Тері-былғарыдан тігілген киімдер таңбалануы тиіс (видео)
Тері-былғарыдан тігілген киімдер таңбалануы тиіс (видео)
9 жыл бұрын 5526 24.kz Н.Әбдірахманқызы, Б.Қадыржанов.

Тері-былғарыдан тігілген киімдер таңбалануы тиіс. Еуразиялық экономикалық одақ аясында қолға алынған осындай келісім күшіне енді. Яғни, тонның қандай теріден тігілгендігі, өндірген мемлекет әрі жеткізуші жөнінде ақпарат жазылған арнайы чип тауарға жапсырылады. Бұл белгілерсіз кәсіпкерлер одақ аясында киімді сата да, тасымалдай да алмайды. Алайда, жаңашылдық көптің көкейінде сан сауал тудырып отыр. Сарапшылар тондардың құны шарықтауы мүмкін деген болжамдарын жасап отыр. Әрбір ақ жаулықтының көңіліне де, денесіне де жылу беретін бұл сырт киім қашан да сәннен шықпаған. Алайда, тері киімдерін таңдаған кезде жасандысына тап болмағаныңызды қайдан білесіз? Осындай көлеңкелі бизнестің көзін жою үшін арнайы келісім қабылданды. Әр тон таңбалануы керек. Сол арқылы тұтынушы тауардың қайда тігіліп, қайдан жеткізілгенін анық біледі. Любовь Худова, ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті: - Статистикаға сүйенсек, Ресей нарығында теріден тігілген өнімдердің 80 пайызы контрафактілі тауарлар. Яғни, тондардың қандай теріден жасалғаны белгісіз. Контрабанданың салдарынан ел қазынасына қыруар қаржы түспей отыр. Көлеңкелі экономиканың үлесі де артып тұр. Пилоттық жоба одақ аясында бүгін күшіне енді. Ал елімізде қыркүйек айынан бастап қолданысқа кіреді. Себебі, оған әлі дайын емеспіз. Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худованың айтуынша, кәсіпкерлер қолдарындағы бар тондарды таңбалауға дайын. Алайда, елімізде мұндай белгі әлі шығарылған жоқ. Ал сырттан сатып алса, тауардың бағасы қымбаттап кетеді. Любовь Худова, ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті: - Ресейде қоймаларда жатқан тондар таңбаланып, арнайы чиптер орнатылған. Ресей тері өнімдері одағының мәліметінше, онда миллионнан астам кәсіпкерлер осындай белгіні сатып алып, арнайы жүйеге тіркелді. Албізде ештеңе дайын емес. Тек кәсіпкерлер палатасы бұл жүйе қалай жұмыс істеп, кім неге жауапты екендігі көрсетілген арнайы ережені әзірледі. Егер біз Ресей немесе Беларусь елінен осы жүйені сатып алсақ, онда тауарды таңбалайтын чиптерді жасайтын қондырғылардың барлығын алуымыз керек. Осы шығындарды өтеу үшін біз тауар бағасын қымбаттатуға мәжбүр боламыз. Дегенмен, жауапты орган өкілдері байбаламға салынудың қажеті жоқ екенін айтады. Себебі, бұған дейін елімізге жеткізілген тондарды таңбалау мерзімі шектеусіз. Ал қыркүйек айынан бастап елімізге жөнелтілген тауарлар кеденнен өткеннен кейін 30 күннің ішінде рәсімделуі тиіс. Жапсырылатын таңба, ұлттық банктің банкноттық фабрикасында шығарылады. Мамандардың сөзінше, мұндай чиптердің құны кәсіпкерлерге салмақ салмайды. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер үшін бұл талап ортақ болғандықтан, ол жақтан импортталған тондарды таңбалау қажет емес. Бақытбай Көпбасаров, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы: - Бұл таңбада тиісті тауардың өндірушісі және әкелушісі туралы ақпарат болады. Және көзбен оқитын визуалды белгілері болады. Өңдіруші мемлекеттің белгісі болады. Және тиісті қорғау элементтері бар. Кеден заңнамасына сәйкес кеден рәсімі барысында алып келуші импорттаушы тиісті ақпараттарды толығынан біздің мемлекеттік кірістер органдарына ұсынады. Алайда, табиғи теріден киім тігетін отандық кәсіпкерлер бүгіннен бастап өнімдерін таңбасыз одақ аясында саудалай алмайды. Себебі, келісім күшіне енді. Дана Жүнісова,«Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының басқарма төрағасының орынбасары: - Біз өндіріліп жатқан немесе алып сататын тері бұйымдарын өзге мемлекеттерге сату үшін шекарадан алып шығу кезінде осы талап бойынша туындап отырған мәселелерді реттеуге тырысып жатырмыз. Мәселен, Ресей федерациясы 12 тамыздан бастап аталған рәсімді енгізуге дайын. Бұл бізге қиындық тудырады. Себебі Ресей аумағында осы талап одақтас елдердің бәріне бірдей сақталады. Ал бұл мемлекеттердің жаңа жүйеге дайындығы әрқилы.  Кәсіпкерлердің жаңа жүйеге дайындығын сұрап бірнеше іскер азаматтарға хабарласқан едік. Алайда, бизнесмендер бұл жаңашылдық бізге түсіндірілген жоқ дейді. Ал мамандар елімізде тіркелген 70-ке жуық тері киімдерін жеткізушіге қажетті ақпарат беріліп жатқанын айтуда. Солардың бірі Юлия Тогобицкая, бұл жаңашылдық тұтынушыларды алдап соғатын алаяқтарға тосқауыл болады,- деп отыр. Юлия Тогобицкая, тері киімдерін сататын компания өкілі: - Желтоқсан айында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бізді шақырып, бұл жүйемен толыққанды таныстырды. Қыркүйек айында жоба іске қосылысымен біз ғаламтор жүйесі арқылы тиісті мекемеге тері киімдері туралы ақпаратты жібереміз. Содан соң бізге таңбалайтын арнайы чиптерді жөнелтеді. Оның 2 түрі болады. Бізге мұндай белгілер мың теңгеден қымбат болмайды деп айтты. Пилоттық жоба 2 жылға есептелген. Осы уақыт аралығында одаққа мүше әр мемлекет жүйенің тиімділігін саралайды. Егер көлеңкелі бизнес мәселесі шешіліп, жобаның пайдасы дәлеледенсе, жеңіл өнеркәсіп тауарлары жаппай таңбалануы мүмкін. Айтпақшы, бұл ереже тек кәсіпкерлерге қатысты. Былғары бұйымдарын сырттан алған жеке тұлға оны рәсімдеуге міндетті емес.

0 пікір
Мұрағат