Табиғин Сәъид ибн Мусәйябтың жорыған түстері
Табиғин Сәъид ибн Мусәйябтың жорыған түстері
2 жыл бұрын 4697

Саъид ибн Мусәйяб (سعيد بن المسيب) – Медине қаласының атақты табиғиндерінен. Алғашқы дін ғалымдарының бірі, хадис риуаятшысы, фақиһ. Ол – Медине қаласының атақты жеті фақиһтерінің бірі. Оны кезінде «Тәбиғиндердің мырзасы», «Медине жұртшылығының ғұламасы» деп атайтын.

Саъид ибн Мусәйяб (рахимаһуллаһ) өзінің тақуалығымен де танымал тұлға болған. Өзі ғибадатшыл, адал әрі қанағат иесі еді. Бұнымен қатар, Саъид ибн Мусәйябтың Құдай берген түс жору қасиеті де бар еді. Оған сол кезеңдегі көзі тірі сахабалардың өздері көрген түстерін жорытып, астарындағы мәнін сұрайды екен. Бүгінгі жазбамызда ардақты табиғиннің жорыған түстерінің бір шамасымен таныстыра кетсек деп отырмыз:

1). Күндердің бірінде бір кісі келіп, Саъид ибн Мусәйябқа түсін жорып беруін сұрайды. Ол түсінде сол заманда билік құрып тұрған Омаяд халифалығының патшасы Абдульмәлик ибн Мәруанды ұстап алып, жерге атып ұрған екен. Содан соң басын жарыпты. Онымен қоймай, арқасына төрт қазық сұққан. Осы түсініксіз түстің мәнін жорып беруін табиғин Саъид ибн Мусәйябтан өтініпті.

Алайда, түс иесінің бұл емес, өзге біреу екендігін ұққан Саъид ибн Мусәйяб, ол кісіден түс кімге тиесілі екендігін сұрайды. Және де, егер түс иесінің аты-жөнін айтпаса, түсті жорымайтындығын да білдіреді. Сонда әлгі кісі ол түсті шын мәнісінде сахаба Абдулла ибн Зубәйр көргенін, ал бұған жорытып келуді тапсырғанын айтады.  

Сахаба Абдулла ибн Зубәйрдың (радияллаһу анһ) көрген түсінен секем алып, оны табиғин ғалым Саъид ибн Мусәйябқа жорытуға адам жіберуі бекер емес-тін. Өйткені, сол заманда Омаяттықтардың билікке келуін заңсыз деп санап, қарсы көтеріліс ұйымдастырғандардың бірі сахаба Абдулла ибн Зубәйр болатын. Ол Омаят билігін мойындамай, халифаға қарсы бас көтерді. Мекке, Мәдина және жалпы Хижаз халқын Омаят патшалығына қарсы қойды. Ардақты сахабаның ондай қадамға баруының да өзіндік себебі бар еді.

Сонымен, түс иесін білгеннен соң, табиғин Саъид ибн Мусәйяб ол түсті былай деп жориды:

«Егер көрген түсі алдамаса, Оны (сахаба Абдулла ибн Зубәйрды) халифа Абдульмәлик ибн Мәруан өлтіреді. Ал түсіндегі халифаның арқасына төрт қазық қағуының мәні – халифа Абдульмәликтің белінен төрт ұрпақ (бала) шығып, кейіннен төртеуі де халифа болады» - деп, түстің мәнін айтып беріпті[1]. Расында да сахаба Абдулла ибн Зубәйр кейіннен Омаяд халифасы Абдульмәликтің қолынан шейіт болады.  

2) Тағы бірде Әзіреті Әлидің ұлы Хасан (радияллаһу анһ) түс көріпті. Түсінде екі көзінің ортасына «Құл һуаллаһу ахад» деген аят жазулы екен. Алғашында бұл түсті жақсылықтың нышаны болар деп ойлайды. Бірақ кейіннен Әзіреті Хасанның көрген бұл түсін жақындары тәбиғин Саъид ибн Мусәйябқа жорытады. Саъид ибн Мусәйяб болса, ол түсті дәм-тұзының таусылар сәтіне жорып былай дейді: «Егер көрген түсі алдамаса, Оның ажалы таяп қалды» - дейді. Шынында да, біраз күн өтіп Әзіреті Хасан (радияллаһу анһ) бақиға аттанады[2].

3) Тағы бірде бір адам Саъид ибн Мусәйябқа келіп:

- Мен түсімде мұнара шамының (маяк) үстіне бір көгершіннің қонғанын көрдім, - депті.

Сонда Саъид ибн Мусәйяб:

- Сахаба Абдулла ибн Жағфардың қызын Хажжаж әйелдікке алады екен, - деп жорыпты.

3) Күндердің бірінде бір кісі Саъид ибн Мусәйябқа:

- Мен түсімде көлеңкеде екенмін. Бірақ артынан күнге тұрыппын, - деп көрген түсін айтыпты. Саъид ибн Мусәйяб болса оған:

- Түсің алдамаса, сен Исламнан шығасың, - деп кесіп айтады. Әлгі адам қайтадан:

- Уа, Мұхаммедтің әкесі! Анығын айтқанда, мен (көлеңкеден) шығарылып, күнге кіргізіліп, отырдым, - дейді қайтадан.

Сонда Саъид ибн Мусәйяб мұнысын:

- Олай болса, мәжбүрлі түрде діннен шығарыласың, - деп жориды. Айтқаны айдай келіп, әлгі кісі тұтқынға түсіп, еріксіз мұсылманшылықтан шығарылып, кейін қайта дінге оралады. Және ол осы жағдайды кейіннен Мәдина халқына әңгімелеп беріп жүрген екен[3].

4) Бірде бір кісі Саъид ибн Мусәйябқа көрген түсінің мәнін түсіндіріп беруін сұрап былай дейді:

- Тақсыр, түсімде өз қолыма өзім зәр сындырыппын. Бұл ненің нышаны? – деп сұрапты.

Сонда Саъид ибн Мусәйяб оған:

- Құдайдан қорық! Қойныңдағы әйелің - туысың! – дейді. Анықтай келе, әйелі мен оның арасында сүт бауырлық байланысының бары мәлім болған.

Исламда бір анадан сүт емген екі нәресте, туған ата-аналары бөлек болса да, бір-біріне туған бауырдай жақын туыс саналады. Олар ешқашан үйлене алмайды, оның бауырлары бұның да бауыры саналады. Саъид ибн Мусәйябтың: «Қойныңдағы әйелің - туысың» деуінің мәні сол екен. Алла рахымына бөлесін! Пейіштің төрінен орын алсын!

А. Қасым


[1] Зәһәби: "Сияру Аъләмун Нүбәлә".
[2] Зәһәби: "Сияру Аъләмун Нүбәлә".
[3] Зәһәби: "Сияру Аъләмун Нүбәлә".

0 пікір