|
Күйеуінің «айтқанынан шықпайтын» әйелдер рейтингісінде Малайзия мен Индонезия көш бастады
|
Таяудағы зерттеу нәтижесі көрсеткендей, сауалнамаға қатысқандардың 64 пайызы Сингапурдегі әйелдер құқығын ерлермен теңестіру бағытындағы күш-жігер тым тереңге кетті деп есептейді. Бұл жайында islam.kz порталы South China Morning Post ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ал Сингапурге көрші екі елде, атап айтқанда, Малайзия мен Индонезияда гендерлік теңсіздікті қысқарту қадамына жеткілікті баға берілмеген. Бұл тараптағы аса ірі зерттеу аталған екі елдегі әйелдердің дәстүрлі рөліне деген көзқарастың сақталып қалғанын көрсетіп берді. Ipsos зерттеу компаниясы мен Лондонның Королдік колледжіне қарасты Жаһандық әйелдер көшбасшылығы институтының талдау нәтижесі көрсеткендей, Индонезия (66 пайызы) мен Малайзия (60 пайызы) респонденттерінің дені «әйелі еріне әрдайым бағынуы тиіс» деген тұжырыммен келіскен. Бұл осындай сауалнама жүргізілген 29 елдің ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Дәлірегі, Индонезия (67 пайызы) мен Малайзия респонденттерінің (58 пайызы) отбасында қабылданатын негізгі шешімдерге қатысты соңғы сөз отағасына тиесілі болуы керек, деп санайды. Сингапур, Үндістан, Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания және Бразилия сияқты елдерде 23 000-нан аса адамнан Халықаралық әйелдер күніне орайластырылған зерттеуде гендерлік теңдікке қатысты пікірі сұралды. Малайзия ұлттық университетінің Малай әлемі және өркениеті институтының ғылыми қызметкері Мұқ Файзал Мұса Индонезия мен Малайзияда шығысқа тән дүниетанымның терең тамыр жайған әрі әдет-ғұрыптары ислам ілімдерімен тығыз байланысты екенін алға тарта келе батыстық нарративтің жетегінде кетпейтін иммунитеті барын тілге тиек етті. Осылай деген сарапшы Малайзияның әдат перпатих жүйесіне сілтеме жасай келе гендерлік теңдік ұғымының оңтүстік-шығыс Азиядағы екі мұсылман мемлекетінде орныға қоймайтынын мәлімдеді. Малайзиядағы Ноттингем университетінің социолингвистика доценті Мелисса Юнг дәстүрлі ерлер үстемдігіне негізделген (патриарх) екі елде де әйелдердің мансап қууына және қызмет бабымен жоғарылауына теріс қарамайтынын атап өтті. «Гендерлік теңдік саясаты негізінен әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталды, бұл ретте әлеуметтік және құқықтық реформалар арқылы ерлер рөлі мен гендерлік қатынастарға деген көзқарасты өзгертуге аз көңіл бөлінді», - деді ол. Оның айтуынша, екі ел де соңғы жылдары әйелдердің еңбек нарығына шығуын белсенді түрде ілгерілетуде. Өткен жылдың қазан айында Малайзия билігі жұмыс күшіне әйелдерді тарту мақсатында 2030 жылдан кейін кемінде 100 000 әйелді белгілі бір кәсіби дағдыларға баулитын мүмкіндіктермен қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық бастаманы іске қосты. Сондай-ақ, осы бастама асында бала күтіміне ыңғайлы тәжірибелерді ілгерілетуді жоспарлап отыр. Ал Индонезия 2045 жылға қарай әйелдердің 70 пайызға дейінгісін жұмысшы күшіне тартуды көздеп отыр. Бұл көрсеткіш 2024 жылы 56 пайызды құраған еді. Бұдан бөлек, Индонезия 2045 жылға дейінгі ана мен баланы қорғаудың жол картасын іске қосты. Оңтүстік-шығыс Азиядағы тағы екі мемлекет - Жапония мен Оңтүстік Кореядағы респонденттердің аз бөлігі ғана (тиісінше 7 және 9 пайыз) әйелдердің еріне бағынуды қолдайтынын жеткізген. Күншығыс елі мен Таңғы шық елі Бүкіл әлемдік экономикалық форумның өткен жылғы Гендерлік алшақтық индексінде 148 елдің ішінен тиісінше 118 және 101-орындарды иеленді. Жапония әйелдердің саяси және экономикалық белсенділігі бойынша өте төмен нәтиже көрсеткен, ал құрылымдық гендерлік теңсіздік еңбекақы алшақтығы және басшылық лауазымдарда әйелдердің «іс жүзінде жоқ» болуы түрінде сақталып отыр. Екі елдің де респонденттері институционалдық теңсіздікті мойындаса да ел тұрғындарының жеке көзқарастары әйелдер теңдігіне қатысты нормаға сәйкес келмейді.