Дәрігердің қателігінен науқас жапа шексе, қанша өтемақы алады
Дәрігердің қателігінен науқас жапа шексе, қанша өтемақы алады
3 ай бұрын 541 kaz.inform.kz Аружан Махмут, Ақерке Дәуренбекқызы, Алма Мұқанова, Марлан Жиембай, Айнұр Тумакбаева

KAZINFORM — Дәрігердің қателігінен науқас мүгедек болып қалса, 3 145 600 теңгеге дейін өтемақы төленеді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінен хабарлады.

Егер дәрігердің қателігінен науқастың денсаулығына зиян келсе, жапа шеккен азамат өтемақы өндіруге құқылы. Ол үшін пациент немесе оның туыстары ем алған медициналық ұйымның ішкі сараптама қызметіне шағымдана алады

- ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы Кодексінің 270-2-бабына сәйкес, денсаулық сақтау субъектісі пациентті қолдау және ішкі сараптама қызметінен пациенттің не оның жұбайының, жақын туыстарының немесе заңды өкілінің медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтірілгені туралы жолданымы келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тәуелсіз сараптама комиссиясын құрады. ТСК қызметінің тәртібі және зиян келтіру фактісін анықтауға қойылатын минималды талаптар ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2024 жылғы 28 маусымдағы № 40 бұйрығымен реттеледі, - делінген жауапта.

Жапа шеккен пациентке берілетін өтемақы мөлшері оның денсаулық жағдайына байланысты. Оны тәуелсіз сараптамалық комиссия анықтайды. Комиссия құрамына пациенттің денсаулығына зиян тигізген мекеменің мамандары кіре алмайды.

Пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келіп, мүгедектік белгіленсе:
Үшінші топ мүгедектігіне – 500 АЕК

Екінші топ мүгедектігіне – 600 АЕК

Бірінші топ мүгедектігіне – 800 АЕК

Мүгедектігі бар бала – 500 АЕК

Пациенттің өліміне алып келген зиян үшін – 3 000 АЕК
Ал мүгедектік белгіленбеген, бірақ денсаулығына зиян келтірілген жағдайда науқастың емге кеткен барлық шығыны есептеліп, қайтарылады. Бірақ бұл сомма 300 АЕК-тен аспауы керек.
Айта кетейік, 2025 жылы 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері 3 932 теңге болып бекітілді.

Аружан Махмут

Қандай жағдайда медициналық қызметкерді үйге шақыруға болады

KAZINFORM — Бес жасқа дейінгі балаларға, жүкті және босанған әйелдерге денсаулығы сыр берген жағдайда медициналық қызметкерлер үйге келіп қызмет көрсетуге міндетті.

Медициналық көмекті үй жағдайында алуға тағы кімдер құқылы? Бұл жайында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында айтып берді. 

Жасы 65-тен асқандар да жүріс-тұрысы қиындаған жағдайда маманды үйге шақыра алады.

Сондай-ақ учаскелік медбике немесе фельдшер: 

— шақыру кезінде сырқаттың дене температурасы 38°C болса;
— жағдайының қатты нашарлауынсыз қан қысымының жоғарылауында;
— медициналық көмекті және үйде консультацияны қажет ететін жай-күйлер, аурулар, жарақаттар (есін жоғалтпай, қан кету белгілері жоқ, жай-күйінің кенеттен нашарлауы болмағанда) үйге келіп, қызмет көрсетеді.

Ал учаскелік дәрігерді үйге:

— шақыруды қабылдау кезінде емхана тіркеушісі, учаскелік медбике немесе үйде дәрігерлік қарауды талап ететін шақыруға қызмет көрсеткен фельдшер бағалаған жағдайда;
— вакцинациядан кейінгі жағдай нашарлағанда шақыруға болады.

Бұған дейін Қазақстанда кімдерге пластикалық ота тегін жасалатындығын жазған едік.

Ақерке Дәуренбекқызы

Қандай дәрі-дәрмек рецептсіз сатылмайды

KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрлігі тек рецептпен сатылатын дәрілік препараттарды атады.

Қазақстанда дәрігердің рецептісі бойынша ғана дәрі-дәрмек сату — Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа талабы емес.

Бұл жүйе 20 жылдан бері қолданылып келеді. 

