Вьетнамдық еңбек етіп жүрген жігіттер мен қыздардың 73%-ның отбасын құруға немесе ұрпақ өрбітуге жағдайы жоқ
|

Аз жалақы миллиондаған жас вьетнамдықтардың отбасын құрып, ұрпақ өрбітуіне жетпейді. Бұл жайында islam.kz порталы eVnExpress ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Вьетнамның жалпы еңбек конфедерациясы 2025 жылдың наурыз-сәуір айларында 10 елді мекенде 3 000 жұмысшыны қамтыған сауалнама жүргізді. Нәтижесінде 73% жалғызбасты жұмысшылардың отбасын құруға тұрмысының төмендігі қолбайлау болып отырғаны анықталды - олардың жалақысы тұрмыс шығындарын, әсіресе, тұрғын үй, азық-түлік және балаларды күтуге кететін шығындарды жабуға жеткіліксіз. Ал сауалнамаға қатысқандардың 55%ы бар тапқан-таянғаны күнделікті қажеттіліктен артылмайтынын жеткізген. Ал тағы 26%-ы шығынды қысқарту үшін барлық нәрседен үнемдейтінін жасырмаған. Бұдан бөлек, 8%-ның айлығы шайлығына жетпейтінін, сол себепті, қосымша жұмыс іздеуге немесе істеуге мәжбүр екенін жайып салған. Тіпті, кейбіреулері сырқаттанып қалған жағдайда медициналық тексеруден өтуге және дәрі-дәрмек алуға ақша таппайтынын тілге тиек еткен. Көбісі бір баламен шектелген немесе отбасын құрғанымен перзент сүюді кейінге қалдырған. Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбісі жалақысының баласының біліміне жұмсалатын шығынның ішінара өтеуге жететінін алға тартса, 7%-ы баласына білім беруге мүлдем жағдайы келмейтінін мәлімдеген. 44%-ы табысы тек базалық (негізгі) медициналық жәрдем ақысын немесе қызмет шығынын жабуға жететінін айтса, ал 38%-ы тек кейбір негізгі дәрі-дәрмекті сатып алуға ғана мүмкіндігі барын жасырмады, 5,6%-ның емделуге немесе дәрі-дәрмекке мүлдем қол жеткізе алмайтын болып шықты. 2024 жылы 93% жұмысшының ең аз жалақы мөлшерін міндетті шара аясында 6%-ға көтергеніне қарамастан, кейбір компаниялар жалақыны әлеуметтік сақтандыру талаптарына сай тек ең төменгі жалақы алатын жұмысшыларға ғана көтерген. Осы орайда халықаралық еңбекті қорғау ұйымының жалақыға қатысты жалпы өз ұстанымы немесе стандарты барын айта кетпекпіз. Жалақы еңбек етушінің азық-түлігіне, коммуналдық шығындарына, медициналық шығындарына толығымен жеткілікті болуы тиіс, сондай-ақ, болашаққа және саяхаттауға да жететіндей болуын талап етеді. ХЕҰ-ның бұл талабы әр елде әл-ауқаты мен экономикалық көрсеткіштеріне және әлеуметтік саясатына байланысты әрқалай көрініс тапқан. Вьетнамның бас статистикалық басқармасының мәліметі бойынша 2025 жылдың басында жұмысшылар айына орта есеппен 8,3 млн донг (318 доллар) табыс тапқан. Бұл ретте қала жұмысшылары ауыл жұмысшыларына қарағанда 1,4 есе көп табыс тапқан. Бұған жалақы, үстеме жұмыстың ақысы, сыйлықақы, үстемеақы және басқа да жеңілдіктер кіреді. ХЕҰ өкілдері оңтүстік-шығыс Азиядағы аталған ел билігіне жалақыны көтергенде инфляция деңгейін ескеру керектігін тағы бір мәрте есіне салғанын айта кету керек. Өйткені, 2015-2019 жылдардан бастап атаулы жалақы бұл елде 42,7% -ға өсті, ал нақты жалақы небәрі 20,1% -ға ғана артқан. Инфляция деңгейімен салыстырғанда. 2020 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі кезеңде атаулы жалақының 6% -дан аса өсуіне қарамастан, нақты жалақы небәрі 0,7% -ға ұлғайған.




