Қасиетті Мұхаррам айында орын алған тарихи оқиғалар
Қасиетті Мұхаррам айында орын алған тарихи оқиғалар
15 күн бұрын 1565 islam.kz/

Белгілі болғандай, Мұхаррам айы - хижри жыл санауының алғашқы айы болып табылады. Ислам күнтізбесі – ай күнтізбесіне негізделген жүйе. Оны (ислам күнтізбесін) алғаш рет халифа Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) халифалығы кезінде Осман ибн Аффанның (р.а.) кеңесімен енгізген болатын. Бұл күнтізбе Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Мәдинаға хижра жасауымен басталған Ислам мемлекеттілігінің негізін қалау оқиғасын ұлықтау мақсатында орнатылды. Бұл хижра — адамзат тарихында жаңа әрі түбегейлі өзгерісті бастап берген кезең еді. Өйткені ол – надандық пен зұлымдыққа қарсы нұрлы кезеңнің бастауы болатын.

Мұхаррам айының атауы — оның қасиетті ай болуы себепті қойылған. ОЛ – төрт харам айдың бірі. Төрт харам айларда мұсылмандарға соғыс қимылдарын жүргізуге тыйым салынған. Бұған қатысты Алла Тағала Құранда былай дейді:

«Аспандар мен жерді жаратқан күннен бастап, Алланың Кітабындағы айлар саны – он екі. Олардың төртеуі – харам айлар. Міне, осы – тура дін. Ендеше, бұл айларда өздеріңе зұлымдық жасамаңдар және мүшріктермен түгел соғысыңдар, олар да сендермен түгел соғысады. Біліңдер, Алла тақуалармен бірге»
(Тәубе сүресі, 36-аят)

Мұхаррам айында орын алған Ислам тарихындағы әйгілі оқиғалар:

1. Хашим ұрпақтарының қоршауға алынуы

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) пайғамбарлық келгенінен жеті жыл өткенде, яғни Мұхаррам айында, Құрайыш тайпасы Пайғамбарды (с.ғ.с.) қорғап жүрген Бану Хашим әулетіне қысым жасаудың жаңа жолдарын ойлап тапты. Олар:

  • Бану Хашиммен сауда жасаспауға,

  • Олардан қыз алмауға және қыз бермеуге,

  • Қатынаспауға және оларға бармауға
    келісті. Бұл шешімді бекітіп, Қағбаның ішіне іліп қойды.

Осылайша «Бану Хашим» әулеті «Шиъбъ Әби Талиб» (Әбу Талиб шатқалы) аталатын жерде үш жылға жуық қоршауда өмір сүрді. Ақырында Құрайш руының беделді бес азаматы бұл әділетсіз келісімді жоюға атсалысып, келісімді жыртып тастады.

2. Қыбыланың өзгертілуі

Хижраның екінші жылы, Мұхаррамның 18-күні, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Бану Сәлама мешітінде түскі намазын оқып тұрған кезінде уахи келіп, мұсылмандардың қыбыласы Құдстағы әл-Ақса мешітінен Меккедегі Қағбаға бұрылды. Бұл туралы Құранда былай делінеді:

«Біз сенің жүзіңді көкке қаратып жүргеніңді көреміз. Енді сені өзің разы болатын қыбылаға бұрамыз. Енді жүзіңді Масжид әл-Харамға қаратып бұр. Қай жерде болсаңдар да жүздеріңді соған бұрыңдар...». (Бақара сүресі, 144-аят)

Бұл оқиға мұсылмандар мен яһудилер арасын толық ажыратты. Бұрын мұсылмандар Құдс бағытына қарап намаз оқып жүргенде, яһудилер оларды «өздерінің қыбласы жоқ» деп мазақ ететін. Ол заманда яһудилер де Құдс қаласына қарап құлшылықтарын орындайтын.

3. Қадисия шайқасы

Мұхаррам айында мұсылмандар мен парсы әскері арасында Ирак жерінде Қадисия шайқасы орын алды. Мұсылмандардың қолбасшысы Са'д ибн Әбу Уаққас (р.а.), ал парсылардікі Рустам деген қолбасшы болды. Үш күнге созылған шайқаста сан және қару-жарақ жағынан басым түссе де, парсы әскері ауыр жеңіліске ұшырады.

