Жасанды зерденің қоршаған ортаға залалы артып келеді
|

Қазіргі үрдіс сақталатын болса, жасанды зерде жақын арада дерек орталықтары тұтынатын энергияның жартысын жұмсайтын болады. Бұл Амстердамның азат университетінің экологиялық зерттеулер институтының АІ, биткоин және блокчейн бойынша маманы Алекс де Врис-Гаоның болжамы. Бұл жайында islam.kz порталы Joule мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметі бойынша 2024 жылы деректерді өңдеу орталықтары әлемдік энергияның 1,5%-ына дейін тұтынған және бұл тараптағы көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Алайда, дерек орталықтары тек АІ сауалдарын өңдеу үшін ғана емес, сонымен қатар, бұлтты деректерді, биткоиндер мен басқа да цифрлық валюталарды өндіруді өңдеу және сақтау үшін де қолданылады. Соңғы бірнеше жылда АІ әзірлеушілері ChatGPT секілді тіл моделдерінің жұмыс істеуі үшін үлкен есептеу қуатын қажет ететінін жасырмайды, іпті, кейбір компаниялар өз қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін өздері электр энергиясын өндіруге кіріскен. Сарапшылар бұл тарапта Nvidia сияқты компаниялар үшін чиптердің көп бөлігін шығаратын тайуандық TSMC алып компанияның өнімдерін зерттеді; беделді талдаушылардың сараптамаларын, табыс туралы есеп-қисапты және АІ дата-орталықтарын салу үшін сатып алынған, сатылған және қолданылатын техника туралы мағлұматтарды пайдаланған; АІ жұмысы үшін пайдаланылатын жабдықтардың электр энергиясын қаншалықты тұтынатыны туралы жария есептерді, сондай-ақ ,оның жүктеме коэффициенттерін талдаудан өткізген екен. Сосын барлық жиналған мәліметтерді біріктіріп, АІ-мен жабдықтаушылардың қаншалықты энергия тұтынатынын есептеуде пайдаланды. Нәтижесінде сағатына 82 тераватт энергия тұтынатыны анықталды. Бұл көрсеткіш Швейцарияның тұтынатын энергия мөлшеріне тең. АІ дата-орталықтарының энергияны тұтыну деңгейінің өсуі тек сұраныстың артуымен ғана шектелмейді, ол электр энергиясының қымбаттауына алып келуі мүмкін, экологиялық салдары да болуы мүмкін. Егер АІ-мен жабдықтаушылардың көпшілігі өз қондырғыларын ортақ энергия желісінен қоректендірсе, бұл атмосфераға бөлінетін парниктік газдардың күрт ұлғаюына алып келуі мүмкін, себебі, электр энергиясының едәуір бөлігі әлі күнге дейін көмірді жағу есебінен өндіріледі, ал бұл жаһандық жылыну қарқынын арттырады.




