Әруаққа Құран бағыштауға бола ма?
Әруаққа Құран бағыштауға бола ма?
7 жыл бұрын 126760
Қайрат Жолдыбайұлы, Дін мен діл

Кейбір кісілер «Әруақтарға Құран бағыштауға болмайды. Себебі, ол тірілер үшін түсірілген», – деп жүр. Осы пікір дұрыс па? Құран бағыштаудың өлілерге сауабы тие ме?

Құранды тек кісі өлгенде, қабірдің басында оқылатын әуен, қайтыс болған әруақтар түске кірген кезде, мешітке барып садақа құтысына ақша салғаннан кейін оқылатын мақам, яки ас берген уақытта жатқа айтылатын мағынасы түсініксіз кітап деп ойлау  -  өте қате. Ол - Құранның мағынасын дұрыс түсінбеу, қадір-қасиетін аңдамау, тіпті негізгі мақсатынан ауытқу деген сөз. Ендеше, Құран қандай кітап?

Құран - ақыретке дейінгі күллі адамзаттың барлық рухани әрі заттық сұраныстарына жауап беретін, қоғамдық әрі әлемдік, жеке тұлғалық барлық мәселелерге қатесіз, толық шешім сыйлайтын әрі адамның ақылы жете бермейтін көмескі әлемді суреттеп, беймәлім сырларды ашатын, пәни мен бақи дүниенің бақытын қатар ұсынып, оған сеніп, шырақ тұтқан жандарды рухани кемелдікке тәрбиелейтін Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген соңғы қасиетті кітап[1]. 

Онда Ұлы Иеміз жайлы тылсым мағлұматтар, жеке тұлға мен қоғамдық мәселелердің шешімі, отбасы жағдайлары, ғибадат-мінәжаттың үлгілері, бізге дейінгі ғұмыр кешкен қауымдардың ғибратты оқиғалары, көптеген ғылыми жаңалықтардың мәйегі, салауатты өмір сүру салты секілді алуан тақырыптар қамтылған. Құранның адамзатқа түсу мақсаты мен оның жалпы тақырыптарының қысқаша мазмұны осыған саяды. Осындай ұлы мақсатпен түсірілген қасиетті Құран, өкінішке орай, жетпіс жылдық атеистік саясаттың салқынымен бүгінде тек өлім-жітім жөнелтілген жерлерде ғана оқылып жүргені ащы да болса шындық. Халқымыз Құранның кәусар бұлағынан шөл қандыра сусындай алмай, оның осындай қайғылы жерлерде ғана оқылуын жүрекке медет, көңілге жұбаныш тұтуда. 

Иә, халқымыз Құранды қатты құрметтейді. Арнайы қап тігіп, қол тимейтін жерге іліп қояды. Кейде анау-мынау жағдайларға тап бола қалса, Құранды сыртындағы сол қабымен бірге алып, сүйіп, маңдайына тигізеді, бісмілласын күбірлеп, қайта орнына іліп қояды. Десек те, Құран сырты қапталып, шаң басып, ілініп тұрсын яки тек анда-санда бақилық әруақтарға бағышталып оқылсын деп түсірілмеген ғой. Құранның қағазын ғана құрметтеп, оның ішкі құдайылық қағидаларына көңіл бөлмеу, бұйрықтары мен тыйымдарын елемеу, ішкі мазмұнынан хабарсыз болу - үлкен қасірет. Кейде осы көрініске қарап тұрып, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Үмбетім сондай бір заманға ұшырайды, ол кезде мұсылмандар бір сайда, ал Құран мүлде басқа бір сайда болады» деген астары терең хадисін еске алып, сірә, осы бір сұрапыл заман суреттелген-ау деген ойға қаласың. 

Меніңше, негізгі ішкі мазмұнына көңіл бөлмей,  Құранның тек өлім-жітімде ғана оқылуы - кей мұсылмандардың ренішін тудырған. Тіпті, оларды «Құран өліге емес, тіріге түскен, оны өліге бағыштауға болмайды» деп дауласуға дейін апарған.