Рецептсіз сатылмайтын дәрілік препараттарға мыналар жатады:

— құрамында есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрілік заттар;

— парентералдық енгізуге арналған дәрілік заттар;

— стационар жағдайында ғана қолданылатын дәрілік заттар, оның ішінде диагностикалық дәрілік заттар;

— тағайындау мен одан арғы қабылдау дәрігердің тұрақты бақылауымен жүргізілуі қажет дәрілік заттар;

— диагнозы стационар жағдайларында немесе қажетті диагностикалық жабдығы бар мекемелерде қойылатын, ал дәрілік препаратты қолдану және одан арғы бақылау амбулаториялық жағдайларда жүзеге асырылатын ауруларды емдеуге арналған дәрілік препараттар;

— құрамында одан әрі зерттеуді талап ететін дәрілік субстанция, белсенділігі және (немесе) кері әсері бар дәрілік заттар:

— алғаш тіркелген, жаңа әсер етуші заты бар дәрілік препараттар;

— қолданылу тәжірибесі шектеулі дәрілік препараттар (дәрілік препараттың басқа елдерде тіркеуден кейінгі қолдану тәжірибесін, соның ішінде жалпы көпшілікте қолданылуы (клиникалық зерттеулер болған кезде) есепке ала отырып);

— жаңа доза, дозалаудың жаңа режимі, енгізудің жаңа тәсілі, қолдануға жаңа көрсетілімдер, жас шамасының жаңа топтары;

— Рецептсіз дәрілік заттарды босатқаны үшін Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 426-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген, — деп атап өтті министрліктен.

Сондай-ақ ведомство өкілдері жарамдылық мерзімі аяқталған препараттарды қолдануға болмайтынын еске салды.

— Мұндай препарат ең алдымен емдік қасиеттерін жоғалтады. Яғни, олар сізді емдемейді және ауру одан әрі өрбуі мүмкін, бұл өз кезегінде асқынуға апарып соғады. Сондай-ақ, препаратқа жағымсыз реакциялар пайда болуы мүмкін немесе препараттан уланып қалуы мүмкін. Осындай жағдайлар ағзаға зиян келтіреді немесе өлімге әкеледі. Үйдегі дәрі-дәрмек қобдишасында сақталатын дәрілердің жарамдылық мерзімін тексеруді әдетке айналдырыңыз. Көбіне олардың сол жерде жатып мерзімі өтеді. Сақтау шарттарына ерекше назар аударыңыз. Кейбір дәрі-дәрмек дұрыс сақталмаған жағдайда жарамдылық мерзімі қысқарады, — делінген хабарламада. 

Айта кетейік, соңғы 2 жылда дәрі-дәрі дәрмекті рецептісіз сату бойынша 204 дерек тіркелген. 

Алма Мұқанова

Қазақстанда кімдерге пластикалық ота тегін жасалады

KAZINFORM – Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында ел азаматтарының белгілі бір санатына пластикалық ота тегін жасалады.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының мәліметінше, сырқатқа ағзасының жоғалған функцияларын қалпына келтіру, өмір сүру сапасын жақсарту және еңбекке қабілеттілігін қайтару мақсатында реконструктивті пластикалық ота МӘМС аясында жүргізіледі. Мысалы, ол күйіп қалған тері пластикасы, онкологиялық аурулардан кейінгі қалпына келтіру немесе балалардың бетіндегі туа біткен ақауларды түзету отасы болуы мүмкін. 

Пластикалық және реконструктивті хирургия - әртүрлі хирургиялық процедуралар жүргізілетін медицина саласы.

Пластикалық хирургия:

қол хирургиясы: қол жарақаттары, сынықтар, жүйке зақымдануы сияқты қол проблемаларын емдеу
күйік хирургиясы: күйіктерді емдеу
жұмсақ тіндердің хирургиясы: теріні трансплантациялау, ісіктерді жою сияқты жұмсақ тіндерге хирургиялық араласу
травматологиялық хирургия: жазатайым оқиғалардан туындаған жарақаттарды емдеу.
Реконструктивті хирургия:

сүт безін қалпына келтіру: сүт безі қатерлі ісігінен кейін жасалатын сүт безін қалпына келтіру процедуралары
бетті қалпына келтіру: беттегі ісіктерді алып тастағаннан кейін бет пішінін өзгерту
туабітті ауытқуларды түзету: туа біткен деформацияларды түзету
жарақаттан кейінгі қалпына келтіру: жазатайым оқиғалардан немесе басқа жарақаттан кейін пайда болған тіндердің жоғалуын қалпына келтіру.
ТМККК аясында және (немесе) МӘМС жүйесінде мамандандырылған медициналық көмек амбулаториялық жағдайларда өтініш беру себептеріне қарай және мамандардың жолдамасы бойынша жоспарлы тәртіппен көрсетіледі. 

