Шетелдегі пәкістандықтар еліне бір ай ішінде 3,2 млрд доллар аударған
|

Пәкістанның мемлекеттік банкісінің (SBP) таяуда жарияланған дерегіне сәйкес 2025 жылдың сәуір айында шетелде тұрақты тұратын, уақытша еңбек мигранты атанған пәкістандықтардың геосаяси ахуалға, экономикалық тығырыққа, инфляцияның өсу деңгейіне қарамастан елге аударған қаражаты 3,2 млрд долларға жеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен (2024 жыл, сәуір) салыстырғанда 13,1%-ға артқан. Бұл жайында islam.kz порталы Daily Times мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Сондай-ақ, SBP осы қаржы жылының алғашқы 10 айында ақша аударымдарының жалпы мөлшері 30%-ға өсіп, 31,2 млрд долларды құрағанын хабарлады. Ал қай мемлекеттен көп аударылғаны турасындағы мәліметке келсек, Сауд Арабиясының үлесі жоғары болып шыққан: ондағы пәкістандықтар сәуір айында 725,4 млн доллар аударған екен, ал екінші орыннан Біріккен Араб Әмірлігі көрінген - 657,6 млн доллар. Мұндай тенденцияға аталған елдің орталық банк тарапынан жүргізілген реформа да ықпал еткен: ресми банк арналарындағы оң өзгерістер, айырбас бағамының оңайлатылған процедуралары, т.б. шараларды атап өтуге болады. Ақша аударымдары Пәкістан экономикасының негізгі тіректерінің біріне айналған. Ақша аударымы валюта қорын тоықтырып, сауда тапшылығына бастайтын кері экономикалық тенденцияға тосқауыл қояды және бүкіл ел бойынша үй шаруашылықтарының табысын арттырады.