Жылу энергиясын электр энергиясына айналдыру технологиясы пайда болды
|

Боулдер штатындағы Колорадо университетінің ғалымдары жылу энергиясын электр энергиясына айналдыру технологиясын әзірлеп, термодинамиканың фундаменталды заңына қарсы шықты. Зерттеушілер тобы Планктің жылудың сәулелену заңымен байланысты шектеулерді еңсеруге қабілетті, ықшам термофотоэлектрлік құрылғы жасады. Бұл жайында islam.kz порталы ixbt.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жаңа технология Планк заңы бойынша белгілі вакуумдық шекті еңсеруге және қалыпты термофотоэлектрлік құрылымдармен салыстырғанда қуат тығыздығын екі есеге арттыруға мүмкіндік береді. Бірегей құрылғының негізгі элементі – инфрақызыл сәуле (сәулелену) үшін мөлдір сыну көрсеткіші жоғары шыны оқшаулағыш. Бұл «нөлдік вакуумдық саңылау» жылу толқындарының құрылғыдан қуатын жоғалтпай өтуіне мүмкіндік беретін жоғары тығыздықтағы арна жасайды. Инновациялық тәсіл көптеген өнеркәсіптік процестерге тән неғұрлым төмен температурада электр энергиясын генерациялауға мүмкіндік береді. 1000 ° C температурада жұмыс істейтін құрылғы 1400 ° C температурада қолданыстағы термофотоэлектрлік жүйелер сияқты энергия шығарады. Зерттеушілердің айтуынша, бұл құрылғы өндірістік салаларды өзгеріске бастайтын әлеуетке ие: шыны, болат және цемент өндірісі сияқты жоғары температураны қажет ететін өнеркәсіптік процестерді өзгерте алады, оларды арзан және таза электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Ол жоғары температуралық жылу көздерін немесе қымбат тұратын материалдарды пайдалану қажеттілігін жойып, электр энергиясын өндіруді ұлғайтуға ықпал ете алады. Аталмыш технология таза энергияны сақтауға, атмосфераға бөлінетін көміртегін азайтуға және бүкіл әлем бойынша геотермалды, ядролық және күн электр стансаларынан жылу жинауға мүмкіндік береді.