Алайда тірі жандардың Құранның ішкі мазмұнын барынша түсініп, мейлінше ғибрат алғаннан кейін оны өлілерге бағыштауға болып-болмауы, оның сауабының әруақтарға тиіп-тимеуі өз алдына бөлек тақырып екені тағы рас. 

Сондықтан мәселені осы қырынан қарастырып көрейік. Ол жайлы әһлу сунна ғалымдарының көпшілігі арнайы бағышталып оқылған Құран сауабының өлілерге тиетіндігін айтуда. Мысалы: Ханбали, Ханафи мәзһабы бойынша және Шафиғи мен Мәлики мәзһабтарының кейінгі үлкен ғұламаларының пікірінше, барлық жасалатын жақсылықтардың, бағышталып оқылған Құранның сауабы өлілерге тиеді. 

Әбу Ханифа алғашқы кездері қабірдің басында Құран оқуды мәкруһ санаған. Бірақ сахаба Абдуллаһ ибн Омардың қабірдің басында «Бақара» сүресінің алғашқы аяттары мен соңғы аяттарын оқығаны жайлы риуаяттан хабардар болғаннан кейін ол ойынан қайтқан. Ибн Омардың қабір басында Құран оқығанына байланысты риуаятты Хафиз ән-Нәуауий өзінің «Әзкәр» атты кітабында «хасан» деп баға берген.

Ибн Қудаманың «әл-Муғни» атты кітабында Ахмад ибн Ханбал былай деген: «Бағышталып жасалған барлық жақсылықтың сауабы өліге тиеді. Өйткені ол жайлы хадистер бар. Барлық қалаларда мұсылмандар жиналып, Құран оқып, сауабын өлілеріне бағыштауда әрі бұған ешкім қарсы шықпауда. Міне, бұл оның дұрыстығына ижмағ* болмақ»[2]. 

Ал Ибн Тәймия және Ибну Қаййм әл-Жәузия* «жасалған жақсылық пен оқылған Құранның сауабы өліге тиеді» деген көзқарасты таңдаған[3].

Ибн Таймиядан: «Өлі үшін оқылатын хатым Құран жайлы және  Құранды жалдап оқытса, сауабы өліге тиеді ме?» деген секілді сұрақтар сұралған. Ибн Тәймия бұл сұрақтарға былай деп жауап берген: «Құран оқып сауабын өліге бағыштау үшін адам жалдау дұрыс емес. Мұны ешбір ғұлама құптамаған. Сауабы жететін Құран - ол тек Алла разылығы үшін оқылатын Құран. Құран оқыған адамға оқығанының ақысы ретінде емес, өлінің атынан садақа етіп берсе, онда бүкіл мұсылмандар бойынша оқылған Құранның сауабы өліге тиеді.  Сол секілді сауабын тек Алладан күтіп Құран оқығаннан кейін оны өлілерге бағыштаса, сауабы өліге жетеді. Алла ең дұрысын біледі»[4]. 

Ибн Тәймияның үлкен шәкірті Ибнул-Қаййм әл-Жәузия Құран оқып бағыштауға болатындығын дәлелдеп, оған қатысты сан салалы дәйектерін үйіп төгеді. Ол: «Ғибадат екіге бөлінеді: денемен және дүниемен атқарылатын ғибадат. Пайғамбарымыз өлген кісінің атынан берілген садақаның қабыл болатындығын айту арқылы дүниемен атқарылатын жалпы ғибадаттардың сауабынының өліге тиетіндігін білдірсе, өлген кісінінің атынан ұсталынған ораза  сауабының қабыл болатындығын айту арқылы денемен жасалатын жалпы ғибадаттардың сауабының өліге жететіндігін білдірген. Бұларға қоса, денемен де, дүниемен де бірге атқарылатын қажылық сауабының өліге тиетіндігін айтқан. Ғибадаттың осы үш түрінің де «денемен, дүниемен, дене және дүниемен) сауабының өліге тиетіндігі хадистермен білдірілген»[5]-деп, оқылған Құранның сауабының өліге жететіндігіне байланысты көзқарасты дәлелдеуге тырысқан. 

