Қазақстандағы авторлық құқық және өнеркәсіптік меншік: зияткерлік меншігі туралы не білу қажет
Қазақстандағы авторлық құқық және өнеркәсіптік меншік: зияткерлік меншігі туралы не білу қажет
3 жыл бұрын 2810 egov.kz

Адам ойы мен қызметінің әрбір өнімі өзінің құндылығына ие. Әрбір азаматтың өз өнертабысын, ғылым, әдебиет және өнер туындыларын, зияткерлік қызметтің өзге де нәтижелерін қорғауға заңды құқығы бар (14-бап ҚР Азаматтық Кодексі). Бұл мақалада сіз зияткерлік меншікке не жататынын және оны қалай қорғауға болатынын білесіз

Зияткерлік меншік – бұл зияткерлік шығармашылық қызметтің нәтижелері және азаматтық айналымға қатысушыларды, тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді дараландыру құралдары. Басқаша айтқанда, зияткерлік меншік екі түрге бөлінеді: біріншісі - өнер туындылары, шығармашылық және ғылыми әзірлемелер, ноу-хау, екінші түрі компания немесе тұлға басқалардан өзгеше болуы мүмкін нәрселерді қамтиды, тауар белгілері, логотип, ұран және т.б. Толық жіктеу Азаматтық кодекстің 961-бабында  көрсетілген.

Зияткерлік шығармашылық қызметтің нәтижелеріне: 

  • ғылым, әдебиет және өнер туындылары;
  • эфирлiк және кәбiлдiк хабар тарату ұйымдарының орындаушылығы, қойылымдары, фонограммалары мен хабарлары;
  • өнертабыстар, пайдалы модельдер, өнеркәсіптік үлгілер; 
  • селекциялық жетістіктер; 
  • интегралды микросхемалар топологиясы;
  • ашылмаған ақпарат, оның iшiнде өндiрiс құпиялары (ноу-хау);
  • Азаматтық Кодексте немесе өзге де НҚА (нормативтік-құқықтық актілерде) көзделген жағдайларда зияткерлік шығармашылық қызметтің басқа нәтижелері.

Азаматтық айналымға қатысушыларды, тауарларды, жұмыстарды немесе қызмет көрсетулердi дараландыру құралдарына​: 

  • фирмалық атаулар; 
  • тауарлық белгiлер (қызмет көрсету белгiлерi);
  • тауарлар шығарылатын жерлердің атаулары (шығатын жерін көрсету);
  • Азаматтық Кодексте және ҚР заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда азаматтық айналымға қатысушылардың, тауарлар мен қызмет көрсетулердiң басқа да дараландыру құралдары жатады (логотип, слоган).

Зияткерлік меншік құқығының түрлері 

Егер сіз шығармашылық немесе зияткерлік меншік өнімінің авторы болсаңыз, онда сіз бастапқыда жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтарыңыз бар. Бұл дегеніміз, егер сіз болашақта өз шығармаңызды біреуге берсеңіз де, мүліктік емес құқық сізге қалады. Авторлық құқық иеліктен шығарылмайды және берілмейді.

Сондай-ақ, автор зияткерлік меншікке  айрықша құқыққа  (мүліктік құқық) ие, ол өз қалауы бойынша қызмет нәтижелеріне билік етуге: сатуға, пайдалануға толық немесе ішінара рұқсат беруге немесе билік етуге мүмкіндік береді.

Айрықша құқықтарды, авторлық құқықтарға қарағанда, шарт бойынша толық немесе ішінара беруге болады. Бұл жағдайда авторлық құқықтар шектелмеуі тиіс, яғни егер компания сіздің жұмысыңызды немесе әзірлемеңізді сатып алса, авторлық құқықтар сізге қалады.

Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізіліміне мәліметтер мен олардың өзгерістерін енгізу тәртібі

«Авторлық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ғылым, әдебиет және өнер туындысына авторлық құқық оны жасау фактісіне байланысты туындайды.  Авторлық құқықтың пайда болуы мен жүзеге асырылуы үшін туындыны тіркеу, туындыны өзге де арнайы ресімдеу немесе қандай да бір формальдылықты сақтау талап етілмейді.

Осыған байланысты авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың Мемлекеттік тізіліміне мәліметтерді енгізу рәсімі міндетті сипатта болмайды.

«Ұлттық зияткерлік меншік институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – «ҰЗМИ» РМК) «Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізіліміне мәліметтерді және олардың өзгерістерін енгізу» қызметін көрсетеді.

