Тұңғиыққа тартқан жапон иірімі
Тұңғиыққа тартқан жапон иірімі
5 жыл бұрын 5351 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Әдетте күншығыс елінің тұрғындары әлемдегі ең еңбекқор халық ретінде саналады. Жапондар, тіпті, жұмыс орнында ғұмыр сүреді десе де болады. Десе де бұл ерекшелік олардың денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймайды. Сол себепті, Жапонияда жұмыс орнында жұмыстан зорығып, миына қан кетіп, инсулт алып, инфарктіден көз жұматындар қарасы басқа елдегілермен салыстырғанда тым көп. Ол ол ма, бұл өзгелерді таңқалдырмайтын қалыпты жағдайға айналған. Соған орай статистикалық мәліметі тым қатал: күн сайын өз еркімен осы себеппен, яғни, өз-өзін аяусыз жұмысқа жегуден шамамен 60 адам өз-өзіне қол жұмсап, бақилық болады екен. Бұлай көз жұмғандар қарасын жылға шаққанда 21 мың адамнан асып кетеді. Әдетте аталмыш елде бұлай өлгендерді «кароси» санаты бойынша жіктеп жатады – артық жұмыс істеуден өлген дегенге саятын мағына береді. Жұмыстан зорығып өлуге қатысты дерек арнайы жиналатын елдердің біріне айналған. Әлеуметтік дертке айналған бұл жат құбылыстың төркіні екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қолданысқа енген тәжірибеде жатыр: дәлірегі, 1950-ші жылдары Жапония премьер-министр Сигэру Ёсида ел экономикасын қалпына келтіру үшін халыққа тастаған үндеуі мен аса ірі корпорациялармен жасасқан келісімде жатыр. Нақтырақ әрі тарқатып айтқанда, ол қызметкерлердің ғұмырының соңына дейін жауапкершілік жүктейтін жүйесінде жатыр. Оның бұл бастамасы өз жемісін берді: Жапония әлемдегі экономикасы қарыштап әрі қарқынды дамыған елдердің біріне айналды. Десе де қанға сіңіп қалған жүйе әлі күнге жапондарды уысынан шығарар емес. Біресе оқтын-оқтын кенеттен құйын секілді соғып тұратын әлемдік дағдарыс та жапондардың арқасын кеңге жазып дамылдауына мүмкіндік бермей келеді. Жұмыстан қысқарып қалмау үшін барын салатын жапондар екі немесе үш адамның жұмысын қоса атқаруына тура келеді. Өзінің еңбекқор жұмысшы екенін дәлелдеу үшін өз-өзін аямайды. Жұмысқа берілгенін күнде дәлелдеуі керек. Бүгінгі таңда күніне ары кеткенде 12 сағат жұмыс істеу қалыпты жағдай саналғанымен жапондар әлеуметтік немесе қоғамдық өмірге араласатын уақыт таба бермейді. Сол баяғы бастығына жаманатты көрінбесі үшін. Әлбетте, кеңседе оларды күштеп ешкім ұстамайды, алайда, жұмыстан кетіп қалуға дәті жете бермейді. Жоғары жалақысынан, жұмысынан айырылып, мансабы өспей қалмасы үшін. Жапондардың осылайша есін екеу, түсін төртеу етіп, үрейіне айналған жазылмаған заңы жылына мыңдаған адамның өмірін жалмауда. Қызметкерлер жұмыстан айырылып қалмауы үшін, тіпті, демалыс күндері де жұмыс істейді, еңбек демалысын алмайды, ауырып қалса да аяғынан жүруге шамасы келсе болды... Қызметкер 20 күндік заңды еңбек демалысына шыққан күннің өзінде екі аптадан артық жата алмайды, оған бастығы тұрмақ, қатардағы әріптестері де халық жауындай қарап, сыртқа тебеді. Сөз орайы келгенде айта кету керек, жапондар жұмысын сирек ауыстырады. Оның өзінде өз еркімен емес, белгілі бір себептермен жұмысынан шығып қалса немесе басқалай жағдайлармен осылай істеуге мәжбүр. Жоғарғы оқу орнын бітіріп шыққан түлектер де еңбек нарығында жұмыс табу қиын болғандықтан зейнет жасына дейін бір жұмысқа тұрған жерінен кетпеуге тырысады. Басшылық та жастардың бойынан еңбекке деген ынтаны көргісі келеді. Жастар да басшылықтың артқан үмітін ақтауға тырысып, мансабында жетістікке қол еткізгісі келеді. Соңғы жылдары жапон жастары басқа қулыққа көшкенімен олардың бұл айласы адыра қалды. Толық емес жұмыс емес күнін таңдағанымен немесе уақытша жұмысқа тұрғанымен (осылайша бір орнында байланып қалмау үшін) оларға жауапты жұмыс тапсырала бермейді, соған орай жалақысы да мардымсыз. Айналып келгенде ұтылатын да, тұтылатын да өздері болып қалады. 2016 жылғы сауалнама нәтижесі көрсеткендей, жапон компанияларының төрттен бірінде қызметкерлер айына 80 сағаттан артық жұмыс істеуге, сондай-ақ, әрбір оныншысында айына 100 сағаттан артық жұмыс істеген. 