Қазақстан азаматтары Индонезияға 30 күнге дейін визасыз бара алады
2026 жылғы шілдеден бастап Қазақстан азаматтары Индонезияға 30 күнге дейін визасыз кіре алады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жанболат Үсеновтың айтуынша, Индонезия визасыз режимді енгізу туралы шешім қабылдағанда өзара түсіністік қағидатын негізге алған.
"Бұған дейін Қазақстан Индонезия азаматтарына ел аумағына визасыз кіруге және 30 күнге дейін болуға мүмкіндік берген. Енді дәл осындай тәртіп екі ел азаматтарына да қолданылады", – деді Жанболат Үсенов.
Индонезияның талаптарына сәйкес, визасыз кіру тегін жүзеге асырылады және бір рет кіруге мүмкіндік береді. Елде болудың рұқсат етілген ең ұзақ мерзімі – келген күннен бастап 30 күн.
Сонымен қатар, 2025 жылғы 1 қазаннан бастап Индонезияға шетелден келген барлық жолаушы All Indonesia бірыңғай электронды декларациясын толтыруы қажет. Декларация тегін рәсімделеді және оны елге келгенге дейін онлайн толтыруға болады.
Қазақстандықтарға түркі елдеріне төлқұжатсыз саяхаттау мүмкіндігі берілмек
Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтары болашақта шетелдік төлқұжатсыз, тек жеке куәлік арқылы осы елдер арасында саяхаттай алуы мүмкін, деп хабарлайды 24KZ Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл бастама Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдер арасында азаматтардың жеке куәлік арқылы өзара сапар шегуіне мүмкіндік беруді көздейді.
Қазір мұндай тәртіп Әзербайжан мен Түркия арасында қолданылады.
ТМҰ бас хатшысы Кубанычбек Омуралиевтің айтуынша, қазір жобаны жүзеге асыру бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жүйені бір ғана елмен емес, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан арасында бірлесіп енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл мәселе күн тәртібінде тұр. Қазір дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Жобаны мүмкіндігінше қысқа мерзімде аяқтауды көздеп отырмыз, – деді Кубанычбек Омуралиев.
Жобаның нақты қашан іске қосылатыны әзірге белгісіз. Қазірдің өзінде қазақстандықтар Ресей мен Қырғызстанға жеке куәлікпен кіре алады. Бұл елдер арасындағы тиісті келісімдерде қарастырылған. Ал Қазақстан мен Армения арасында шекараны жеке куәлікпен кесіп өту туралы келісімге қол қойылғанымен, қазіргі таңда екі ел арасында сапарлау үшін төлқұжат қажет.
Қазақстан азаматтарына Таиландта визасыз жүру мерзімі қысқарды
Таиланд Қазақстан азаматтарының елде визасыз болу мерзімін 60 күннен 30 күнге қысқартты. Жаңа тәртіп 2026 жылғы 15 қыркүйектен бастап күшіне енді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсеновтың айтуынша, өзгеріс Таиланд Министрлер кабинетінің шешімімен енгізілген.
"Таиланд билігі бұған дейін Қазақстанды қоса алғанда 93 ел мен аумақтың азаматтарына 60 күнге дейін визасыз жүруге мүмкіндік берген еді. Бұл шешімнің күші жойылды. Таиланд тарапы мұны ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық жағдайды ескере отырып, көші-қон саясатын жаңарту қажеттілігімен түсіндірді", – деді Жанболат Үсенов елордадағы брифингте.
Оның сөзінше, енді Қазақстан мен Таиланд үкіметтері арасында жасалған ұлттық паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім қайта қолданылады.
Құжатқа сәйкес, қазақстандықтар Таиландта елге кірген күннен бастап 30 күнге дейін визасыз жүре алады. Алайда әрбір 180 күн ішінде визасыз болудың жалпы мерзімі 90 күннен аспауы керек.
"Қысқасы, Қазақстан азаматтарының Таиландта визасыз болу мерзімі 60 күннен 30 күнге қысқарды. Сондықтан Таиландқа сапар жоспарлаған азаматтар осы өзгерісті ескергені жөн. Егер елде 30 күннен ұзақ болу қажет болса, тиісті визаны алдын ала рәсімдеу керек", — деді ресми өкіл.