Эстетикалық косметологиялық операциялар - блефаропластика, ринопластика, кеудені көтеру және басқалары тегін жасалатын ота тізіміне енбеген. 

Бұған дейін Қазақстанда тегін ота кімдерге жасалатынын, кімдер тісін тегін емдете алатынын жаздық. 

Ақерке Дәуренбекқызы

Қазақстанда кімдер тегін жеке көмекші алуға құқылы

KAZINFORM – Елімізде мүгедектігі бар адамдарға жеке көмекші қызметін қаржыландыру «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады. 

ҚР Әлеуметтік кодексінің 163-бабына сәйкес, жеке көмекшінің қызметін алу құқығы жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға ғана беріледі. Бұл қызмет тұрғылықты жері бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама әзірлеген бейімсіздік және оңалту жеке бағдарламасы аясында көрсетіледі.

Көмекті қалай рәсімдеу керек

Жеке көмекші қызметін алу үшін өтінім беруші «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына немесе тұрғылықты жері бойынша Еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына жүгінуі қажет.

Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамның өтінімін, жеке басын куәландыратын құжатын, сонымен қатар мүгедектігін растайтын құжаттары мен болған жағдайда бейімсіздік және оңалту жеке бағдарламасын ұсынуы қажет.

Өтінімді мүгедектігі бар адамның өзі, сондай-ақ оның заңды өкілі немесе сенім білдірген тұлғасы бере алады. Егер құжаттар дұрыс әрі уақыты рәсімделген жағдайда өтінім бес жұмыс күні ішінде қарастырылады.

Жеке көмекші таңдау үшін әлеуметтік қызметтер порталын пайдалануға болады. 

Көмек көрсету мерзімділігі мен шарттары

Жеке көмекші бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың жүріп-тұруына және нысандарға баруына көмектеседі. Қызмет Қазақстанның азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған келісімшарт негізінде көрсетіледі.

ҚР Әлеуметтік кодексінің 163-бабына сәйкес, жеке көмекшінің қызметтері жүріп-тұруы қиын, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен күніне сегіз сағаттан аспайтын есеппен ұсынылады. Көмек көрсету тәртібі мен шарттарын әрбір қызмет алушының қажеттілігіне қарай өкілетті мемлекеттік орган реттейді.

Жеткізуші келесі мән-жай кезінде қызмет көрсетуден бас тартуға құқылы:

Ұйым енді қызметтерді көрсетпейді – жеткізушілер тізілімінен алып тастау туралы өтінім берілген
Жүктемеге байланысты бос мамандар жоқ
Алушының тұрғылықты жерінде қызмет көрсетілмейді
Алдындағы көмекшімен жанжал – маманды балағаттау немесе қорлау (куәгерлермен дәлелденген)
Форс-мажор жағдайы (төтенше оқиға, табиғи апат немесе әскери іс-қимыл не өзге де жайттар).
Бұған дейін Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында ел азаматтарына, қандастарға және тұруға ықтияр хаты бар шетелдіктерге ота тегін жасалатынын жазған едік.

Марлан Жиембай

Қазақстанда дәрі-дәрмекті таңбалау қалай жүріп жатыр

KAZINFORM — Елде 2019 жылдан бастап дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалауды енгізу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр.

— Атап айтқанда, нормативтік құқықтық база дайындалып, таңбалаудың бизнес-процестері сыналды. Яғни қатысушыны тіркеу, дәрілік заттарды ұлттық каталогта тіркеу, таңбалау кодтарының эмиссиясы, елдің өндірістік алаңдарында таңбалау кодтарын тікелей қолдану тәсілімен дәрілік заттарды бір меншік иесінен екіншісіне беру, айналымнан шығару жұмыстары пилоттық жобада қамтылды, — делінген Денсаулық сақтау министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта.

Ведомстводан мәлім еткендей, жобаға отандық және шетелдік өндірушілер, СК-Фармация ЖШС, дистрибьюторлар, медициналық ұйымдар, жалпы 23 ұйым қатысты.

Пилоттық бағдарлама аясында DataMatrix дәрілік затының қаптамасына салынған кодтың көмегімен өндірушіден медициналық және дәріхана ұйымдарында айналымнан шығаруға дейінгі қадағалау процесі тексерілді.