80 сағат – адамның жұмыстан зорығудың алғашқы баспалдығы, шегі, адамның өз-өзіне қол жұмсау қатерін артыратын шек болып табылады. Бұдан бөлек, соңғы уақытта ұлттың қартаю процесін тездететін әрі демографиялық апатты жақындататын тенденция – жастардың отбасын құруы сиреп барады. Бұл жағымсыз тенденцияның бір ұшы сол жұмысбастылықта жатыр. Жұмыстан қолы тимейтін жастардың танысуға да уақыты жоқ, бойдақ болған соң бас алмай жұмыс істеп тағы уақыт оздырады. Тұйық шеңберде шыр айналған тиін секілді. Жастар қарғыс таңбасындай болған бұл жүйенің бұйдасын үзуге талпынғанымен бәрібір ол өз иіріміне тартып, миллиондаған жапонның болашағын тар шеңберде қалдырып отыр. Кансай университетінің құрметті профессоры атанған Кодзи Мориока біліп айтқандай екен: жұмыс күнінің ұзақтығы – Жапониядағы зұлымдықтың ошағы. Жапондар мұндай стрес пен күйзеліске ерте бастан, бала кезінен бой алдырады. Кейін қалыпты жағдайға айналады. Олар оқуда озат болып, каникулда бой жазып демалудың немесе серуендеудің орнына кітапқа шұқшиып уақыт оздырады. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, балалық шақ артта қалады. Адамдар бір ережеге бағынып, бір көзқараста болуы тиіс. Елден өзгешелену қоғамнан оқшаулануға әкеп соқтырады. Аутсайдер болмасы үшін комплекске айналған бұл тұйық шеңберден ешкім қия басып шыққысы келмейді. Жапондарда хикикомори проблемасы осындайдан шыққан: жұмыстан бас тартқан жапон туған-туыстарына масыл болып, қоғамнан оқшау тіршілік етеді. Төңірегіндегілермен тіл табысу үшін күні-түні бас алмай жұмыс істеу, шектен тыс жұмысқа жегілу, талаптың қаталдығынан жылына шамамен 20 асқа дейінгі 500 адам өз-өзіне қол жұмсап бақилық болып жатады. Тек оқушылар ғана бұл жүйеден зардап шегіп отырған жоқ, мұғалімдер де тау-төбе бақылау жұмыстарын тексеріп, сабаққа тыңғылықты дайындалып, сабақтан тыс уақытта да балаларды оқытып, одан қалса, ата-аналармен жұмыс істеп, шамамен мұғалімдердің 60 пайызы өз-өзіне қол жұмсау қатері астында өмір сүріп жатыр. 2017 жылы суицидпен күрестің кезекті кезеңіне аяқ басты: алғашқы 22 жылда кем дегенде 15 мың ер-азамат өз-өзіне қол жұмсаған. Жұмыссыздық, қаржы тапшылығы, т.б. проблемалардан. Әдетте жапондар суицидке бой үйреткен халық. Бұл, тіпті, олардың мәдени құндылығына айналғандай – өз-өзіне қол жұмсап өлудің ауыр күнә екені айтылған дәстүрлі діндердің бұл елдің аумағында кеңінен таралмауы да бұған себеп болып отыр. Ол ол ма, бұл елде тарихы тым арыда жатқан - харакири жасап өз-өзінің түбіне жететін самурайлық сұмырай дәстүрге байланысты бұлай өлу, тіпті, құрмет саналатынын қайтерсің. Ватару Нисида есімді психолог: «Жапонияда христиандық жоқ, сондықтан бұл елде өз-өзіне қол жұмсап өлу – күнә емес. Кейбіреулер мұны жауапкершілікті өзіне алу деп есептейді», -деп айтқаны сөзі бар. Мәселен, 1985 жылы Токио қаласында Boeing 747 ұшағы апатқа ұшыраған кезде JapanAirLines әуежайының техникалық қызмет жетекшісі осы апаттан опат болғандардың (520 адам) рухы алдында кінәсін жуып-шаю үшін Ханэда әуежайында өз-өзіне қол жұмсап өлген. Күншығыс елінің билігі суицидпен күреске 2007 жылы мықтап кірісті. Суицидтің алдын алуға, қоғамның күйзеліске иммунитетін қалыптастыру, т.б. негізгі міндеттерге айналды. Бұл бағдарлама өз нәтижесін бере бастады. 2017 жылы аталмыш ел билігі 2025 жылға дейін өз-өзіне қол жұмсап өлетіндер қарасын 30 пайызға дейін азайтуда алдына мақсат етіп қойды. Яғни, өз-өзіне қол жұмсап өлетіндер қарасын 16 мың адамға дейін кемітуді көздеді. Бұдан бөлек, аптасына 60 сағаттан артық жұмыс істейтіндер қарасын бес пайызға дейін кемітуді де ұмытқан жоқ. Компания басшылары қызметкерлерінің кем дегенде 70 пайызын еңбек демалысына шығуға көндіруге кірісті. Кейбір компаниялар отбасылы қызметкерлерге жұмыстан ерте кетуіне рұқсат етті. Мәселен, әлемге әйгілі Toyota компаниясында жұмыстан тыс уақытта жұмыс істегісі келетіндердің максималды мерзімін де белгілеп қойды – жылына 360 сағңаттан асырмауы керек. Мұнымен тарқатылуы қиын түйінге айналып, күрделі сипат алған мәселе шешіле салмасы анық: өйткені, жапондар шапшаң қартайып бара жатқан халық болғандықтан жұмысшы күшіне зәрулік жапондарды бұл тығырықтан шығара қоюы екіталай. Менталитеті ауыр, ділі қатты жапондардың осындай жазылмаған заңы тілсіз апат секілді талай адамның өмірін жалмап кетіп жатыр. 

0 пікір
Мұрағат