|
Үндістанда сиыр өлтіргені үшін үш ер адам өмір бойы бас бостандығынан айырылды
|
Үндістанның Гүжарат штатында үш ер адам заңсыз сиыр сойғаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Бұған қоса, Калол қаласының соты сотталған әрбір адамға 300 мың рупи мөлшерінде айыппұл төлеуді міндеттеді. Ерекше шешім сиырды Ғаламның аналары деп атайтын ежелгі “қасиетті” мәтін негізінде шығарылды. Бұл туралы islam.kz порталы NDTV ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қылмыстық іске 2024 жылдың тамыз айында Жамла ауылдық елді мекеніндегі полиция рейді себеп болды. Заңсыз сою туралы ақпарат алған құқық қорғау органының қызметкерлері тұрғын үйді тінтіп, 277 келі сиыр етін тапты. Сол жерде пышақтар, таразылар мен көлік құралдары зааттай айғақ ретінде тәркіленді, ал тірі қалған жануарлар арнайы орынға жіберілді. Сот отырысында үш айыпталушы Гүжаратта қолданыстағы жануарларды қорғау туралы заңды бұзғаны үшін кінәлі, деп танылды. Прокуратура Үндістандағы сиырлардың ерекше мәдени және діни маңызын атап өтіп, қатаң жазалауды талап етті. Сотқа жетекшілік еткен Б.Р.Раджпут үкімді жария ете отырып, ежелгі үнді діни мәтіндеріне, соның ішінде «Ману-смритиге» жүгінді. Ол индуистік дәстүрде сиыр қасиетті жануар және амандық пен саулық символы болып саналатынын еске салды. Сот шешімін Гүжарат штатының бас министрдің орынбасары Харш Сангхауи де қолдады. Ол өмір бойғы жаза сиырға құрметсіздік танытатындарға сабақ немесе ескерту болуы тиіс, деп мәлімдеді. Мемлекеттік лауазымды тұлға, сондай-ақ, полиция қызметкерлері мен прокуратураға тергеу мен ұсынылған дәлелдер үшін алғыс айтты.