Дәрігердің сертификатын қалай тексеруге болады
Дәрігердің сертификатын қалай тексеруге болады
1 сағат бұрын 59 kaz.inform.kz inbusiness.kz 24.kz Назерке Сүйіндік, Мейірім Бақытбек, Зайнұр Байжігіт

KAZINFORM – Дәрігердің белгілі бір мамандық бойынша пациент қабылдауға құқығы бар-жоғын кез келген азамат ресми жүйе арқылы тексере алады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Kazinform сауалына берген жауабында дәрігердің маман сертификаты туралы ақпаратты қайдан көруге болатынын түсіндірді.

Комитет төрағасының орынбасары Жандос Әділханның мәліметінше, медицина қызметкерлерін сертификаттау электронды форматта eLicense порталы арқылы жүргізіледі.

Азаматтар медицина қызметкері туралы деректерді осы порталдағы «Рұқсат беру құжаттарын іздеу» бөлімінен ала алады. Ол үшін медицина қызметкерінің деректері қажет.

– Маман сертификаты дәрігерге белгілі бір мамандық немесе мамандандыру бойынша клиникалық практикамен айналысуға мүмкіндік береді. Қолданыстағы талап бойынша, медицина қызметкері клиникалық практикаға жіберілу үшін тиісті мамандық немесе мамандандыру бойынша маман сертификатына ие болуы тиіс, - деді спикер.

Бұл талап дәрігер бірнеше медициналық мамандық бойынша жұмыс істеген жағдайда да қолданылады. Комитеттің түсіндіруінше, дәрігер әрбір мамандық бойынша клиникалық практикамен айналысуға рұқсат беретін сертификатқа ие болуы керек.

Қазір жаңа мамандық бойынша маман сертификатын алу үшін дәрігер сол мамандық бойынша резидентураны аяқтағаны туралы куәлік ұсынуы қажет. 

– Ал бұған дейін, яғни 2022 жылғы 15 қарашаға дейін басқа тәртіп қолданылды. Ол кезде жаңа мамандық бойынша сертификат қайта даярлаудан өткенін растайтын құжат негізінде де берілді. Мұндай қайта даярлау кемінде 860 сағаттық оқуды талап етті. Соның нәтижесінде кейбір тәжірибелі дәрігерлерде бір кәсіби бейінге жататын екі немесе одан да көп мамандық бойынша сертификат болуы мүмкін, - деді комитет төрағасының орынбасары.

Осылайша, пациент дәрігерге жазылмас бұрын оның тиісті мамандық бойынша сертификаты бар-жоғын eLicense порталынан тексере алады.

 

Қазақстанда дәрігер қабылдауына алдын ала жазылу мүмкіндігі кеңейді

Қазақстанда емханалардың жұмыс тәртібі кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өзгерістер медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, пациенттердің күту уақытын қысқартуға бағытталған.

Қазір азаматтар дәрігер қабылдауына 60 күнге дейін алдын ала жазыла алады. Бұған дейін қабылдау кестелері негізінен екі аптаға ашылатын.

Нәтижесінде жалпы практика дәрігерлеріне өз бетінше жазылу үлесі 20%-дан 72,5%-ға, ал бейінді мамандарға жазылу көрсеткіші 4%-дан 66,1%-ға дейін өскен.

Сонымен қатар учаскелік дәрігерлердің пациент қабылдауға арналған жұмыс уақыты күніне 4 сағаттан 6 сағатқа дейін ұзартылды. Осыған байланысты қабылдауды күту мерзімі орта есеппен 5–7 күннен 1–3 күнге дейін қысқарған.

Соңғы екі жылда денсаулығы кенеттен нашарлаған, бірақ өміріне тікелей қауіп төнбеген пациенттерге арналған 680 шұғыл медициналық көмек кабинеті ашылды. Сондай-ақ шұғыл көмек көрсету үшін 995 мобильді бригада құрылды.

Емханаларда мейіргерлердің өз бетінше қабылдауын дамыту да жалғасып жатыр. Олар өз өкілеттігі шегінде бірқатар медициналық рәсімдерді орындап, құжаттарды ресімдейді және созылмалы ауруы бар пациенттерді бақылауға қатысады.