— Дәрілік заттарды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесі дәрілік заттардың айналымын анағұрлым айқын етеді және контрафактілік өнімдердің айналымынан қорғаудың негізгі құралдарының бірі. POS-терминалдар көмегімен сканерлеуге болады. Әрбір дәрілік заттың қаптамасында бірегей Data Matrix цифрлық кодтары бар. Бұл сатып алынатын препараттың оргининал екенін тексеруге мүмкіндік береді. Қазір тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесінде 19 отандық тауар өндіруші, 276 көтерме сату субъектісі, бөлшек саудада өткізудің 3172 субъектісі, МӘМС және ТМККК шеңберінде қызметті жүзеге асыратын 19 001 медицина мекемесі тіркелген, — делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, елімізде барлық дәрі-дәрмекті міндетті цифрлық таңбалау 2024 жылдың 1 шілдесінде енгізілді.

Аталған шара контрафактілік өнімдермен күресуге және дәрі-дәрмек нарығының ашықтығын арттыруға бағытталған. 

Бұған дейін дәрі-дәрмекті қаншалықты заңды жолмен жасалғанын тексеретін қосымша іске қосылғанын жазған едік. 

Алма Мұқанова

Шымкент медициналық туризм орталығына айналмақ

KAZINFORM — Қазақстандағы 3-ші мегаполис медициналық туризмді мықтап қолға алғалы отыр, деп хабарлайды Jibek Joly телеарнасы.

Шымкентке туристтер демалып, дәмді ас-ауқат ішу үшін ғана келмейді. Енді мұнда денсаулығын түзетіп, ең мықты деген дәрігерлерден жәрдем алуға болады. Қазірдің өзінде денсаулығын реттеуге Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, тіпті Қытайдан да емделушілер келе бастаған. Әсіресе, кардиология, нейрохирургия және ортопедия бойынша күрделі оталар жасалып жатыр. 

Абдулахай Қасымов Шымкентті өзінің екінші рет дүниеге келген жері санайды. Өйткені Тәжікстан азаматы осыдан біраз уақыт бұрын инсульт алып, қатты науқастанып қалған. Душанбедегі дәрігерлері оған ми қантамырларына зақым келгенін айтып, шұғыл операция жасату үшін Қазақстанға баруға кеңес беріпті. Сөйтіп, азамат Шымкентке келген.

— Біз жақта тексеріп, жағдайдың күрделі екенін айтты. Қазақстанға баруға кеңес берді. Хабарластық, келдік — қазір өзімді тамаша сезінемін. Еркін жүріп-тұрамын, ұйқым тыныш, басым айналмайды. Бәрі жақсы, — деді Абдулахай Касымов.

Абдулахайға Шымкенттегі екінші қалалық ауруханасында ота жасалған. Бәрі сәтті өтіп, енді ауруханадан үйіне шығарылып жатыр. Оған операция жасау кезінде қазақ хирургтері аз инвазивті әдісті қолданыпты. Бұл стресті азайтып, тез оңалуға мүмкіндік беретін әдіс деседі.

— Инсульттен кейінгі жағдай миды қоректендіретін тамырлардың аурулары болады. Мальформация, аневризма инсультке әкелетін. Иә, болмаса тамыр бітеле бастайды, бұны атеросклероз дейді. Қиын жерде орналасқан ісіктер болады. Оған жақсы микроскоп, тәжірибелі маман талап ететін жағдайларда ота жасалуы керек. Олар бір-бірінен естіп, таңдау жасайды. Қаншама адам осында ота жасатып кетіп жатыр. Сәтті өтіп жатыр, — деді нейрохирург Марат Құлмырзаев.

Шымкенттегі ақылы медициналық қызметтер — Орталық Азиядағы ең қолжетімді қызметтің бірі. Емделушілер көршілес елдерден ғана емес, сонау Еуропадан да келіп жатады. Біздің мамандар өзімізде ғана емес, сондай-ақ тәжірибесімен алмасып, шетелге де шығады.

— Біздің дәрігерлеріміздің, біздің мамандарымыздың біліктілігі ғой. Соны да біз көтеру үшін екінші жыл қатарынан шетелде оқытып жатырмыз. Былтыр 120 адамды осында келіп оқытқан. Биылғы жылы да 120-130 адамды оқытамыз, мастер класпен де шығады. Өйткені барып тәжірибе көрген де дұрыс деп жатырмыз, — деп атап өтті Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.

Осылайша Шымкент медициналық туризм бағытында нағыз көшбасшыға айналуға үмітті. Қанша жерден сынаса да, қазір жалпы Қазақстан медицинасына деген сенім біршама артып келеді. Бұл қуантатын жағдай. Оған Қазақстанға келіп сауығып, үйіне қайтып жатқан туристтердің алғысы дәлел.

Айнұр Тумакбаева

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз:
Мұрағат
Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жк
30 1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31 1 2 3