Ибнул-Қаййм әл-Жәузия «Рух» атты кітабында былай деген: «Өліге бағышталатын істердің ең абзалы - садақа, өлі үшін дұға жасау, кешірім сұрау және қажылыққа бару. Ал, Құран оқып, бағыштауға келетін болсақ, оны ақысыз оқып, бағыштаған жағдайда сауабы өліге тиеді».[6]

Ибнул-Қаййм әл-Жәузия басқа бір жерде «Бұларды жасап жатқанда, бұл істерімді өлілерге арнаймын деп ниет еткені абзал. Ниетті тілмен айту шарт емес», - деген.

Арнайы ниетпен бағышталып жасалған жақсылықтар мен оқылған Құранның сауабы өліге тиеді дейтіндердің дәлелдері мынандай: 

عن أبي هريرة: أن رجلا قال للنبي صلى الله عليه وسلم: إن أبي مات وترك مالا ولم يوص، فهل يكفر عنه أن أتصدق عنه؟ قال: " نعم ".

Бұл хадис Әбу һурайрадан риуаят етілді. Бір кісі пайғамбарымызға: «Менің әкем қайтыс болды. Артында дүниесі қалды. Артында қалған дүниесін (пәлен жерге берілсін) деп өсиет етпеді. Егер мен оның орнына садақа берсем, күнәлары кешіріледі ме? - деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Иә» деп жауап қайырды»[7]. 

عن ابن عباس قال: جاء رجل إلى النبي صلى الله عليه وسلم فقال: يا رسول الله إن أمي ماتت وعليها صوم شهر أفأقضيه عنها؟ قال: " لو كان على أمك دين أكنت قاضيه عنها " قال: نعم. قال: " فدين الله أحق أن يقضى ".

Бұл хадис әл-Бухари мен Муслимде кездеседі. Ибн Аббастан риуаят етілді. Ибн Аббас айтты: «Бір кісі Пайғамбарымызға келіп: Уа, Алланың елшісі, менің шешем мойнында бір айлық қарыз оразасы бар күйде қайтыс болды. Оның орнына сол оразасын өтесем бола ма?- деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Егер шешеңнің елге қарызы болса, өтер ме едің?», - деді.

Сұраған кісі: «Иә», -  деп жауап берді.

Пайғамбарымыз: «Онда Алла алдындағы шешеңнің қарызы өтелуге одан да лайығырақ»,- деді. 

عنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّ امْرَأَةً مِنْ جُهَيْنَةَ جَاءَتْ إِلَى النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَتْ إِنَّ أُمِّي نَذَرَتْ أَنْ تَحُجَّ فَلَمْ تَحُجَّ حَتَّى مَاتَتْ أَفَأَحُجُّ عَنْهَا قَالَ نَعَمْ حُجِّي عَنْهَا أَرَأَيْتِ لَوْ كَانَ عَلَى أُمِّكِ دَيْنٌ أَكُنْتِ قَاضِيَةً اقْضُوا اللَّهَ فَاللَّهُ أَحَقُّ بِالْوَفَاءِ

Бұл хадисті Ибн Аббас риуаят етті. «Жуһайнадан бір әйел пайғамбарымызға келіп былай деді: - Шешем қажылыққа барамын деп уәде (нәзір) еткен еді. Бірақ қажылық жасай алмай бақилық болып кетті. Енді мен оның орнына қажылық жасасам бола ма? Егер шешеңнің басқа біреуге қарызы болғанда, оның қарызын өтер ме едің? (Әрине). Ендеше, шешеңнің Аллаға деген қарызын өте. Себебі, қарызы өтелуге ең лайық - Алла Тағала»,- деді».

 

Жоғарыдағы хадистерді саралай келе, ғұламалар оқылған Құран сауабының да бағышталған марқұмдарға тиетіндігін айтқан. Себебі, ораза да, садақа да, қажылық та ғибадат бола тұра өлген кісіге арналып атқарылған жағдайда, сауабының жететіндігін  пайғамбарымыз жоғарыда келтірілген сахих хадистерінде тікелей білдірген. Сондықтан Құран оқу да өз алдына жеке ғибадат болып есептелетіндіктен бұл үкімнен тысқары қалмасы анық.

