Мәшһур Жүсіп "Хор қыздары" жайында
Мәшһур Жүсіп "Хор қыздары" жайында
2 жыл бұрын 10221 bilim-all.kz/

Пейіште тобы (тоуба) ағашы, жапырағы [иапырағы] зор,
Жарығы (иарығы) күннен раушан, баршасы- нұр!
Болғанда түбі аспанда, басы-төмен,
Иіліп жерге қарай салбырап тұр.

Мысалы күн секілді көрінісі,
Саны жоқ, балдан тәтті (тәтлі), көп жемісі.
Салбырап аспан көктен мәуеленіп,
Сонымен сегіз пейіш толған іші.

Үн тартар шулап ағаш түрлі күйін,
Сипатын тамамдауға жетпес зейін.
Түрлі дәм жемісінде бар-ды ләззат,
Пейіштің тамамлаған түгел үйін.

Торғыннан атлас пенен бар-ды төсек,
Оларды мумин құлға қойған төсеп.
Зейнетлі түрлі гауһар алтын тахыт,-
Олардың көптігіне жетпейді есеп.

Хор қызы сол уақытта ғанбар шашы,
Иілген жаңа туған айдай қасы.
Шеберлеп саф алтыннан ұста соққан,
Түймедей домаланған гауһар басы.

Көзінің қаралығы қарақаттай,
Сөзі бар ақ қағазға жазған хаттай.
Көзіндей құралайдың ойнақтатып,
Арман не соны құшқан адамзатта-ай?!

Болғанда тілі інжу, төсі-маржан,
Еті аппақ қара жерге жауған қардан.
Ғұнша ерін, сұлу иек, пісте мұрын,
Қалмайды жүзін көрген пендеде арман!

Жарқ етіп шыққан күндей қабақтары,
Мақтадай аялаған тамақтары.
Алмадай екі беті үзіліп тұр,
Үзілген қызыл гүлдей сағақтары.

Гүл жүзді (жүзлі), шырын сөзді, бал сілекей,
Аяғын келер басып некей-некей.
Алмадай беттерінен сүйгеніңде,
Суырылар тілмен қабат сол көмекей!

Сипаты тура әліфтей, талдай бойлы,
Мінезі бекмүләйім гүзалхойлы.
Сүттен-ақ, судан таза, таһаратты,
Сөйлесе, бал тамады, ақыл ойлы.

Ерітер тәттілігі балдай ерні,
Балқытар басқанымен қара жерді.
Наз қылып еркеленіп түрлі жайда,
Құбылар бір сағатта жетпіс түрлі. 

Бильярд шашбауына таққан теңге,
Түк болмас қас пен кірпік шаштан өзге.
Сағымдай көтеріліп, сәулеленіп,
Кіреді бір сағатта әр түрлі өңге.

Хор қызын құшқан адам кенелгендей,
Әркім-ақ іздеп соны жөнелгендей.
Келбетін көрген шақта қызыққаннан,
Бір қасық сумен жұтып жібергендей!

Аспайды ай сәулесі қабағынан,
Қызыл гүл ұялады сағағынан.
Ішкені алқымынан белгілі боп,
Көрінер жұтқан асы тамағынан.

Кигені жетпіс қабат холла болар,
Қыз қалпы айнымастан күнде болар.
Болмаса Хақ жаратқан хор қызында,
Бұл сипат онан басқа кімде болар?! 

Не кемдік бар болған соң ұжмақта жай,
Жаратқан осылайша Жаббар Құдай.
Холладан жетпіс қабат білінеді,
Жыландай ширатылып жіліктен май.

Мәжіліс көңілді ашар гүлстандай,
Болғанда өзі мұндай, жүріс қандай?!
Сол салып алақанға жүрсең-дағы,
Білінбес ауырлығы бір мысқалдай.

Салайық сөйлеп-сөйлеп сөзді шынға,
Қой-дағы өтірікті, ұмтыл шынға!
Бір жерге сөз аяғын әкеп қойған,
Айтайын әңгіме сөз, сізлер тыңда! 

Бір емес, екеу емес, көп айтыпты,
Әңгіме еститұғын көп айтыпты,
"Ләззаттың жалғандағы тұрған жері
Нәрседе үш-ақ түрлі!"- деп айтыпты. 

Әуелі жақсы болсын жатар орын,
Түзеп бақ үй-жайыңды күні бұрын!
Хош һауа, жақсы тұрар ләззатлы үй,
Адамның арттырады ақыл-нұрын.
Екінші жақсы болсын ішер асың,
Ұмтылып шауып тұрсын ықыласың.

Бір жанды күтпегенде не қыласың,
Бар ма еді өз жаныңа сол өз қасың?!

Естумен қанып мейірің, тойдың-дағы,
Бастадың, неге қайта қойдың-дағы?!
Ләззаттың жалғандағы тұрған жері-
Қатының жақсы болсын қойнындағы.

Жай десең, сегіз ұжмақ бар-ды пейіш,
Тәтлі десең, онда бар түрлі жеміс.
Сұлу десең, хор қызы және даяр,
Табылар тамам ләззат бір жерден-үш.

Қара көз ақ жүзіне жарасқаны,
Бірінен керек қылмас ол басқаны.
Бір кісінің басына жүз хор қызы,
Бірінен соң бірінің таласқаны.

Ерінбейсің, жалығып шаршамайсың,
Бір қалыпта тұрасың, болмай кәрі.
Болады сонда жасың отыз үште,
Өзіңмен қатын құрдас-қыз он бесте.
Тәрік қып бұ дүниені кетер едің,
Уа, дариға, соның бірі кірсе түске!

Өлең бар, күй тартатын домбыра жоқ,
Басында әр қыздардың алтыннан шоқ.
Қор қызы екеу-екеу әнге салып,
Сайрайды сандуғаш пен бұлбұлдай боп.

Сады әр түрлі әнге қылып сауық,
Осымен жұбансын деп ол бір ауық.
Күй тартып тоқсан екі түрлендіріп,
Қаларсың елтіп сонда естен ауып.

Тартылар тағам болып, даяр пісіп,
Алдыңа даяр келер құстар ұшып.
Оқиды хор хызлары әңгіме қып,
Көрдіңіз Мэриям ана, сүре Жүсіп.
Болады күнде жас қыз кәрі қатын,
Пейіш",- деп сонан қойған оның атын.
Ғайша анам пайғамбардан сұрайды екен:
"Онда да бола ма,-деп,-ауыратын?"
Есітіп Ғайша анамыз күлімдейді,
Айтуға пайғамбарым ерінбейді.
Күнде қыз болғанымен, мұндағыдай,
Ауырып еш нәрсесі білінбейді.
Ғайша анам пайғамбарға наз етіпті,
Бұл сөзді құлағымен есітіпті.
Жас жасап, ғұмыр сүріп бұл дүниеден,
Іспенен, естуменен бұл кетіпті.
Мен өзім өлең іздеп, жүдеп аздым,
Өлең түбін шеше алмай күнде қаздым.
Ойланып өз бетіммен жазғаным жоқ,
Кітаптан: "Мұхаммедия" — көріп жаздым.
Кеңесі жазушының осылайша,
Жігіттер, бұлқынып өт асау тайша!
Жігітлер, бұ дүниеден желіп өткіл,
Жүрмегіл әр уақытта тіпті жайша!
[Сара]ңның сараңы барып тұрған,
Бола ма онан жаман [Құдай] ұрған?! "
[Адамның] жомартлығы- осы депті:
-[Өлі]ге құран оқып дұға қылған!"

 

0 пікір