», – деп ескерткен[2].

Бірде Уқба ибн Амир (р.а.) деген сахаба: «Уа, Алланың елшісі, ақырзаман таяп, ел ішінде бүлік пен бассыздық белең алған шақта соның бәрінен аман қалудың жолы қандай?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған: «Тіліңе ие бол! Үйің саған таршылық етпесін![3] Істеген күнәларыңды көз жасыңмен жуып-шай», – деп жауап берген екен[4]. Сондай-ақ пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтуынша, адам баласы таңертең ұйқыдан тұрғанда, бүкіл дене мүшелері тілдің алдында бас иіп: «Садағаң кетейік, біз үшін Алладан қорық. Шынтуайтында, бәріміз саған тәуелдіміз. Егер сен тура жолда болсаң, біз де тура жолда боламыз. Ал егер тура жолдан тайсаң, біз де таямыз», – деп жалбарынады[5].

Бірде Муғаз (р.а.): «Уа, Алланың елшісі! Мені тозақтан алыстатып, жұмаққа кіргізетін істен хабардар етесіз бе?» – деп өтінгенде, ол: «Расында, сен орасан зор іс жайлы сұрадың. Алайда Алла Тағала оны кім үшін жеңілдетсе, соған оңай болады. Ендеше, мынаны көкейіңе түйіп ал! Аллаға ешкімді және еш нәрсені серік етіп қоспай құлшылық ет. Бес уақыт намазды кемеліне жеткізіп толық оқы. Зекет бер, Рамазан айының оразасын ұста. Жағдайың келсе, Алланың үйіне барып қажылық парызыңды өте. Сондай-ақ, саған жақсылықтың қақпалары жайлы да айтайын ба?! Ораза – (тозақ отынан қорғайтын) қалқан. Судың отты сөндіргені секілді садақа да дәл солай күнәларды жояды. Сондай-ақ, кісінің түннің бір уағында тұрып, оқыған намазының (қаншалықты сауапты екенін білсең ғой)», – деді де, артынша: «Олар (тәһәжжут намазын оқу үшін түн ұйқысын қиып) төсектерінен тұрып, Раббыларына азабынан қорқып, мейірімінен үміт еткен күйде жалбарынады. Сондай-ақ, өздеріне берген нығметтеріміздің бір бөлігін ізгілік жолында жұмсайды. Істеген игі істерінің қарымы ретінде оларды ерекше қуанышқа бөлейтін қандай сый-сияпаттың сақтаулы екенін ешбір жан білмейді»[6] деген аятты оқыды. Содан кейін сөзін жалғап: «Саған діннің басы, оның тірегі және шыңы жайлы да айтайын ба?!» – деді. Хазірет Мұғаз: «Әрине, уа, Алланың елшісі!» – деп, мұқият құлақ асты. Сонда Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Діннің басы – Ислам, тірегі – намаз және шыңы – Алла жолындағы күрес», – деді де, артынша: «Ал енді осы айтылғандардың барлығының негізін қалайтын нәрсенің не екенін де айтайын ба?» – деді. Хазірет Мұғаз тағы да: «Әрине, уа, Алланың елшісі!» – деді. Сонда ол тілін көрсетіп: «Міне, мынаған ие бол!» – деп ескертті. Сонда хазірет Мұғаз: «Уа, Алланың елшісі! Сонда қалай, біз аузымыздан шыққан әр сөзіміз үшін де жауапқа тартыламыз ба?» – деді. Сонда Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Әй, Муғаз! Адамдарды тозаққа етпетінен құлататын нәрсе тілінен тапқан күнәлары емес пе?!» – деп ескертті[7].

Ал енді екінші мәселеге келсек, ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үмбетін абиырды күнәдан тыйуға шақырғанда ең алдымен назар аударатын нәрсе адамның ұятты жерін өз атымен атамай «екі бұттың арасындағы» деп тұспалдап айтуы. Әсілі, бұл оның әдептілігі мен теңдессіз тәлімінің айқын көрінісі екені даусыз.

Иә, «екі бұттың арасы» адамзат үшін, әсіресе, жастар қауымы үшін ең ауыр сынақтардың бірі. Өйткені, ол адам нәпсісі және оның бойындағы құмарлық сезімімен тікелей байланысты. Әсілі, адам баласы оны жаратылыс хикметіне сай, шариғат шеңберінде орынды қолдану арқылы нәсілін жалғастырады, табиғи қажеттілігін өтейді, тіпті, сауапқа да кенеледі. Себебі, пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірде сахабаларына садақаның мән-мағынасын, оның аясының қаншалықты кең екенін түсіндіре келе: «Тіпті, әрбіреуіңнің адал жарымен төсек қатынасына баруының өзі садақа», – дегенде, сахабалар таңырқап себебін сұрады. Сонда ол: «Егер ол құмарлық сезіммен харам іс жасаса, күнә арқаламай ма?! Міне, сондықтан да ол ақ некелісімен жұптасқаны үшін әлбетте сауап алады», – деп жауап береді[8]. Сондай-ақ адам баласы нәпсіге азып, құмарлыққа бой алдыру арқылы екі бұттың арасындағы абиырмен зина сынды жиренішті іске де барады. Нәтижеде ондай арсыздыққа барғандар өздері ауыр күнәға батумен қатар, тектіліктің жоғалуы, тегін білмейтін жетесіз нәсілдің дүниеге келуі, дауасы жоқ жұқпалы дерттердің жайылуы, ар-намыстың аяққа тапталуы сынды түрлі келеңсіздіктерге жол ашады.