Министрліктің мәліметінше, халықты медициналық-санитариялық алғашқы көмек қызметтерімен қамту деңгейі 60%-дан 80%-ға дейін артқан.

Медициналық құжаттарды цифрландыру жұмыстары да жалғасуда. Рецепттер мен уақытша еңбекке жарамсыздық парақтары электрондық форматқа көшіріліп, медициналық анықтамалардың 13 түрі цифрландырылды.

Жоспарлы емдеуге жатқызу алдында жүргізілетін кейбір зерттеулердің жарамдылық мерзімі де ұзартылды. Жекелеген тексерулердің мерзімі 10 күннен 12 күнге дейін, ал кейбірінің мерзімі бір айдан үш айға дейін ұлғайтылды.

Министрлік бұл өзгерістер алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, емханалардағы күту уақытын азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Әлемде 2030 жылға қарай 11 млн дәрігер қажет болады

Жаһандық медицинаға қауіп төнді, деп хабарлады 24.kz 

Әрі кетсе 3-4 жылда денсаулық сақтау саласына 11 млн білікті дәрігер қажет болады. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы. Сарапшылар мұның себебін мамандардың қартаю үдерісімен түсіндіреді.  Кейінгі 20 жылда әлемде медицина қызметкерлерінің саны 50 пайызға артты. Қазір бұл салада 70 млн адам жұмыс істейді. Алайда, әр төртінші маманның жасы 55-тен асқан. Дамыды деген Еуропаның өзінде дәрігерлердің үштен бірі – зейнет жасына жеткендер. Ал Болгария, Италия және Германияда олардың үлесі тіпті 40 пайыздан асады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы болса, климат өзгерісі әлемдегі денсаулық сақтау жүйесіне әсер ететінін ескертеді.

Тереза Закария, ДДСҰ бөлім басшысы: - Эль-Ниньо – тек климаттық құбылыс емес, бұл жаһан жұртының денсаулығына төнген елеулі қауіп. Ауа райы өзгеріп қана қоймай, түрлі аурулардың таралуын арттырады. Жағдай әсіресе денсаулық сақтау жүйесі нашар дамыған елдерде қиындай түседі.

Дәрігер тапшылығы жекелеген елдерге немесе аймақтарға тән мәселе емес. Қазір бүкіл жаһанда медицина саласына маман жетіспейді. Дамыған елдер мұны кадрларды сырттан шақыру арқылы шешуге тырысып келеді. Мәселен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде, 600 мыңнан аса шетелдік дәрігер жұмыс істейді. Бұл - сол елдердегі медицина қызметкерлері санының бестен біріне тең.  Алайда, бай, жетекші елдер кадр мәселесін шешеміз деп, дамушы мемлекеттерде мәселенің ушығуына әкелді. Сондықтан сарапшылар: «Медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетуге мән беру қажет», - дейді. Ол үшін технологияға көбірек жүгіну керек екенін айтады. 

Кристофер Дефлич, Penn State Health директоры:  - Медицинада ақпарат өте көп, адамға мұның бәрін бірден есте сақтау қиын. Бұл арада жасанды интеллектінің көмегі орасан. Ең бастысы, соңғы шешімді адам қабылдайды. Өйткені, адам бақыламаса, технология қате нәтиже беруі мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дәрігер жетіспейтін елдердің 70 пайызы Африка мен Жерорта теңізі аймағы екенін айтады. Соның бірі – Конго Демократиялық Республикасы. Қазірдің өзінде мұнда 5 мың маманның орны бос тұр. Ал елде Эбола вирусы тез тарап жатыр.

«Кадр тапшылығын азайту үшін мамандарды сырттан шақырмай, ел ішінде даярлау жұмыстарын ширату қажет. Бұл үшін медицина қызметкерлеріне лайықты жалақы мен кәсіби қолдау көрсету керек», - дейді халықаралық ұйым өкілдері. 

Зайнұр Байжігіт

 

0 пікір
Мұрағат