|
Әлем үшін ішімдікке кететін шығын кедейлікті жоюға кететін шығыннан асып түседі – зерттеу
|
Бұл тараптағы америкалық ғалымдардың арнайы жүргізген зерттеу нәтижесі күллі әлем бойынша тақыр кедейлікті жоюдың қаржылық мүмкіндігі болатынын көрсетіп берген. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Christian Daily ақпарат көзіне жөн сілтеген inVictory мегапорталына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Есеп-қисапқа сәйкес жаһандық кедейшілік деңгейін 10% -дан 1% -ға дейін төмендету үшін әлемдік жалпы ішкі өнімнің шамамен 0,3% -ын ғана қажет етеді. Бұл шаманы нақты ақшаға шаққанда шамамен 318 миллиард долларды құрайды. Бұлбағыттағы зерттеу нәтижелерін желтоқсан айының 15-де Тиімді жаһандық әрекеттер орталығы (Center for Effective Global Action, CEGA), Беркли Калифорния университеті жанындағы зерттеу және білім беру орталығы және Сан-Диего Калифорния университеті, Стэнфорд университеті ғалымдары қатысқан алқалы жиында ұсынды. Сарапшылар сілкіп салар сырмағы жоқ жағдайда өмір сүріп жатқандар қарасының әр жылдардағы үлесі - 2017 жылғы сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша күніне 2,15 доллардан кем - 1981 жылғы 41% -дан 2024 жылы 8% -ға дейін қысқарғанын атап өткен. Бұл прогресс, зерттеуде атап көрсетілгендей, экономикалық өсіммен қатар орын алды. Осыған байланысты зерттеушілер ресурстарды қайта бөлу арқылы тақыр кедейлікті тезірек жою мүмкіндігі туралы мәселені көтереді. Кейбiр есеп бойынша бұған әлемдiк ЖIӨ-нiң 0,08% жеткiлiктi. Десе де үй шаруашылығының егжей-тегжейлі шығындарына қатысты ақпарат жеткіліксіз болғандықтан бұл шаманың өзі қате болуы ықтимал. CEGA мағлұматы бойынша «алшақтықты азайтатын» деп аталатын моделдерді пайдалану кедейлікпен күресті әмбебап базалық кірісті енгізумен салыстырғанда 81% -ға арзан етеді. Сарапшылардың қорытындыларына сәйкес үй шаруашылықтарын ең кедейшілік шегінен шығару үшін тікелей ақша аударымдары әлемдік ЖІӨ-нің небәрі 0,3% -ын құраса, жеткілікті болмақ. CEGA бұл жолды кедейшілікті жоюдың қарапайым және қаржылай жүзеге асырылатын тәсілі деп атады. Салыстыру үшін алсақ, аталған сома халықаралық көмектің таяудағы көлемінен шамамен 50% -ға асып түседі, алайда, әлемнің жыл сайын алкоголге жұмсайтын қаражатының жетіден бір бөлігін ғана құрайды. Басқаша айтқанда, бұл арада сөз шетелдік көмекке жұмсалған бұрынғы шығыстардан сәл асатын (ЖІӨ-нің 0,21%), ал алкоголге (2,2%) немесе косметикаға (0,6%) жұмсалған әлемдік шығыстардан едәуір аз үлес туралы болып отыр. Адамзаттың дамуы үшін маңызды зерттеуге әлемге әйгілі Стэнфорд университетінен Рошни Саху мен Стефан Вагер есімді, Берклидегі Калифорния университетінен Жошуа Блуменсток пен Лео Селкер есімді, сондай-ақ, Сан-Диегодағы Калифорния жоғарғы оқу орнынан Пол Нихаус есімді ғалымдар атсалысқан. Олардың зерттеуі экономика, статистикалық талдау және жаһандық даму тәсілдерін біріктірді.