|
Латын Америка мемлекеті елге Інжілді, діни әдебиеттерді әкелуге тыйым салды
|
Никарагуа билігі шекараны кесіп өтетін туристер мен саяхатшыларға Інжіл мен өзге де діни мазмұны бар әдебиеттерді алып кіруге тыйым салатын шешім қабылдады. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде The Christian Post ақпарат көзіне жөн сілтеген inVictory мегапорталына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұдан бөлек, мұндай шектеу тек діни кітаптармен шектеліп қалмайды, сонымен қатар, өзге де баспа материалдары мен электронды құралдарға қодданылады. Осылайша аталған елде азаматтық қоғам еркіндігіне және діни өмірге шектеу қойылуда. Әкелуге тыйым салынған заттар тізімінде Інжіл мен діни әдебиеттер, мерзімді басылымдар, кез келген түрдегі кітаптар, сондай-ақ, дрондар мен фото және бейнекамералар бар. Ақпаратты Ұлыбританияда орналасқан Christian Solidarity Worldwide (CSW) құқық қорғау ұйымы жария етті. 2018 жылдан бастап ел билігі сөз, жиналыс және діни сенім бостандығын дәйекті түрде шектеп келеді. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, 2018 жылғы сәуір айынан бастап 5 мыңнан астам тәуелсіз қоғамдық ұйым заңды мәртебесінен айырылды, олардың ішінде 1 300-ден астам діни бірлестік те бар. Елдегi дiни құрылымдар мемлекет тарапынан ұдайы бақылауда және көпшiлiк iс-шараларды өткiзуге тыйым салуға ұшырайды. Жаппай діни процестер үкіметке адал құрылымдар ұйымдастырған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Тіпті, мемлекетке тіркелген діни жетекшілер мен қайраткерлердің қызметі күштік құрылымдар тарапынан тікелей бақылауға алынды, соның ішінде жүріп-тұруына шектеулер қойылған немесе құлшылық секілді көпшілікті қамтитын діни жоралғыларды өткізуді міндетті түрде мемлекетпен келісуі керек, яғни, арнайы рұқсат алуы керек. 2018 жылы ел билігінің жаппай наразылық кезінде зейнетақы реформасының шикілігін сынға алып, ойын ашық айтқаны үшін әрі полицияның студенттерге көрсеткен зорлық-зомбылығын айыптағаны үшін «Ла Рока де Никарагуа» шіркеулер қауымдастығының іргесін қалаған протестант пасторы Паласиоса Варгаса ның соңына шам алып түсті. Онымен қоймай, аталмыш қауымдастықтың заңды мәртебесін жойды. Осылайша діни бостандықтың тынысы тарыла бастады. Бұдан бөлек, үкіметтік емес ұйымдарға шүйлігіп, қаржылық және құқықтық талаптардың астында қалдырды. Шетелден қаржыландырылатын мыңдаған ұйым қызметін тоқтатуға мәжбүр болды. Соның ішінде каоликтердің жергілікті ұйымдары қатты зардап шеккен. Тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары бірінен кейін бірі жабылып жатты. Сол жылдың наурызында Никарагуа билігін сынға алған Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқығы жөніндегі кеңес құрамынан ресми түрде шықты. CSW-нің 2024 жылғы «Толық бақылау: Никарагуадағы тәуелсіз дауыстарды құмықтыру» атты есебінде келтірілген дерекке сәйкес елде діни қудалаудың 222 фактісі тіркелген, соның ішінде іс-шаралардың тоқтатылуы, полицияның қатаң бақылауы және діни көшбасшылардың мемлекеттік органдарға міндетті түрде апта сайын келіп есеп беруі құжатталған. Бір жылдың ішінде 46 діни қызметкер ұсталған.