Экономикалық өсу көбіне шикізаттық емес секторлар есебінен қамтамасыз етіле бастады
Экономикалық өсу көбіне шикізаттық емес секторлар есебінен қамтамасыз етіле бастады
8 жыл бұрын 2482 inform.kz

Экономикалық өсу көбіне шикізаттық емес секторлар есебінен қамтамасыз етілуде. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен үкімет сағатында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті.

"Ағымдағы жылғы 8 айдың ішінде өңдеу өнеркәсібінің өсуі 0,7%-ды құрады. Металлургия өнімдері (8,3%-ға), тамақ өнімдері (3,8%-ға), мұнай өңдеу (0,6%-ға), пластмасса (2,4%-ға), сондай-ақ фармацияның (2,5%-ға) өндірісі өсті", - деді министр.

Қ. Бишімбаевтың атап өткеніндей, экспорт құрылымында да шикізат емес тауарлар үлесі ұлғайды.

"Өңделуі жоғары өнімдердің экспорты өсті, бұл - тамақ өнеркәсібі (қант пен кондитерлік өнімдер 84,0%-ға, 17,2 мың тоннаға дейін, май мен тоң май 26,9%-ға, 34,5 мың тоннаға дейін, ет және ет өнімдері 12,5%-ға, 5,8 мың тоннаға дейін), химиялық тыңайтқыштар (82,2%-ға, 114,5 мың тоннаға дейін), тоқыма материалдарын өндіру (4,4%-ға, 24,2 мың тоннаға дейін), дайын металл бұйымдар өндіру (мойынтіректер 51,2%-ға, 7,3 мың тоннаға дейін) салалары", - деді ол.

Өңірлік бөліністе өнеркәсіптің өсуі 9 өңірде және төмендеуі 7 өңірде байқалып отыр.

Өнеркәсіптік өндірістің едәуір өсуі Оңтүстік Қазақстан(4,5%-ға), Ақмола (4,2%-ға)жәнеШығыс Қазақстан облыстарында (4,1%-ға) байқалады.

Мұнай өндірудің қысқаруы есебінен Қызылорда (10,6%-ға) және Маңғыстау (3,9%-ға) облыстарында, темір (16,3%-ға) және құрамында алтыны бар (38,8%-ға) рудалардыөндірудің азаюы есебінен Қостанай облысында (4,1%-ға) өнеркәсіптің едәуір төмендегені байқалады.

Ауыл шаруашылығында өндіріс көлемі 4,9%-ға ұлғайды, оның ішінде өсімдік шаруашылығында -12%-ға және мал шаруашылығында - 2,3%-ға.

Маңғыстау облысын (16,7%-ға төмендеу) қоспағанда, барлық өңірлерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің өскені байқалып отыр.

0 пікір
Мұрағат