Мұндай объектілерге келесілер жатады:

  • әдеби, ғылыми, драмалық, сценарийлік шығармалар;
  • мәтіні бар немесе мәтінсіз музыкалық туындылар және музыкалық-драмалық туындылар;
  • хореография, пантомима туындылары, аудиовизуалды шығармалар;
  • сәулет, қала құрылысы, бақ-саябақ өнері туындылары;
  • кескіндеме, мүсін, графика, бейнелеу және қолданбалы өнер туындылары; 
  • фотографиялық туындылар және фотосуретке ұқсас тәсілдермен алынған туындылар, сондай-ақ карталарға, жоспарларға, эскиздерге, иллюстрацияларға және географияға, топографияға және басқа ғылымдарға қатысты үш өлшемді туындылар;
  • электрондық есептеу машинасына (бұдан әрі - ЭЕМ) немесе деректер қорына арналған бағдарламалар.

Туындының авторы немесе оның сенімхат бойынша өкілі ЭЦҚ арқылы веб-порталда авторизацияланады, онда міндетті алаңдарды (ЖСН, туындының атауы, шығарылған күні және объектінің түрі) толтырады, өтінішті қалыптастырады және туындының данасын тіркейді.

Туындының данасы ретінде өтінішке – эскиздер, сызбалар, суреттер немесе фотосуреттер, ал ЭЕМ-ге немесе дерекқорға арналған бағдарламаларға қатысты бағдарламаның немесе дерекқордың атауын, автордың тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жасалған күнін, қолдану саласын, мақсатын, функционалдық мүмкіндіктерін, бастапқы кодын (бастапқы мәтінді), негізгі техникалық сипаттамаларын, бағдарламалау тілін, іске асырушы ЭЕМ-нің типін қамтитын реферат қоса берілуі мүмкін.

Көрсетілетін қызметті алушы діни мазмұндағы туындыларға қатысты дінтану сараптамасының оң қорытындысының электрондық көшірмесін қосымша ұсынады.

Құрамдас немесе туынды шығармаға қатысты көрсетілетін қызметті алушы түпнұсқалық туындының авторымен(дарымен) немесе құқық иеленушімен жасалған авторлық шарттың көшірмесін қосымша ұсынады.

Егер құрамдас туындыда қорғау мерзімі өтініш беруші өтініш берген күні аяқталған басқа авторлардың туындылары пайдаланылған жағдайда, авторлық шарт талап етілмейді.

Туынды шығарма жасалған туындыны қорғау мерзімі аяқталған жағдайда, негізгі туындының авторымен авторлық шарт ұсыну талап етілмейді.

«Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны іске асыратын жұмыстарға және қызметтерге бағаларды бекіту туралы» РМК директорының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы №254 нқ бұйрығына сәйкес, Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың Мемлекеттік тізіліміне мәлімет енгізу үшін белгіленген мөлшерде төлем алынады (6932,80 теңге).

Заңда келесі тұлғаларға тиесілілігі туралы растайтын құжаттарды ұсынған жағдайда мәліметтерді Мемлекеттік тізілімге енгізу жөнінде көрсетілген қызмет үшін бағаның 95 пайызы мөлшерінде жеңілдіктер көзделген::

  1. Ұлы Отан соғысына қатысушыларға;

Жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарға:

  • майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары;
  • Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының әскерлерi мен iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдары;
  • Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдар;
  • Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдар;
  • бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерi;
  • Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтар;
  • Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындар;
  • 1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдар;

басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне:

  • бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда);
  • оқу жиындарына шақырылған және ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде Ауғанстанға жiберiлген әскери мiндеттiлер;
  • Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi;
  • бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерi;
  • Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлер;
  • Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері;
  • Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері;
  • Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары;
  • Социалистік Еңбек Ерлері, үш дәрежелі Даңқ, үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлері;
  • «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған адамдар;
  • Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар;
  • 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар; 
  1. Мүгедектерге, сондай-ақ бала кезінен мүгедектің ата-анасының біреуіне.
  2. Қандастарға.
  3. Кәмелетке толмағандарға.

Тізілімге бір жеке немесе заңды тұлғалардың тауарларын (қызметтерін) басқа жеке немесе заңды тұлғалардың біртектес тауарларынан (қызметтерінен) ажыратуға арналған туындыларға құқықтар туралы мәліметтер енгізілмейді.

Тізілімге енгізілген мәліметтер негізінде мәліметтерді енгізу туралы куәлік беріледі, ол электрондық түрде көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне жіберіледі.

Тізілімнен мәліметтерді жою және өзгерістер енгізу автордың өтініші бойынша, сондай-ақ заңды күшіне енген сот шешімі негізінде жүргізіледі.

0 пікір
Мұрағат