Ең қызығы, мемлекетке жалдамалылар мен мигранттар көп пайда келтірген...
|

Пәкістан билігінің соңғы дерегі таңқаларлық: елдегі жалдамалы жұмысшылар осы қаржы жылында мемлекеттігі бар, жекеменшігі бар, өзге секторларға қарағанда салықты көп төлеген. Бұл жайында islam.kz порталы Daily Times ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Соңғы 11 айда жалдамалы жұмысшылар табыс салығы түрінде 499 млрд рупиді ұлттық қазынаға құйған. Осылайша жалдамалы жұмысшылар қазынаны толтыруда көш бастаған. Бұл – нақты факті! Жалдамалы жұмысшылардың салық мөлшерінің жалпы жиынтығы жылжымайтын мүлік, экспорт, көтерме және бөлшек сауда, т.б. асып түскен. Әдетте салық төлеуден жалтаратын немесе кемітіп төлейтін кәсіпорындардан айырмашылығы – жалдамалы жұмысшылар салығы тікелей жалақысынан ұсталады. Салыстыру үшін алсақ, экспорт саласынан 96,36 миллиард рупи, ал жылжымайтын мүлікті сату және сатып алудан әрқайсысы шамамен 110 миллиард рупиден салық түскен. Әдетте мемлекет қазынасын тольтыруда тізімнің бас жағынан көрінетін табысты секторлардың салығы жалдамалы жұмысшылардан көп артта қалды. Көтерме сектор 22,36 миллиард рупи, ал бөлшек саудагерлері 33,30 миллиард рупи қосқан - бұл көрсеткіш жалдамалы жұмысшылардың қосқан үлесінің шағын бөлігі. Бұл цифрлар Пакистанның салық жүйесіндегі теңсіздікті көрсетті, мұнда орташа табысы бар қызметкерлер салықты көп төлейді, ал көптеген кәсіпорындар әділ салық міндеттемелерінен қашады.Экономистер мен сарапшылар салық реформасын жүргізуді, ірі кәсіпорындардың салықтан жалтаруына мүмкіндік беретін заңнамадағы солқылдақ тұстарды түзеуді талап етіп отыр. Салық реформасы жүргізілмесе, елдің қаржылық жүйесіне сенімсіздік пайда болып, қоғамның наразылығын тудырады. Осы орайда биыл, сәуір айында шетелде еңбек мигранты атанған пәкістандықтар рекордтық деңгейде отанына ақша аударғанын айта кетпекпіз – бір айда 3,2 млрд доллар қаражат аударған екен (қараңыз: Шетелдегі пәкістандықтар еліне бір ай ішінде 3,2 млрд доллар аударған).