Мәлики мәзһабын ұстанушы үлкен тәпсір ғалымы Қуртуби бұл жайлы: «Бұл тақырыптағы еш талассыз нәрсе - берілген садақа сауабының өліге тиетіндігі. Ал енді садақаның сауабы өліге тиетіні секілді оқылған Құран мен дұға, истиғфарлардың да пайдасы өліге тиеді. Өйткені бұлар да садақаға жатады. Садақа тек ақша, дүниемен шектелмейді». 

Бұған қоса, өлілерге Құран оқуға болмайды делінген ешбір нақты хадис жоқ. Керісінше, Хаким мен Ибн Хиббанның сахих деп баға берген мынадай  хадисі бар:

  « اقرءوا يس على موتاكم »

Бұл хадис Мағқал ибн Ясардан риуаят етілді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Өлілеріңе «Йасин» сүресін оқыңдар!» [8] - деді.

Ескерту: Құранды өліге бағыштауға болатындығын мақұлдаған ғалымдардың бәрі ақшаға оқылған Құранның қабыл болмайтындығы турасында бір пікірде. Сондықтан оқи алса, Құранды өліге бағыштағысы келетін кісінің өзі оқығаны абзал. Ал басқа бір адамға оқытса, онда ол адамға Құран оқығаны үшін арнайы ақы бермеуі шарт. Cадақа ретінде берсе болады. Мешіттерге келіп оқытатын кісілер мешітке берген садақаларын Құранның ақысы деп ойламауы тиіс. Бұған қоса, Құран оқыттым, әке-шешемнің күнәлары кешіріліп, жұмақтық болды деген таяз түсініктен де аулақ болғаны жөн. Себебі, бағышталған Құранның қабыл болып-болмауы - бір Жаратқанның құзырындағы іс. Біздікі сауабы жетсе деген үміт және күнәсі кешіріліп, Құранның шарапаты тисе екен деген игі тілек қана. 

«Қабірдің басында яки өліге бағышталып оқылған Құранның мазмұны өлікпен, ақыретпен мүлде қиыспай жатады. Мысалы, кейде қабір басында Құранның намазға, оразаға, үйленуге байланысты аяттары оқылады. Оның өлікпен қандай байланысы бар? Пайдасы тие ме?» деген сөздерді құлағымыз шалып қалады. Әрине, қабірдің басында оқылатын аяттар өліммен яки ақыретпен тікелей байланысты болып жатса құба-құп. Алайда оқылған Құран мазмұнының өліммен яки ақыретпен байланысты болуы шарт емес. Себебі, біз  Құранды бағыштаған уақытта өліктің одан бір нәрсе түсінуі үшін оқымаймыз. Құранның қандай сүресі, қай аяты оқылса да, оқыған адамға сауап жазылатындығы көптеген хадистерде білдірілген. Құранның қандай сүресі, қай аяты, қай әрпі оқылса да, оқыған адамға сауап жазылады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Кімде-кім Алланың кітабынан (Құраннан) бір әріп оқитын болса, оған бір жақсылық жазылады. Ал әрбір жақсылық он еселенеді. Мен Әлиф, Ләм, Мимді (бәрін қосып) бір әріп демеймін, Әлиф - жеке бір әріп, Ләм - жеке бір әріп, Мим - жеке бір әріп. (әрқайсысына жеке-жеке сауап жазылады)", -  деген[9].

Олай болса, Құран оқудың өзі намаз, ораза секілді  жеке ғибадатқа жатады. Міне, біз сол ғибадаттан келетін сауапты өзімізге емес, әруақтардың амал дәптеріне жазылуын Ұлы Жаратқаннан тілейміз. Яғни, өзімізге жазылар сауапты марқұмдарымызға сыйлаймыз. 

