Ұлыбританияда өрмекші мен шаянның уынан дәрі-дәрмек жасалады (видео)
Ұлыбританияда өрмекші мен шаянның уынан дәрі-дәрмек жасалады (видео)
8 жыл бұрын 4397 24.kz Е.Қашқынов, Ж.Джазина

Өрмекшілер мен шаяндар супербактериямен күресуге көмектеседі. Ұлыбритания ғалымдары осындай тосын жаңалық ашып отыр. Олар енді дәруі зор дәрі-дәрмектің жаңа түрін жасап шығаруға белсене кірісіп жатыр. Адамның зәресін алып, үрейін ұшыратын улы жәндіктерден де пайда табуға болады деп кім ойлаған. Англияның оңтүстік-шығысындағы мына зертханада 400-ге жуық омыртқасыз зиянкес тіршілік етеді. Олардың арасында бүйі мен шаянның ондаған түрі бар. Бұл жәндіктерде кісіні сеспей қатыратын у бары баршаға аян. Бірақ, оның адамды ажалдан арашалап қалатын қасиеті барын екінің бірі біле бермесе керек. Зертхана қызметкерлері жәндіктерді уақытша ұйықтатып, электрстимуляция арқылы удың ұсақ тамшысын алып, оның өзін тағы бірнеше бөлшекке бөледі. Стивен Трим, зертхана қызметкері: - У шикі мұнай сияқты бірнеше жүздеген бөлшектен тұрады. Оларды жоғары қысымды сұйықтық хроматография деп аталатын үдеріс негізінде ыдыратамыз. Бұл бізге жүздеген әртүрлі қоспалар береді. Олардың әрқайсысында бірден беске дейін пептид болады. Міне, осы жасушалар өрмекшілер мен шаяндарға өз жемтігін өлтіруге мүмкіндік береді. Ғалымдар аталған тәсілді қалыпты антибиотиктерге бой үйретіп алған бактерияларды жою ісінде қолдануға болады деп сенеді. Қазір бұл зертхана бірнеше фармацевтика компанияларымен ынтымақтастық орнатып, бірлесе жұмыс істеуде. Осы әріптестік арқасында уды толыққанды дәрілік препаратқа айналдыруға жол ашылмақ.

 

0 пікір
Мұрағат