Naryk.kz - Қайтыс болған адамның салық берешегі мұрагерлеріне жүктелуі мүмкін. Алайда олар қарызды тек мұраға алған мүліктің құны шегінде және мұрадағы өз үлесіне сәйкес өтейді.
Егер мұраға қалған мүліктің құны салық берешегін толық өтеуге жетпесе, қалған қарыз есептен шығарылады. Ол үшін салық органы мүліктің жеткіліксіздігі туралы заңды күшіне енген сот актісіне сүйенеді.
Мұрагерлер болмаған жағдайда не болады?
Егер мұрагерлер болмаса немесе олардың барлығы мұрадан бас тартып, марқұмның мүлкі коммуналдық меншікке берілсе, салық берешегі есептен шығарылады. Бұл шешім мүлікті иесіз қалған мұра деп тану туралы заңды күшіне енген сот актісі негізінде қабылданады.
Балаларға қатысты қандай ерекшелік бар?
Егер қайтыс болған адамның мұрагері ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала немесе жетім бала болса, оның салық берешегін өтеу тәртібі ерекше реттеледі.
Егер марқұм жеке кәсіпкер ретінде немесе жеке практикамен айналысатын тұлға ретінде тіркелмеген болса, мұрагер бала салық берешегін өтеуден босатылады. Мұндай жағдайда берешек есептен шығарылады.
Ал марқұм жеке кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын тұлға ретінде тіркелген болса, баланың салық берешегін өтеу міндеті тек заңды күшіне енген сот актісі негізінде жүктеледі.
Марқұм тірі деп танылса, берешек қайта есептеле ме?
Егер соттың адамды қайтыс болды деп жариялау туралы шешімі күшін жойса, бұрын есептен шығарылған салық берешегі қайта қалпына келтіріледі. Бұл талап талап қою мерзіміне қарамастан қолданылады.
Ипотека алған адам қайтыс болса, қарызды кім төлейді?
Naryk.kz - Қазақстанда ипотекалық кредит алған адам қайтыс болған жағдайда оның қарызы автоматты түрде жойылмайды. Қарыз бойынша міндеттемелер мұрагерлерге өтеді. Алайда олардың жауапкершілігі мұраға алған мүліктің құнымен шектеледі. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі түсіндірді.
Азаматтық кодекске сәйкес, мұра құрамына қайтыс болған адамның мүлкімен қатар мүліктік құқықтары мен міндеттері де кіреді. Сондықтан ипотекалық қарыз бойынша міндеттемелер, соның ішінде кепілге қойылған тұрғын үйге қатысты құқықтар мен міндеттер мұрагерлерге өтеді.
Мұрагерлер ипотеканы төлеуге міндетті ме?
Мұраны қабылдаған азаматтар қайтыс болған адамның қарыздары бойынша ортақ борышкерлер ретінде жауап береді. Бірақ әрбір мұрагердің жауапкершілігі өзіне мұрагерлік тәртіппен өткен мүліктің құнымен шектеледі.
Мысалы, мұрагерге 10 млн теңгенің мүлкі берілсе, оның мұра қалдырушының қарыздары бойынша жауапкершілігі осы мүліктің құнынан аспайды.
Банк ипотекадағы пәтерді алып қоя ала ма?
Қарыз алушының қайтыс болуы ипотеканы тоқтатпайды. Кепілге қойылған жылжымайтын мүлік қарыз толық өтелгенге дейін кепілде қала береді.
Егер мұрагерлер ипотекалық міндеттемелерді орындамаса, банк заңнама мен жасалған шарттарда көзделген тәртіппен кепіл мүлкін өндіріп алу шараларын қолдана алады.
Сондай-ақ мұрагерлер мұраны қабылдағанымен, мүлікке құқықтарын тіркеуден жалтарса, кредиторлар мұндай тіркеуді мәжбүрлеп жүргізуді талап етуге құқылы.
Мұрагерлер болмаса, қарыз не болады?