Сөз соңы, Құран - өлілерден гөрі тірілер үшін түсірілген кітап. Сондықтан Құранның тіршілігімізді нұрға бөлеп, Жаратушыға жақындатар қағидалары мен ережелерін орындасақ игі. Құран бұйрықтарына құлақ аспай, тыйымдарын белшеден басып, анда-санда мағынасын түсінбестен ақшаға оқытқан Құранның сауабы өліге тиеді деу аңғалдық болар. 

Қазақтың құдайы тамақ беріп, Құран оқытуы - бізге уағыз айтыңдар деген ниеті, уақытын бөліп, мешітке келіп құран бағыштатуы - уағызға ұйығысы келетін ынтасы  емес пе? Сондықтан Құранды өлілерге бағыштауға болмайды дегеннен гөрі дін мамандары халқымыздың көп жыл діннен жырақ қалғанын ескеріп, қайта осы мүмкіншілікті тиімді пайдалануы тиіс. Құран оқытуға келген кісілерге құран оқып бергеннен кейін қысқа болса да дініміздің құндылықтарын насихаттап, мүмкіншілік болса, қолдарына мазмұнды діни кітапшаларды ұстатса, нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ, құдайы тамақтарда да Құран оқумен қатар пендеге жүктелген мұсылмандық міндеттерді түсіндіріп жатсақ,  бұдан асқан сауап бар ма?! 

--------------------------------------------------------------------------------

[1] Қ.Жолдыбайұлы, Ақиқат шуағы, 115-бет. «Алтын қалам» баспасы, Алматы, 2005 ж.
* Ижмағ -  Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейінгі заманда мүжтаһид ғалымдардың белгілі бір мәселеде бір пікірде болуы. Ижмағ - шариғи дәлелдердің үшіншісіне жатады. 1- Құран, 2-Сүннет, 3-Ижмағ, 4-Қияс.
[2] Сайд Сабиқ, Фиқһус-сунна, 1 -том, 570-бет. «әл-Китабул-араби» баспасы, Байрут, 1971 ж.
* Ибнул-Қаййм - Ибн Тәймияның үлкен шәкірттерінің бірі.
[3] Фәтәәуал-әзһар, Атия Сақр. 1997 жыл, Май айы.
[4] Мәжмуғу Фәтауа Ибн Тәймия (Ибн Тәймияның пәтулар жиынтығы), 24-том.
[5] Сайд Сабиқ, Фиқһус-сунна,1 -том,570-бет. «әл-Китабул-араби баспасы», Байрут, 1971 ж.
[6] Ибнул-Қаййм әл-Жәузия, әр-Рух, 202-бет. «әл-Мұхтар» баспасы, Каир, 2006 ж.
[7] Сахих Муслим, Муснәд Ахмад.
[8] Әбу Дәуід, 8-том, 385-бет. Муснад Ахмад. Әс-сунанул-Кубра лин-Насайй. Әл-муғжамул-Кубра лит-Табарани, Шуғабул-иман лил-Бәйһақи, 5-том, 469-бет. Сахих ибн Хиббан, 12-том, 496-бет. Бұл хадисті Дарәқутни және Ибну Қаттан әлсіз десе де, Ибн Хиббан мен әл-Хаким сахих деп баға берген. Ибн Хиббан хадистегі «өлілеріңе» деген сөзді «әл үстінде, өлім төсегінде жатқан адам» деп жорамалдаған. Оның бұл жорамалына Мухибб әт-Табари хадисте «өлілеріңе» деп нақты айтылғандықтан, оны басқаша жорамалдау үшін басқа қуатты  дәлел керек деп қарсы жауап берген.
[9] Сунанут-Тирмизи, 5-том, 175-бет. «Дәрул-ихиайтурасил-араби» баспасы.

2 пікір
  • Сауатты өте дұрыс жазылған!
    7 жыл бұрын
  • Құран адамзатқа арналған, ал аруақтар адамзат өмірінің жалғасы, сондықтан қүран аруақтарға да керек. Құран бағышталмаған аруақтардың қиналып жүргендері туралы Шәкәрәм "Үш анық" шығармасында жазады.
    7 жыл бұрын