Бір жылда азық-түлік бағасы 13,1%-ға қымбаттаған
Бір жылда азық-түлік бағасы 13,1%-ға қымбаттаған
10 жыл бұрын 2528 Baq.kz

2016 жылғы сәуірде азық-түлік тауарларының бағасы 2015 жылғы сәуірмен салыстырғанда 13,1%-ға өсті. Бұл туралы мәліметтер ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті таратқан хабарламада келтірілген. 

«2016 жылғы сәуірде 2015 жылғы тиісті аймен салыстырғанда баға қантқа – 045,1%, кофе, шай және какаоға – 27,3%, май және тоң майға – 26,3%, жармаларға – 24,4%, нанға – 22,4%, балық және теңіз өнімдеріне – 21,2%, кондитерлік өнімдерге – 19,5%, тоқаш және ұн өнімдеріне – 16,8%, макарон өнімдеріне – 14,3%, жемістер мен көкөністерге – 12,3%, алкогольді ішімдіктерге – 10,9%, ұнға – 9,2%, сүт өнімдеріне – 7,5%-ға өсті», - деп көрсетілген хабарламада.

Аталған кезеңде ет және ет өнімдері бағасының өсімі 5%-ды құрады. Шұжық өнімдеріне, құс етіне баға деңгейі 9,5%-дан, сиыр етіне – 3,3%, шошқа етіне – 1,7%, қой етіне – 1,5%, жылқы етіне – 0,5%-ға жоғары болды.

Сонымен қатар, Статистика комитетінің мәліметтерінше, жыл басынан бері тұрғын үй-коммуналды қызметтер саласында тарифтер кәрізге 20,3%-ға қымбаттаған. Қоқыс шығаруға – 11,8%, суық суға – 8,1%, орталықтан жылытуға – 7%, ыстық суға – 6,7%, электр энергиясына – 4,4%, тарату желілері арқылы тасымалданатын газға – 4,2%-ға жоғарылады. 

Қазақстанда жыл басынан бері инфляция 3,6%-ды құрады

2016 жылғы қаңтар-сәуірде Қазақстан Республикасында инфляция 3,6% құрады. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ұсынған мәліметтері осындай.

Аталмыш комитет ұсынған ақпаратқа сәйкес, баға азық-түлік тауарларына ағымдағы жылғы төрт айда 3,9%, азық-түлік емес тауарларына және ақылы қызметтерге – 3,5%-дан өсті. Ал былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда бұл көрсеткіш сәйкесінше 13,1 және 27,3% шамасында.

Ағымдағы жылдың басынан бері қара шай 14,6%-ға, жармалар – 13,6%, қант – 10,6%, нан – 8,3%, жаңа жиналған жемістер – 7,5%, күнбағыс майы – 7,2%, жаңа жиналған көкөністерге – 6,8%, қайта өңделген және консервіленген көкөністер – 6,7%, кондитерлік өнімдер – 6,1%-ға, макарон өнімдері, кептірілген жемістер мен жаңғақтар – 5,9%-ға, салқындатылған сусындар – 5,8%, мәйекті ірімшік – 4,4%-ға, құс еті, консервіленген сүт – 3,9%-ға, тоқаш және ұннан дайындалатын өнімдер – 3,4%, сүзбе– 3,2%, балық және теңіз өнімдері – 2,9%, шұжық, ет өнімдер – 2,1%-ға қымбаттапты.

Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағасының индексі (ТБИ) халықтың жеке тұтыну үшін сатып алатын тауарлары мен қызметтері бағасының өзгеруін көрсетеді. Тауарлар мен қызметтер жиынтығына 510 позиция кіреді. Бағаны тіркеу меншіктің түрлі нысандарындағы сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының іріктеме жүйесі бойынша барлық облыс орталықтарында, астанада және қалалар мен аудан орталықтарының белгіленген шеңбері бойынша жүргізіледі. Біріктіру үшін пайдаланылатын салмақ жүйесі олардың шығыстары бөлігінде өткен жылғы үй шаруашылықтарын зерттеу материалдары негізінде есептеледі.

2016 жылғы қаңтардан бастап ТБИ-ді есептегенде азық-түлік тауарларының үлесі 36,7%, азық–түлік емес тауарлар – 31,4%, ақылы қызметтер – 31,9%-ды құрады. 

0 пікір
Мұрағат