4. Хайбар жорығы

Хижраның жетінші жылы, Мұхаррам айында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хайбардағы яһуди тайпаларының күшін түбегейлі жою мақсатында жорық ұйымдастырды. Бұлар — Исламның таралуына кедергі жасап, қастық ұйымдастырған яһуди қауымы еді. Қорғандары, малдары, мол дүниелері болды, осының бәрін олар араб жерінде Исламның жайылуына тосқауыл болу үшін жұмсады. Түрлі айла-тәсілдер мен қулықтарға жүгінді.

Пайғамбар (с.ғ.с.) ол соғысқа 1600 сарбазды басқарды және жаралыларға қарайтын 20 әйел адамдарды да ілестірді. Әйелдер жаралыларға көмек көрсету үшін барған. Хайбардың мықты қамалдары қоршауға алынды. Бір аптадан соң Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Ертең ту ұстайтын адам – Алланы және Оның Елшісін жақсы көреді әрі Алла оның қолымен жеңіс береді» – деп, туды Әли ибн Әбу Талибке (р.а.) тапсырды. Ол шайқаста жеңіске жетіп, қамалдар алынды.

Яһудилер тізе бүгіп, келісімге келді. Мұсылмандар мол олжаға ие болды. Бұл жорықта:

  • Фадак пен Тәймә тұрғындары да соғыссыз бағынды.

  • Пайғамбарға (с.ғ.с.) уланған қой етін ұсынып, өлтірмекші болды. Алайда Алла Тағала еттің уланғанын білдіріп, аман қалды, десе де, етті аузына салып үлгерген болатын, оның әсері көп жылдан кейін байқалды.

  • Жағфар ибн Әбу Талиб (р.а.) Хабашистаннан оралды.

  • Таң намазын қалың ұйқыда өткізіп алғандары үшін, Пайғамбар (с.ғ.с.): «Намазды ұмытып кетсеңдер, еске түскенде оқыңдар» — деді.

5. Дүние патшаларына хат жолдануы

Хижраның жетінші жылы, Мұхаррам айында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әлем елдерінің патшаларына 15 хат жіберіп, оларды исламға шақырды.

  • Харис ибн Умайр әл-Азди (р.а.) Шам еліне бара жатып, Гассани әміршісі Шурахбил тарапынан өлтірілді.

  • Абдулла ибн Хузафә әс-Сахми (р.а.) парсы патшасы Кисраға хат бергенде, ол: «Менен бұрын өз атын жазатындай кім өзі?!» — деп, хатты жыртып тастады. Бұл хабарды естіген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла оның патшалығын да жыртып тастайды!» — деді. Бұл сөз ақиқатқа айналды.

6. Әзіреті Османның (р.а.) халифа болып тағайындалуы

Хижраның 24-жылы, Мұхаррам айының бірінші күні, таң намазынан кейін Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) халыққа:

«Үш күн бойы халықпен кеңестім. Олар Османнан басқа лайықты адам көрмей тұр» — деп, Османды (р.а.) халифа етіп сайлады. Оған Әзіреті Әли (р.а.), мұхаджирлер мен ансарлар, әскери қолбасшылар түгелдей қол беріп, биат етті.

Османның (р.а.) ең үлкен қызметтерінің бірі – Құран Кәрімді бір ресми нұсқаға біріктіруі болды. Ол – ерекше ибалылығымен танылған тұлға еді. Пайғамбар (с.ғ.с.) ол туралы:

«Періштелер ұялатын адамнан мен, қалай ұялмайын?!» — деген (Муслим риуаяты).
Әзіретті Османның хақ діннің өркендеуіне тигізген жақсылығы өте көп. Алла өзі разы болсын!

7. Әзіреті Хусейннің (р.а.) шейт болуы

Хижраның 61-жылы, Мұхаррам айының 10-нда, қасиетті Ашура күні, Жұмада –Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйікті немересі Хусейн ибн Әли (р.а.) шейіт болды. Бұл оқиға Ислам тарихындағы ең қайғылы кезеңдердің бірі ретінде саналды (радияллаһу анһ).

 

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: