|
Азия аймағында алаяқтардан келген шығын бір жылдың ішінде 114 млрд долларға жеткен
|
Өткен жылы Шығыс Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия, Австралия және Жаңа Зеландиядағы трансұлттық онлайн-алаяқтық құрбандары 114,1 миллиард долларға дейін жоғалтқан. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Біріккен Ұлттар Ұйымының таяудағы баяндамасында келтірілген деректерге жөн сілтеген Hong Kong Free Press ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Яғни, онлайн алаяқтықтан келген шығын 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда кем дегенде үш есеге артып кеткен. 2023 жылы онлайн алаяқтықтан осы өлкедегі елдер жалпы жиынтығы кем дегенде 37 млрд доллар шығын көрген. Оңтүстік-Шығыс Азия, әсіресе, Камбоджа мен Мьянма, жалған романтикалық және криптовалюталық инвестициялық схемаларды жүзеге асыратын қылмыстық синдикаттардың өңірлік орталығына айналған. Бүгінде бүкіл әлем бойынша интернет пайдаланушыларының кез келгені алаяқтардың құрбаны болу қатері артып келеді. Азия бойынша онлайн алаяқтықтан ең көп зардап шеккендер қарасы Қытайда тіркелген, одан кейінгі орында Оңтүстік Корея мее Тайуан азаматтары тұр. Соның ішінде инвестициямен байланысты алаяқтықтан келген шығын мөлшері ең жоғары – 88 млрд доллардан асады кем дегенде. Цифрлы активтердің дамуына байланысты алаяқтық жаһандық сипат алып келеді. Десе де бұл деректе тек оңтүстік-шығыс Азия елдеріндегі мәлімет қамтылмаған. Азияның өзге елдеріндегі алаяқтықтан келген шығын есебі жүргізілмеген. Алаяқтық - осы күнгі ең кеңінен таралған қылмыс.