Егер заң бойынша да, өсиет бойынша да мұрагерлер болмаса, ешкімнің мұрагерлік етуге құқығы болмаса немесе барлық мұрагер мұрадан бас тартса, мүлік иесіз қалған мұра деп танылады.
Мұндай мүлік заңда белгіленген тәртіппен коммуналдық меншікке өтеді. Алайда бұл қайтыс болған адамның кредиторлар алдындағы міндеттемелерін автоматты түрде жоймайды. Кредиторлар заңнамада белгіленген тәртіппен және шекте өз талаптарын қоя алады.
Мұрагерлерге қарызды реттеуге қанша уақыт беріледі?
Мұраны қабылдаудың жалпы мерзімі — мұра ашылған күннен бастап алты ай.
Мұрагерлік құқықтарды рәсімдеу кезеңінде банк мұрагерлердің кім екенін анықтау және олардың мұраны қабылдауына дейін сыйақы, тұрақсыздық айыбы мен мерзімі өткен төлемдерге байланысты өзге де төлемдерді есептеуді тоқтата тұру мәселесін қарауға тиіс.
Мұра қабылданғаннан кейін ипотекалық кредитті өтеу банктік қарыз шартына, төлем кестесіне және ипотека шартына сәйкес жалғасады.
Банк ипотеканы мерзімінен бұрын өтеуді талап ете ала ма?
Қарыз алушының қайтыс болуы банктің ипотекалық кредитті мерзімінен бұрын толық өтеуді талап етуіне өздігінен негіз болмайды.
Банк мұндай талапты заңнамада және банктік қарыз шартында көзделген жағдайларда ғана қоя алады.
Қоса қарыз алушылар мен кепілгерлердің міндеттемелері сақтала ма?
Егер ипотекалық кредит бойынша қоса қарыз алушылар болса, олардың міндеттемелері шартта белгіленген көлемде сақталады.
Ал кепілдік пен кепілгерлік заңнамада және шарттарда көзделген негіздер бойынша тоқтатылуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайларда әрбір шарттың талаптары жеке қарастырылады.
Осылайша, ипотека алған адамның қайтыс болуы кредиттік міндеттемелерді автоматты түрде тоқтатпайды. Қарыз мұрагерлерге өтеді, бірақ олардың жауапкершілігі мұраға алған мүліктің құнымен шектеледі. Ал кепілдегі тұрғын үй қарыз толық өтелгенге дейін кепілде қалады.
Ипотекалық қарыз ресімдеу кезінде кредит беру шарттарын ғана емес, сондай-ақ қарыз алушы қайтыс болған жағдайда туындауы мүмкін құқықтық салдарды да түсіну маңызды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ипотекалық қарыздар бойынша міндеттемелерді мұраға қабылдау тәртібін, мұрагерлердің құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ мұндай жағдайларда банк алдындағы міндеттемелерді орындау ерекшеліктерін түсіндірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Азаматтық кодекске сәйкес мұраның құрамына мұра қалдырушыға тиесілі мүлік, сондай-ақ мүліктік құқықтар мен міндеттер кіреді. Осыған байланысты банктік қарыз шарты, оның ішінде ипотека бойынша міндеттемелер қарыз алушының қайтыс болуына байланысты тоқтатылмайды және кепілге берілген жылжымайтын мүлікті қоса алғанда, мұра қабылданғаннан кейін мұраға қалатын мүлікке қатысты құқықтармен бір уақытта мұрагерлерге өтеді.
Мұрагерлердің ипотекалық кредит бойынша жауапкершілігі
Кредиторлар өсиетті орындаушыға (мұраны сенімгерлікпен басқарушыға) не мұрагерлерге мұра қалдырушының міндеттемелерінен туындайтын талаптарды қоюға құқылы. Мұра қабылданғаннан кейін мұрагерлер мұра қалдырушының қарыздары бойынша ортақ борышкерлер ретінде жауап береді. Бұл ретте әрбір мұрагердің жауапкершілігі оған мұрагерлік тәртібімен өткен мүліктің құнымен шектеледі.
