|
Өзбектер сегізінші атаға дейін үйленуге тыйым салды
|
Өзбекстан билігі туыстар арасындағы неке ережесін едәуір қатаңдатты. Бұл жайында islam.kz порталы Times of Central Asia ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Мұндай қадамға жақын туыстар арасындағы некеден туатын генетикалық тұрғыдан ауытқумен байланысты түрлі аурулардың алдын алу мақсатында барып отыр. Өзбекстанның әділет министрлігі жиенмен, жиеншармен, бөле бауырымен, сондай-ақ, жеті атаға толмай неке қидыру әдетіне тыйым салатын заң жобасын әзірледі. Өзбекстанның қолданыстағы отбасылық заңнамасына сәйкес тек тікелей ата-бабалары немесе аға-інілері мен апа-сіңлілері (оның ішінде өгей аға-інілері мен апа-сіңлілері), сондай-ақ, асырап алған ата-аналары мен балалары арасында некеге тұруға тыйым салынады. Ал жаңа заң жобасы туыстық бойынша неке ережелерін қолдану аясын кеңейтеді. Жаңа заңда көзделген талаптарға сәйкес бұл тыйымды елемегендерге ірі мөлшерде айыппұл салынады немесе екі жылға дейін еңбекпен қайта түзету жазасына кесіледі. Бұл шаралар жақында Өзбекстанның озық технологияларды зерттеу мемлекеттік институтының (КАТ) баяндамасынан кейін қолға алынып жатыр. Баяндамада: «Өзбектер арасында неке қию салдарынан ондаған жаңа генетикалық мутациялар пайда болды», деп атап көрсетілген. Бұл тараптағы зерттеу арнайы тексеруден өткен балалардың жартысында мутацияланған гендердің бар екенін анықтады, ал барлық баланың шамамен 86% -ында ең болмағанда бір генетикалық аномалия кездескен - халықаралық орташа көрсеткіштен екі есе жоғары. «Өзбекстанның кейбір өңірлерінде барлық некенің төрттен бір бөлігі, яғни, ширегі жақын туыстар арасындағы некеге тиесілі», «Мұндай әдет генетикалық мутациядан тұқым қуалайтын аурулар өршіп, сондай-ақ, диабеттің (сусамыр), жүрек-қан тамырлары ауруларының және қатерлі ісіктің қаупін арттырады», деп айтылған.