Ұлы тұлғалар қалай дүниеге келеді...
Ұлы тұлғалар қалай дүниеге келеді...
2 ай бұрын 2092

Ертеде Мәру (Мерв) қаласының бір қазысы (соты) болыпты. Оның бойжеткен сұлу қызы бар екен. Сол қызға елінің ең бай-бағландары, шені мен шекпені бар шенеуніктері, дәулеті тасыған байлары құда түсіпті. Алайда қазы олардың ешқайсысына қызын бермей, бәрін қайтарып жіберген екен.

Сол қазының Мүбәрак есімді бір малайы бар еді. Қазының үйіне жұмысқа келгеніне екі айдың жүзі болыпты. Осы уақыт ішінде бақтағы жүзімдер де пісіп үлгерген еді. Бір күні қожайыны Мүбәракқа жүзім алып келуді бұйырады. Алайда, қызметшісінің әкелген жүзімі сыртынан әдемі көрінгенімен, дәмі қышқыл болып шығады. Қожайыны оны қайтадан жұмсайды, бірақ тағы да жүзім дәл бұрынғыдай қышқыл болып шығады.

Сонда қазы шыдамай:

— Бақта жүзім көп қой, сен неге тек піспегенін теріп әкеле бересің? – деп сұрады ол.

— Мен оның қайсысы тәтті, қайсысы қышқыл екенін білмеймін, – деп жауап берді Мүбәрак.

— О, тоба! – деп таңғалады қожайыны. – Бақта жүргеніңе екі ай болды, әлі қайсысының тәтті, қайсысының қышқыл екенін білмейсің бе?! Дәмін мүлдем татып көрмедің бе?! - деп таңданады. 

— Қожайыным, менің міндетім жүзімді күзету, оны жеу емес. Сіз маған бақты аманат еттіңіз. Ендеше, аманатқа қиянат жасап, оны жегенім дұрыс бола ма?

Қазы мұндай жағдайға бірінші рет куә болды. Ол өзінің көңілінен шығатын, жүрегі қалаған адамын тапқанын түсінді. Қазы Мүбәракқа бұрылып:

— Мен сенен бір нәрсе сұрағым келіп тұр. Менің бір қызым бар, оған көптеген лауазымды, ауқатты адамдар құда түсіп келіп жатыр. Қайсысына берерімді білмей жүрмін. Не істесем болады? – деді.

Мүбәрак былай деп жауап қатты:

— Надандық дәуірінде (жаһилиет заманында) адамдар тегіне қарап үйленетін. Христиандар мен яһудилер сұлулығына қызығатын. Ал Исламның алғашқы ғасырында діндарлығы мен тақуалығына мән беретін. Ал біздің заманның адамдары байлық пен мансапқа қарайды. Сондықтан, қызыңызды қалаған адамыңызға беріңіз, - деді Мүбәрак.

Сонда малайының жауабына разы болған қазы:

— Мен де діндарлық пен тақуалықты бірінші орынға қоямын. Сол себепті, қызымды саған беремін. Өйткені, мен осы ізгі қасиеттерді дәл сенің бойыңнан көрдім, – депті.

Алайда, Мүбәрак өзінің жай ғана қызметші екенін, сондықтан қыздың келіспеуі мүмкін екенін айтады. Бірақ қожайыны өз шешімінде табандылық танытып, Мүбәракты үйіне ертіп келді.

Үйіне кірген соң, ол (қазы) әйеліне:

— Бұл біздің тақуа да діндар қызметшіміз. Қызымызды осы жігітке ұзатқым келеді. Не айтасың? – деп сұрады ақылдасайын деп.

Әйелі болса: 

— Оны өзіңіз білесіз, бірақ алдымен қызымыздан сұрап көрейік, – деді.

Анасы болған жайды қызына айтқанда, қыз бұл істі ата-анасының қалауына қалдыратынын білдірді. Осыдан кейін екеуінің некесі қиылды.

Алайда, Мүбәрак қырық күн бойы қалыңдығының отауына кірмеді. Бұдан хабардар болған анасы шыдамай, күйеуіне келіп:

— Сіз тапқан күйеубала қызымыздың бетіне де қарамаған. Оның бұнысы несі?! – деді.

Қазы Мүбәракты шақырып алып, онысының себебін сұрағанда, ол былай деп жауап берді:

— Мені дұрыс түсініңіз. Қызыңыздың ешқандай міні жоқ. Тек мені бір ой мазалады: Сіз көп жылдан бері қазылық қызмет атқарып келесіз. Осы уақыт аралығында біліп-білмей қызыңыздың аузына күмәнді ас баруы мүмкін ғой. Сондықтан осы қырық күн ішінде оның бойын тазарту үшін тек қана адал аспен тамақтандырдым. Мұны тек Алла Тағала бізге салиқалы, иманды ұрпақ нәсіп етсе екен деген ниетпен жасадым, дейді тақуа жігіт.

Арадан айлар өтіп бұл отбасында бір ұл дүниеге келеді. Оның есімін Абдулла деп қояды. Бұл бала кейіннен атақты үлкен ғалым, әулие болады. Ол – Исламның жарық жұлдызы Абдулла ибн Мүбәрак еді (Алла одан разы болсын). Міне ұлы тұлғалар осылай пайда болады екен. 

Источник: islam.uz 
Қазақшалаған: islam.kz

0 пікір