Туберкулезбен күресудің өте тиімді әдісі табылды
|

Әлемге әйгілі Оксфорд университетінің және Суррея жоғарғы оқу орнының ғалымдары туберкулез таяқшасының өсуі мен белсенділігін реттейтін өзгеше тәсілін тапты. Бұл жайында islam.kz порталы The EMBO Journal мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Туберкулез таяқшасы немесе бактерия өзінің бөліну процесін баяулату, гендерді бақылау, адам организіміндегі жағдайға бейімделу үшін сирек кездесетін химиялық белгіні – ДНК-ны АДФ-рибозилдеуді пайдаланатын болып шықты. DarT деп аталатын негізгі элемент ферменті бұл процесте маңызды рөл атқарады: ол репликация мен трансляция процестерін уақытша «қатырып немесе бұғаттап», ДНҚ түрлендіргіш тобын қосады. Бұл белгіні тежеуге болады, дәлірегі, DarG деп аталатын басқа фермент оны жоя алады. Ғалымдар алғаш рет мұндай түрлендірулердің толық картасын жасап, олардың репликацияның басталу нүктесінде, сондай-ақ, стресс пен металл жетіспеушілігіне жауап беретін гендерде белсенді түрде жинақталатынын анықтады. Бұл бағыттағы тәжірибе нәтижесі көрсеткендей, туберкулез таяқшасын осындай түрлену қабілетінін айырса, ол өсіп-өнуден қалады әрі тіршілігін тоқтатады. Бұл жаңалық өз кезегінде туберкулез дертімен күресу стратегиясын жаңа белеске шығарады, соның ішінде ұйқыға кетіп, организмде жасырынатын, дәріге аса төзімді түрлерімен күресуде тиімділік танытады. Ғалымдар атап өткендей, мұндай реттеу жүйесі – ДНҚ негізінің модификациясының тірі организмдегі гендердің экспрессиясына тікелей әсер ететін алғашқы тіркелген мысалы.