Қарыз алушы қайтыс болғаннан кейін ипотекалық кепілді сақтау
Қарыз алушының қайтыс болуы ипотеканы тоқтатпайды. Ипотекалық қарыз бойынша міндеттемелер мұраның құрамына кіретіндіктен және мұрагерлерге өтетіндіктен кепіл мүлкі мұрагерлерге мұрагерлік тәртібімен өткен құқықтар мен міндеттер көлемі шегінде қарыз бойынша міндеттемелер толық орындалғанға дейін сақталады.
Кредиторлар өз құқықтарын қорғаудың заңнамада көзделген тәсілдерін іске асыруға құқылы. Атап айтқанда, мұрагерлер мұраны қабылдаған, бірақ мүлікті не мұраның құрамына кіретін мүлікке құқықтарды тіркеуден жалтаратын жағдайларда, кредиторлар мұндай тіркеуді мәжбүрлеу тәртібімен жүзеге асыруды талап етуге құқылы.
Кепіл мүлкін өндіріп алу мәселелері заңнамаға, банктік қарыз шартының және ипотека шартының талаптарына сәйкес әрбір жағдайдың нақты мән-жайларын ескере отырып шешіледі.
Егер мұрагерлер болмаса немесе мұрадан бас тартса не істеу керек?
Өсиет бойынша да, заң бойынша да мұрагерлер болмаған жағдайларда мұрагерлердің ешқайсысы мұрагерлік етуге құқығы жоқ не барлық мұрагерлер мұрадан бас тартса, мұра иесіз қалған мүлік деп танылады.
Мұндай мүлік заңнамада белгіленген тәртіппен мұра ашылған жер бойынша коммуналдық меншікке өтеді.
Бұл ретте, мүліктің коммуналдық меншікке ауысуы мұра қалдырушының кредиторлар алдындағы міндеттемелерін тоқтатпайды және оларды заңнамада көзделген тәртіппен және шекте талаптар қою құқығынан айырмайды.
Мұраға кіргеннен кейін ипотекалық кредитті реттеу мерзімдері
Мұраны қабылдау үшін жалпы мерзім мұра ашылған күннен бастап алты айды құрайды. Мұрагерлiк құқықтарды ресiмдеу кезеңiнде банк мұрагерлердiң шеңберiн айқындау және олардың мұраға кiру сәтiне дейiн сыйақыны, тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсiмпұлдарды) және мiндеттемелердi орындау мерзiмiн өткiзiп алуға байланысты өзге де төлемдердi есептеудi тоқтата тұру туралы мәселенi қарауға тиiс.
Мұра қабылданғаннан кейін ипотекалық қарыз бойынша міндеттемелерді одан әрі орындау банктік қарыз шартының талаптарына, төлемдер кестесіне және ипотека шартына сәйкес жүзеге асырылады.
Банк ипотеканы мерзімінен бұрын өтеуді талап ете ала ма?
Ипотекалық қарызды мерзімінен бұрын өтеу туралы талап заңнамада және банктік қарыз шартының талаптарында көзделген жағдайларда ғана қойылуы мүмкін.
Қарыз алушының қайтыс болу фактісінің өзі банкке ипотекалық кредит бойынша міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындауды талап етуге шартсыз құқық бермейді. Бұл ретте мұрагерлер борышкердің кепіл мүлкіне құқықты қабылдаған жағдайда қарыз алушының қайтыс болуы міндеттемені тоқтату үшін негіз болып табылмайды.
Қоса қарыз алушылар мен кепілгерлердің міндеттемелері
Егер ипотекалық қарыз бойынша қоса қарыз алушылар болса, олардың мiндеттемелерi банктiк қарыз шартында көзделген көлемде сақталады. Егер заңнамада немесе шартта өзгеше көзделмесе, кепілдік және кепілгерлік олар қамтамасыз еткен міндеттеменің тоқтатылуымен, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
Осылайша, қарыз алушының қайтыс болуы ипотекалық қарыз бойынша міндеттемелерді автоматты түрде тоқтатуға алып келмейді. Мұндай мiндеттемелер бойынша құқықтар мен мiндеттер азаматтық заңдарда белгiленген тәртiппен мұрагерлерге өтеді, ал мiндеттемелердi одан әрi орындау жасалған шарттардың талаптары мен әрбiр жағдайдың нақты мән-жайлары ескерiле отырып жүзеге асырылады.
