|
Тәулік ұзарып барады
|
Жердің өз осіндегі айналу жылдамдығы біртіндеп төмендейді, соның салдарынан тәулік сәл ұзарады. Бұл жайында islam.kz порталы IFLScience ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ғаламшар айналымын дүркін-дүркін жылдамдатып, баяулатып отырғанымен, зерттеушілер жер бетіндегі күннің қазіргі ұзаруының соңғы 3,6 миллион жылда болмағанын анықтады. Теориялық тұрғыдан Жер өз осінің айналасында 24 сағат ішінде толық айналады дегенмен іс жүзінде тәуліктің ұзақтығы Айдың гравитациясының және планетаның жер қойнауында, оның бетінде және атмосфераның жоғарғы қабаттарында болып жатқан түрлі процестердің әсерінен өзгеруі мүмкін. Жер қозғалысының жылдамдығына адамзаттың жер ресурстарын игеру мен пайдалану қарқыны да әсер етпей қоймайды. Адам белсенділігінен туындаған жаһандық жылыну мұз қалқандарының еруіне алып келді. Мұздан босаған су планетаның салмағын өзгерте отырып, мұхиттар мен теңіздерге таратады. Нәтижесінде Жер айналымын баяулатып, тәуліктің ұзақтығын бірнеше миллисекундқа арттырады. Бұл құбылысты мәнерлеп сырғанаушымен салыстыруға болады: ол қолын созған кезде айналу жылдамдығы баяулайды. Полярлық облыстардағы мұз қалқандары Жердің айналу осіне жақын шоғырланған. Мұз массасы еруіне қарай экваторға қарай жылжып, осьтен алыстайды, ал бұл құбылыс планетаның айналу жылдамдығын баяулатады. Ғалымдардың мәліметінше, ХХІ ғасырда полярлық және тау мұздықтарының жедел еруі мұхит деңгейін арттырады және тәулік ұзақтығын ұзарта отырып, Жердің айналу жылдамдығын баяулатады. Бұл тараптағы зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бүгінгі таңда жер бетіндегі тәуліктің ұзақтығы бір ғасырда шамамен 1,33 миллисекундқа артады. Ғалымдардың айтуынша, мұндай құбылыс соңғы 3,6 миллион жылда бұрын-соңды болмаған. Ғалымдардың болжамынша, XXI ғасырдың соңына қарай климат өзгеруінің тәулік ұзақтығына әсері Айдың гравитациялық әсерінен асып түсуі мүмкін. Тіпті, күн ұзақтығының шамалы ауытқуы GPS жүйелерін қоса алғанда, уақытты дәл есептеуге байланысты технологиялардың жұмысында іркілістерді тудыруы мүмкін.