"Құдаймын" деген Намрұт патшаның ақыры
"Құдаймын" деген Намрұт патшаның ақыры
1 жыл бұрын 5320

Хақ пайғамбар (Ибраһим пайғамбар) кеткен соң, Нәмрұд есін жиып тәубаға келудің орнына одан сайын есіріп, алтын тақтың буына мастанды. Ол өзін мәңгібақи осылай өмір сүре беремін деп ойлады. Бірақ бір күні аңдаусызда танау тесігіне шыбын кіріп кетеді. Бұл Хақ тағала әдейі жіберген шыбын болатын.

Нәмрұд дереу мұрнын біресе қағып, біресе шертіп шыбынды шығармаққа тырысты. Шыбын мұрын қуысы арқылы миына жылжи бастады. Ол қыбырлап жүрген сайын, Нәмрұд бақырып,аласұрып, жанын қоярға жер таппай қиналды. Осыдан кейін ол басын қабырғаға ұра бастады. Бірақ ол қанша жанталасқанымен ештеңе өнбеді.

Осыдан кейін ол қызметшісіне дәл маңдайынан дәлдеп ұруға әмір әтті. Алайда қызметшісінің оны ұруға батылы бармады. Нәмрұд «ұр» деп көзі шатынап айғайлағанда барып, оның маңдайын жұдырықпен ұра бастады. Жан-жағында уәзірлері мен отбасындағылар емшілері шарасыз күйде ентелесіп тұрды. Осы шақта шыбын да басқуысын кеулеп миына жетіп қалған еді. Миына жақындаған сайын, Нәмрұдтың жаны көзіне көрінді. 

Жаны әбден қиналып, не істерін білмей абдыраған ол, ақырында, қызметшісіне «темір шоқпармен» ұр дейді. Қызметшісі темір шоқпармен бір-екі мәрте ұрған кезде, Нәмрұд жерге сылқ етіп құлайды, тыпырлап жатып жан тапсырады. Осылайша көп жылдар бойы халқына өзін «тәңірмін» деп жар салған Нәмрұд бір шыбынға да шамасы келмей, жұрт алдында қауқарсыздығын көрсетіп, мүрдем кетті.


Қалмахан Сейтұлы: "Пайғамбарлар тарихы".  

0 пікір