«Уа, балам! Билік иелерімен жақын араласпа!...»: Имам Ғазалидің шәкіртіне айтқан өсиеті (15 бөлім)
«Уа, балам! Билік иелерімен жақын араласпа!...»: Имам Ғазалидің шәкіртіне айтқан өсиеті (15 бөлім)
2 жыл бұрын 8260
Аударған Абдусамат Қасым

УА, БАЛАМ!

Істемеуің керек төрт нәрсенің үшіншісі:

Әмірші, сұлтандармен жақын араласпа және олармен көрісе берме. Өйткені, олармен көрісіп, олармен мәжілістес болу, (бір сөзбен айтқанда) олармен аралас-құралас болу – үлкен апат.

Дейтұрғанмен, ондай жағдаймен сыналғандай болсаң (яғни, билік иесімен мәжілістес болып қалсаң), оларды мадақтап, дәріптеуші болма. Себебі, залым, пасықтар мадақталатын болса, Алла Тағаланың ашуы келеді. Залым патшаның билікте ұзақ қалуына дұға еткен кісілер, жер жүзінде адамдардың Аллаға қарсы келуін қолдаған болады.

Істемеуің керек төрт нәрсенің төртіншісі:

Халал зат болса да басшылардың (сұлтан, уәзір, әмірші, әкім) берген сыйлықтарын қабыл алма. Өйткені, олардан бір нәрсе күту – дінге зиян. Себебі, ондай нәрседен жағымпаздық, оларды айналшықтау, олардың жасаған әділетсіздіктерін қолдау деген сияқты қылықтар туындайды. Мұның бәрі дініңе зиян.

Тигізер залалының ең азын айтар болсақ:

Басшылардың берген сыйлығын қабыл алып, олардың мал-дүниесінен пайдалансаң, оларды жақсы көріп кетесің. Ал кім біреуді жақсы көрсе, оның ұзақ ғұмыр кешіп, билікте ұзақ отыруын жақсы көріп тұрады. Ал залым, әділетсіз басшының билікте қалуын жақсы көру – Алланың құлдарына зұлымдық пен әділетсіздік жасалуын жақсы көру деген сөз. Әлемнің жойылуын жақсы көру деген сөз. Әлдекімнің діні мен ақырына бұдан артық залал бар ма?  

Осы мәселеге қатысты шайтанның түрлі айла-тәсілдеріне де алданушы болма! Сондай-ақ, кейбір адамдардың мынадай сөздеріне де иланба: «Ең дұрысы - басшылардың берген алтын динарлары мен күміс дирхамдарын ал да, кедейлер мен міскіндерге таратып бер. Олардың (басшылардың) ол ақшаларды күнә істерге жұмсағаннан гөрі, сенің оны олардан алып, әлжуаз адамдарға таратып беруің әлдеқайда қайырлы» - дейтіндерге де алданба. Бұл сөздердің бәрі азғырынды сөздер. Ібіліс лағынет талай адамды осылай алдап, көп адамның басының кетуіне себепші болған. Басшылардан сыйлық алудың – залалы өте үлкен. Бұған қатысты «Ихя улумиддин» кітабымызда айтып өткенбіз. Толығырақ сол жерден оқығын. 

Имам Ғазалидің «Әюһәл Уәләд» атты кітабынан аударылды.
(араб тілінде, сілтемелер де кітапқа тиесілі).

0 пікір