|
Қайсар ана 101 жасап, өмірден өтті
|
Малайзияда өмірін мүгедек баласына арнаған ана 101 жасқа келіп, дүниеден өтті. Оның артында ұлы 63 жасында жетім қалды. Ғасырдан астам өмір сүрген Мелия Мұхамед Дияның өмірі сынаққа толы болды. Екі баласы сәби шағында шетінеген. Бір баласы 23 жасында қаза болған.
Төртінші ұлы Абдуррахман күн сайын күтім қажет етеді. Тумысынан мүгедек жаралған ұлын анасы ешуақытта тастап кетуді ойлаған емес. Тіптен, өмір бойы оның күтімін жасағаны үшін шағым да айтпаған. Керісінше, тағдырдың сынағына төтеп беріп, сабыр мен төзімнің нағыз үлгісін көрсете білді.
«Балам қуырылған тауық еті мен күрішті жақсы көреді. Біз әрқашан біргеміз. Мен ұлымнан бұрын дүниеден өтпейтін шығармын деп ойлаймын. Себебі оған қарайлайтын менен басқа ешкім жоқ» дейді ана жүрегі. «Ұлым маған ешуақытта ауырлық салған жоқ. Мен оны туылғанынан шомылдырып, тамақтандырып, киіндіріп келемін» деген қайсар да мейірімді Мелия ана Малайзияның құрметті марапатына ие болды. Оған аналық еңбегі, маңдай тер, ақ сүті үшін 2015 жылы мемлекеттен орден берілді.
«Біз Абдуррахманға оның анасы қайтыс болғаны туралы хабарладық. Бірақ, ол тумысынан ақыл-есі кем жаратылған. Ол үндемеді және сол тұйық күйінде қалды» дейді жақын туысы Сити Джалиха Юнус TheStar-ке берген сұхбатында.
ummet.kz-ақпарат