Адина Айбатыр
Қайтыс болған қарыз алушының несиесін қандай жағдайда сақтандыру компаниясы өтейді
KAZINFORM – Қарыз алушының өмірі сақтандырылған болса, ол қайтыс болған жағдайда несиесін сақтандыру компаниясы өтеуі мүмкін. Бұл туралы Kazinform агенттігінің ресми сауалына Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми жауабында айтылған.
– Қарыз алушы қайтыс болған жағдайда сақтандыру компаниясы кредит бойынша төлем жасауы үшін шартта адамның қайтыс болуы сақтандыру жағдайы ретінде көрсетілуі керек. Осылайша, сақтандыру ұйымы шартта белгіленген талаптар мен тәртіпке сәйкес сақтандыру төлемін жүзеге асырады, - делінген хабарламада.
Егер сақтандыру шарты бойынша төлем банкке берілетін болса, бұл қаражат кредит қарызын өтеуге жұмсалады.
– Егер сақтандыру төлемі кредитті толық жабуға жетпесе, қарыздың бір бөлігі өтелмей қалуы мүмкін. Бірақ бұл қалған берешекті мұрагерлер міндетті түрде толық төлеуі керек дегенді білдірмейді. Сондай-ақ, сақтандыру компаниясы төлемді сақтандыру шартында жазылған талаптарға сәйкес жүргізеді. Сондай-ақ заңда сақтандыру компаниясы төлем жасамауға құқылы болатын жағдайлар да қарастырылған, - деп толықтырды Олжас Рамазанов.
Назерке Сүйіндік
Қазақстанда салық берешегінің мөлшеріне қарай оны өндіріп алу шаралары кезең-кезеңімен қолданылады.
2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексінде салық берешегінің шекті мөлшері белгіленді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Енді аз мөлшердегі қарыз үшін банк шоттарына бірден шектеу қойылмайды.
Мемлекеттік кірістер органдарының мәліметінше, 2026 жылы 1 АЕК 4 325 теңгені құрайды. Салық берешегінің шекті мөлшері 20 АЕК, яғни 86 500 теңге болып белгіленген.
Егер салық берешегі 20 АЕК-ке дейін, яғни 86 500 теңгеге дейін болса, салық төлеушіге берешек туралы хабарлама жіберіліп, өсімпұл есептеледі. Бұл жағдайда банк шоттары мен касса бойынша шығыс операциялары тоқтатылмайды, инкассалық өкім қойылмайды және мүлікке билік етуге шектеу енгізілмейді.
Ал салық берешегі 20 АЕК-тен, яғни 86 500 теңгеден асқан жағдайда мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданыла бастайды. Салық органы банк шоттары мен касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім шығарып, берешекті шоттағы қаражат есебінен өндіріп алу үшін инкассалық өкім қоя алады.
Қарыз көлемі өскен сайын қолданылатын шаралар да күшейеді. Егер салық берешегі 45 АЕК-тен, яғни 194 625 теңгеден асса, салық төлеушінің мүлкіне билік етуге шектеу қойылуы мүмкін. Сондай-ақ берешекті дебиторлар есебінен немесе билік етуі шектелген мүлікті өткізу арқылы өндіріп алу қарастырылған.
Осылайша, 86 500 теңгеге дейінгі салық берешегі банк шотын бірден бұғаттауға негіз болмайды. Бірақ қарызға өсімпұл есептеле береді. Ал берешек белгіленген шектен асқан кезде банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтату және қарызды мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін.
Ақтілек Алмасұлы
