Доллар әлде биткойн: қандай қаржы құралы сенімділік тудырады?
|

Криптовалютаға қарсы топтағылар көбінесе цифрлы активтің ешнәрсемен бекітілмегенін алға тартады, яғни, виртуалды ақшаға ауадан алынған құндылық ретінде қарайды. Ал долларды өзге ұлттық валюталар (яғни, әр елдің төл ақшасы) құнсызданғанда жинақ және төлем құралы ретінде алға шығатын валюта ретінде қабылдайды. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде happycoin.club дерек көзіне жөн сілтеген cryptonews.net ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Адамдардың дені ақшаның ішкі құндылығы бар деп сенеді. Десе де Америка құрама штаттарының 37-ші президенті Ричард Никсон долларды алтыннан «айырғаннан» кейін ол кәдімгі қағаз ақшаға айналды. Енді оның құны мен құндылығы АҚШ үкіметіне деген сеніммен ғана байланысты. Мұнай немесе ауыл шаруашылығы өнімдері сияқты активтерден айырмашылығы - фиаттық валюталар орталық банктер мен саясаткерлер басқаратын жүйеге бұқаралық сенімге негізделеді. Орталық банктер мұндай валютаға деген сұраныс пен ұсынысты сараптай келе пайыздық мөлшерлемелерді осы сараптаманың негізінде түзеді немесе белгілейді және экономиканы басқаруға қажетті мөлшерде ақшаны басып шығарады. АҚШ федералдық резерв жүйесі 2008 жылғы дағдарыс немесе Covid-19 пандемиясы кезіндегідей триллиондаған доллар басып шығарса, бұл жайт инфляцияны арттырып, қолда бар ақшаның құнын жоғалтады. Жабық кабинетте қабылданатын шешімдер жұмыс орындарында, тұрғын үй бағаларында және азық-түлік шоттарында, яғни, адамдар мен олардың отбасыларының тұрмысы мен тіршілігінде көрініс табады. Ақшаға қатысты шешімдер әдетте жабық кабинеттерде қабылданатындықтан, яғни, ашықтық болмаған жерде жүргізіліп отырған саясатқа немесе экономикалық бағыт-бағдарға байланысты асыра сілтеу мен белгілі бір мүддеге сай етіп қабылдану ықтималдылығы жоғары: инфляция арқылы жинақ ақшаны құнын кетіріп, банкрот болған банктерді тағы ақша басып шығару арқылы құтқарып қалуы мүмкін. Ал нарық табиғи сұранысқа қарай емес, билік қолдан тудырған осындай құлдырау мен шарықтауға қарай өзгеріп отырады. Ал криптовалютаға келсек, жағдай басқаша: мәселен, бүгінде ең құнды актив ретінде алға шыққан, танымал биткоин 2009 жылы орталықтандырылған қаржы жүйесінің осындай жүгенсіздігіне қарсы пайда болған еді. Биткоин орталықсаздандырылған (белгілі бір топтардың немесе қолында билігі бар топтардың бақылауындағы емес) жүйе бойынша жұмыс істейді. Цифрлы активтің ережелері үкімет құжаттарында емес, кодпен жазылады. Оның ұсынысы (ұсынылатын шекті мөлшері) алгоритмдермен бекітілген 21 млн монетамен шектелген. Әрбiр мәмiле кез келген адамның көруiне болатын жалпыға жария тізілімде (блокчейнде) тiркеледi. Сынаушылар әдетте критовалютаны тұрақсыз валюта санайды, алайда, оның желілік құрылымы ашық (мөлдір). Бұл ашықтық қаржының заңсыз пайдаланылуына мейлінше жол бермейтін тетік ретінде алға шығады. Сіз оның ұсынысын, транзакцияларын тексеріп, инфляция қарқынын болжай аласыз (жаңа монеталар инфляция қарқынын бәсеңдету арқылы айналымға түседі). Ешқандай қосымша монеталар жоқ және болуы да мүмкін емес. Ешбір комитет бүкіл әлем бойынша пайдаланушылардың консенсусынсыз оның ережелерін өзгертуге дауыс бере алмайды. Криптовалютаға қатысты басты проблема – адамдардың көбісі мұндай валютаның жұмыс істеу принципін түсіне бермейтіндігінде немесе фиатты валютаның нақты қандай шешімдер негізінде жұмыс істейтіндігінен хабарсыз болуында жатыр. Фиатты валюта сенімсіз (үкіметтік, қаржылық) институттарға көзсіз сенуді талап етеді.




