Жаһандық дрон нарығындағы Түркияның үлесі қанша
|

Түркияның қорғаныс өнеркәсібі агенттігінің (SSB) жетекшісі Халық Қорқын қорғаныс саласының осы күнгі жетістігі мен болашағын айта келе түрік дрондары жаһандық нарықтың 65% үлесіне ие екенін жеткізді. Бұл жайында islam.kz порталы mk-turkey ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Осылай деген ол бүгінде түрік мамандары ұшқышсыз ұшу аппараттарының бесінші буынан аяқтап, алтыншы буынына кірісейін деп жатқанын мәлімдеді. Бұған қоса, түрік мамандарының күллі әлем дронмен қаруланып жатқаны үшін емес, ең алдымен бұл өндірістің экономикалық тиімділігін және өзіндік технологияға басымдық беретінін жасырмады. Өйткені, еліктеу арқылы жасалған дүниемен алысқа бармайтынын, дәлірегі, өзге елдерге қарап, дрон технологиясын дамытуға ден қойса, түрік мамандары осыншалықты жетістікке қол жеткізе алмайтынын баса айтты. Бұдан бөлек, түріктердің «Болат күмбез» деп аталатын әуе қорғаныс жүйесін құратынын, осылайша мемлекет қауіпсіздігін жоғары деңгейге көтеретінін айта кетпекпіз. Бұл тарапта да жасанды зерде мүмкіндіктері қолданылатын болады. Аталмыш жүйе әуеден төнетін кез келген қатердің бетін қайтара алатын қауқарға ие болмақ, соның ішінде баллистикалық, қанатты, дыбыстан жылдам зымырандарға, жойғыш ұшақтарға, әскери ұшқышсыз ұшу аппараттарына лайықты тойтарыс бере алатын жүйе құрылады. Халық Қорқын бұл айтылғандардан бөлек, Түркияның қорғаныс өнеркәсібінде жұмыс істеп жатқан мамандардың орташа жасын да ұмыт қалдырмады: Еуропа мен Америкада мұндай салада жүргендердің орташа жасы 50-ге жуықтаса, түрік мамандарының орташа жасы – 34. Бұл көрсеткіш нені білдіреді? Түркияның қоғаныс әлеуетінің әлі де аартатынын аңғартады. Осы орайда түріктердің қорғаныс пен қауіпсіздікке жұмсайтын шығыны жылына шамамен 50 млрд долларға жетіп қалғанын да айта кету керек. Яғни, елдің жалпы ішкі өнімінің 3,7%-ы. Өткен жылы (2024) түріктердің қару-жарақ экспортының 55,4% еуропалық елдер мен Солтүстік Атлант саяси әрі әскери альянсына бағытталған.




