|
Бір еуропалық елдің өзінде мұсылмандар саны ширек ғасырда екі есеге өскен
|
Германиядағы мұсылмандар қарасы соңғы ширек ғасырда екі еседен де көп артқан. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде немістердің бұқаралық ақпарат құралдарына жөн сілтеген IslamNews ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Германияның көші-қон және босқындар ісі жөніндегі федералды мекеменің (BAMF) келтірген дерегіне қарағанда, қазіргі уақытта аталған ел аумағында 7 млн мұсылман тұрғын өмір сүріп жатыр. Дәлірегі, ел азаматтарының 8,5%-ы ислам дінінде. Бұл көрсеткіш 2000 жылы 3,2 млн адамды құраған болатын. Германиядағы мұсылмандар саны 2019 жылы және одан кейінгі жылдары артқан. Өсім көрсеткіші 1,4 млн адамды құрады, бұл шама Мюнхен халқының санымен пара-пар. Сарапшылар бұл үрдісті Таяу Шығыс аймағынан мигранттардың көптеп келуімен түсіндірді. Көші-қон қызметінің мәліметі бойынша мұсылмандардың басым бөлігі Бременде, Гамбургте, сондай-ақ, Солтүстік Рейн-Вестфалия және Гессен өңірлерінде тұрады, онда халықтың жалпы санындағы олардың үлесі 13 пайызға жетеді. Сонымен қатар, билік католиктер мен протестанттардың азайғанын, яғни, жалпы христиандар санының қысқарғанын көрсетіп отыр. 2000 жылдан бастап олардың саны 53,4 млн. адамнан 36,6 млн. адамға дейін төмендеген.