Ауаның ластануы жүрек құрылымын өзгертеді − ғалымдар
Ауаның ластануы жүрек құрылымын өзгертеді − ғалымдар
6 жыл бұрын 6990 Алтынай Қуанышбек

Соңғы жүргізілген зерттеу нәтижелерінде ғалымдар ауаның ластануы мен жүрек ауруларының бастапқы сатысында пайда болатын жүрек камерасының кеңеюі секілді процесс арасында тығыз байланыс бар екенін анықтады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап. 

Зерттеушілердің айтуынша, жүрек ауруларының бастапқы сатысында пайда болатын жүрек құрылымының өзгеруі ауаның ластануына байланысты.

«Бұл зерттеу ауа ластануы өте жоғары деңгейдегі өңірлерде не себепті өлім санының көп болатынын түсіндіргендей болды», - дейді ғалымдар.

Мысалы, былтырғы жылы Ұлыбританияда Швецияға қарағанда ауа ластануының әсерінен адам өлімі 64 есе жиі болған. Мерзімінен бұрын болатын мұндай өлімдер қан тамыры ауруларына байланысты болуы мүмкін.

«Бір өкініштісі, біз не себепті ауаның ластануы жүрек ауруы мен инсультке әкелетінін анықтай алмадық», - дейді Лондон университетінің кардиологы және зерттеу авторы Нэй Аунг.

Circulation журналында жарияланған мақалада зерттеу авторлары азот диоксиді мен PM2.5, PM10 деген атаумен белгілі бөлшектердің жүрек камераларын үлкейтетінін анықтаған. Айта кету керек, PM бөлшектері автокөлік құралдарынан көп бөлінеді. Зерттеу авторларының айтуынша, мұндай өзгерістер жүректің жұмысына әсер етіп, жүрек ауруларының тууына алғышарт бола алады.

Зерттеу жұмыстарына 40-69 жас аралығындағы 4 мыңнан астам еріктілер қатысқан. Олар Британ Биобанкі смекілді кең танылған зерттеу жұмыстарына да атсалысқан. Зерттеуге қатыспас бұрын олардың ешқайсысында жүрек ауруы мен ақау болмаған. Зерттеу басталарда қатысушылардың жүрегіне МРТ жасалып, құрылымы мен жүрек қызметі туралы толыққанды мәлімет жинақталған.

Сонымен қатар, зерттеушілер қатысушылардың тұратын мекен жайларының маңындағы соңғы бес жылдағы ауаның ластану көрсеткішін ескерген. Сондай-ақ, ғалымдар олардың жасы, жынысы, табысы мен темекі шегу таризы секілді факторларды жинақтаған.

Аунгтің айтуынша, зерттеу соңында байқалған өзгеріс аз мөлшерде болғанымен, өте маңызды саналады.

«Гипертония кезінде де жүрек камерасының көлемі өзгереді. Бірақ, жаңа зерттеуде нақты ауаның ластану көрсеткіші де осындай қауіп тудыратынын анықтап отырмыз. Яғни, ауа тым ластанған жерде тұратын адамдарда жүрек ауруларына шалдығу қаупі жоғары болады», - дейді ол.

Ал зерттеуге қатыспаған мамандардың бірі, Лидс университетінің жүрек-қантамырлар медицинасы профессоры Крис Гейлдің айтуынша, зерттеуге қатысқандардың тек тұратын мекен-жайы ескерілгенімен, олардың жұмысқа барып-келіп, басқа да жерлерде жүретініне де мән беру керек.

«Сондай-ақ, зерттеу тек бір сәттік көрсеткіштерді ескерген. Адамдарды бірнеше жыл бойы бақылағанда, нәтиже нақтырақ болар еді. Дегенмен, бұл зерттеу ауа ластануының көрсеткіші мен жүрек-қантамырлар аурулары арасында тығыз байланыс бар екенін дәлелдеді», - дейді Гейл. 

0 пікір
Мұрағат