Бауырды донорлық ағзасыз емдеу тәсілі пайда болды
Бауырды донорлық ағзасыз емдеу тәсілі пайда болды
23 күн бұрын 481 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Британиядағы Бирмингем университетінің ғалымдары бауыр ауруын емдеудің тың әдісін тапты. Олардың бұл тәсілі ауру ағзаны сау ағзаға алмастыру (донор трансплантациясы) қажеттілігін жоюы ықтимал. Бұл жайында islam.kz порталы Communications Biology (ComBio) мерзімді басылымынаа сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл тарапта ағылшын ғалымдары бауырдың зақымдалған тінін жасушамен емдеудің тиімділігін арттыру үшін табиғи қанттан әзірленген ерекше“жабысқақ”қабықты пайдалануды ұсынып отыр. Гепатикалық, прогениторлық жасушалар бауырды қалпына келтіруге қабілетті, алайда, мұндай жасушалардың ағзаның тініне .кірігуі қиындық тудырып келген еді. Ғалымдар бұл тығырықтан шығудың жолын тапты: жасушаларды полисахаридтермен, мәселен, гиалурон қышқылымен немесе альгинатпен қаптауды ұсынды. Мұндай жабын жасушаларға зақым келтірмейді және олардың функцияларына кедергі келтірмейді - олар бұрынғысынша бауырдың толыққанды жасушаларына айналып, ақуыз синтезін қоса алғанда, өз міндеттерін орындай алады. Аталған ағзаның зақымдалған аймағына “жамалатын” жасушалар бауыр және эндотелий жасушаларына әлдеқайда жақсы жабысады. Оның үстіне, жабын жасушалардың орнығуына ықпал етеді және қоршаған ортамен өзара іс-қимылға жауап беретін интегрин-ақуыздардың өндірілуін ынталандырады. Жабынның өзі уақытша және жасушалар жаңа жерге сәтті «орныққаннан» кейін жойылады. "Бүгінде бауырды ауыстырып салу - ауру дертке шалдыққан көптеген пациенттер үшін жалғыз жол болып отыр, алайда, донорлық ағзалар жетіспейді. Біздің технология анағұрлым арзанға түседі және жарақаттау қатері төмен балама әдіс бола алады", - деп түсіндірді зерттеудің жетекшісі Мария Кьяра Арно. Ғалымдар мұнымен ғана шектеліп қалмай, сонымен қатар, жабынның организмдегі иммундық жасушалардың қарсылығына ұшырайтынын немесе ұшырамайтынын тексеріп көрмек. Егер бұл бағыттағы зерттеу сәтті өтсе, мұндай емдеу тәсілін өзге жасушаларға қолданады. Дәлірегі, өзге ағзаларды емдеуде пайдаланбақ. Бірегей технология жасуша терапиясын жаңа белеске көтереді. 

0 пікір
Мұрағат