|
Қытай аумағынан әлемдегі ең ірі алтын қоры табылды
|
Қытай геологтары Хунан провинциясы аумағынан аса ауқымды, дәлірегі, әлем бойынша ең ірі алтын кенін тапқанын жариялады. Бұл жайында islam.kz порталы Үenisafak ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Геологиялық барлау негізінде алдын ала жасалған есеп бойынша бұл кеніште 1100 тонна алтын жатыр. Ақшаға шаққанда – шамамен 83 млрд доллар. Қытайдың мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, алтын кені Пинцзян округіндегі қолданыстағы Вангу кен орнының астында жатыр. Геологтар шамамен 2 мың метр тереңдіктен 40 алтын тарамды тапты, ал үш өлшемді моделдеу нәтижесі алтын қорының одан да тереңірек - 3 шақырымға дейін кетуі мүмкін екенін көрсетті. Сарапшылардың айтуынша, жердің бұл қатпарындағы алтынның мөлшері бір тонна топырақ жынысына шаққанда 138 граммды құрайды - бұл әлемдік алтын өндіру өнеркәсібі үшін өте сирек кездесетін көрсеткіш. Егер бұл тараптағы есеп расталса, кен орны ұзақ уақыт бойы 1025 тонна алтын қоры бар Оңтүстік Африкадағы әлем бойынша ең ірі South Deep шахтасын басып озады. Бұл жаңалық алтын нарығына өз әсерін тигізді: алтынның бір унциясы 2700 долларға дейін қымбаттаған. Қытай ірі алтын өндіруші және тұтынушы ел. Тау-кен өнеркәсібі саласындағы маңызды бұл кеніш Қытайда әлемдік бағалы металдар нарығындағы позициясын айтарлықтай нығайтады.