Күллі әлем бойынша ислам 2010-2020 жылдар аралығында ең шапшаң таралған дінге айналған – зерттеу
Күллі әлем бойынша ислам 2010-2020 жылдар аралығында ең шапшаң таралған дінге айналған – зерттеу
2 сағат бұрын 54 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Ислам 2010-2020 жылдар аралығында әлемдегі ең шапшаң өсіп келе жатқан дін болып шықты. Бұл ақпаратқа Pew Research Center зерттеу орталығы жариялаған және бірқатар халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген ауқымды зерттеу деректері дәлел бола алады. Бұл жайында islam.kz порталы islam.plus ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді.  Аталмыш ұйымның баяндамасында келтірілген мәліметке сәйкес он жыл ішінде исі мұсылман саны ең танымал өзге наным-сенімдегілерге қарағанда жылдам өскен. Бұған мұсылман елдерінде туу деңгейінің жоғары болуы, сондай-ақ, халықтың салыстырмалы жас шамасы, яғни, демографиялық фактор себеп болған. Бұл тараптағы зерттеу нәтижесіне сәйкес әлемдегі мұсылмандардың жалпы саны шамамен 347 миллионға артып, 2 миллиардқа жетті. Осылайша, мұсылмандар саны жағынан әлемдегі христиандардан кейінгі екінші орынға жайғасты. Сарапшылардың атап өтуінше, демографиялық динамика басты рөл атқарады: орта есеппен алғанда мұсылман халқы басқа діни топтарға қарағанда жас, ал мұндай фактор бала туу көрсеткішіне тікелей әсер етеді. Бұдан басқа, бірқатар өңірлерде табиғи өсімнің жоғары қарқыны сақталуда. Ал христиандарға келсек, әлемдегі ең ірі дін болып қала береді, алайда, оның өсу қарқыны жаһандық орташа деңгейден төмен болып шықты. Кейбiр елдерде христиан халқы үлесiнiң азаюы да байқалады. Мұсылмандардың ең көп бөлігі Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінде тұрады - шамамен 1,2 млрд адам. Екінші орында Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка (шамамен 414 млн), ал үшінші орында Сахараның оңтүстігіндегі елдер (369 млн). Бұл ретте Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка халық құрылымында мұсылмандардың үлесі 94% -ға жуық. Алайда, исламның осы өңірмен тығыз байланысқанына қарамастан, мұнда әлемнің барлық мұсылмандарының бестен бір бөлігі ғана тұрады. Атап айтқанда, Еуропа мен Солтүстік Америкадағы мұсылман жамағаты саны жағынан біршама аз, алайда, мұсылман емес тұрғындармен салыстырғанда неғұрлым жылдам өсу қарқынын көрсетеді. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі өсу қарқынын сақтаса, мұсылмандар үлесін арттыра береді, ал ХХІ ғасырдың соңына қарай христиандарды өкшелеуі мүмкін.

0 пікір
Мұрағат