«Жеті атасын білмеген жетесіз» һәм «малым жанымның, жаным арымның садағасы» деген Қазақ тектілік пен арлылықты бәрінен де жоғары қойған. Өйткені, қай елдің болмасын тарих сахнасынан жоғалып кетпей елдігін сақтап, қияметке дейін өніп-өсуінің бірден бір кепілі осы тектілік пен арлылық болса керек. Ал аталмыш екі қасиеттен айрылған елдің дүниені дүркіреткен қандай алып ел болса да ұзаққа бармасы анық.

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тіл мен екі бұттың арасындағыны күнә атаулыдан сақтаған жанның, жұмаққа кіруіне кепілдік беруі, бір жағынан алғанда, аталмыш мүшелерге ие болудың аса қиын іс екенін білдіреді. Иә, жұмаққа кіру оңай шаруа емес. Осынау ұлы мұратқа жету жолында адам баласының талай сынақтан өтері хақ. Осыған байланысты Құранда былай делінген: «Алла Тағала араларыңдағы хақ жолда күресіп жүргендер мен сабырлы жандарды әбден анықтап, өзгелерден ажыратып, сұрыптап алмайынша, (еш қиналмастан, еңбек етпестен, сыналмастан) оп-оңай жұмаққа кіреміз деп ойладыңдар ма?!»[9]. Иә, адам баласы бұл дүниеге сыналу үшін һәм сол арқылы о дүниедегі лайықты орнын алу үшін келген. Ендеше, адамның сынаққа толы сындарлы өміріндегі ең ауыр сынақтардың бірі күнә жасамауға сабыр ету. Бұл пенденің өз-өзімен күресуі, өзін нәпсісіне жағатын күнәлі істерден тыйуы деген сөз. Мұны жақсы білген пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Тозақ – тән құмарлықтарымен, ал жаннат болса, (нәпсіге ауыр келетін) жағымсыз нәрселермен көмкерілген»[10], – деп дөп басып айтқан[11].

Иә, адамның нәпсісімен күресуі Алла жолындағы ең үлкен күрес болып табылады. Өйткені, нәпсімен күрес адамның өз-өзімен, өз бойындағы құмарлық сезімдерімен[12] күресуі, сол арқылы өз-өзін тәрбиелеп, кемелдікке қол жеткізуі және адам деген асқақ атқа лайық болуы деген сөз. Бұл мәселеде пенде Алланың қолдауына, содан кейін ерекше күш-жігерге мұқтаж болары сөзсіз.

Әсілі, асау нәпсімен, тұла бойды кернеген құмарлық сезімдерімен күрес – пендені жылдар бойы тынбай құлшылық ету арқылы ғана қол жеткізуге болатын мол сауапқа, рухани дәрежеге аз ғана уақытта жеткізуі мүмкін. Тіпті, оны әулиелік дәрежесіне дейін көтеруі мүмкін.

Міне, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тақырыбымызға арқау болған осынау хадисінде бізге бір ауыз сөзбен пейішке апаратын жолды һәм кемел адам болудың әрі кемел қоғам құрудың жолын көрсетуде.

[1] Бұхари, Әдәб 31; Мүслим, Иман 74
[2] Бұхари, Риқақ 23; Мүслим, Зүһд 49
[3] Яғни, қоғам бүлінген шақта көбінесе үйіңде отырып, құлшылық етіп, Аллаһтың разылығына бөлейтін, өзіңе және өзгелерге пайдалы істермен шұғылдан![4] Тирмизи, Зүһд 61
[5] Тирмизи, Зүһд 61
[6] «Сәжде» сүресі, 16-17-аяттар
[7] Тирмизи, Иман 8
[8] Мүслим, Зәкәт 53; Мәсәжид 142
[9] «Әли Имран» сүресі, 142-аят
[10] Нәпсіге ауыр келетін нәрселер – Аллаға қалтқысыз бойұсұну, құлшылық ету, өзінен бұрын өзгенің қамын ойлау, жақсылық жасау сынды сауапты істер.[11] Бұхари, Риқақ 28; Мүслим, Жаннат 1
[12] Адамның құмарлық сезімі дегенде оның табиғатындағы дүниеге, мал-пұлға, әйел затына, шен-шекпенге, атақ-абыройға, мәнсапқа және жалған дүниенің басқа да қызығы мен сән-салтанатына деген құштарлығы меңзеледі.

0 пікір