|
Еліміздегі сақтандыру компанияларына «ислам терезесін» ашуға рұқсат берілуі мүмкін
|
Қазақстанда шариғат талаптарына сай сақтандыруды (такафул) дамытуға қосымша жағдай жасалады. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметіне жөн сілтеген Forbes.kz ақпарат көзіне сілтеме эасай отырып мәлім етеді. Бұл бастама 2030 жылға дейін сақтандыру нарығының даму бағдарламасында қарастырылған. Негізгі ұсыныстардың бірі - жұмыс істеп тұрған сақтандыру компанияларына шариғат қағидаттарына сәйкес келетін өнімдерді жекелеген заңды тұлға құрмай-ақ және жеке лицензия алмай ұсынуға мүмкіндік беретін «ислам терезелері» тетігін енгізу. Қазақстанда исламдық сақтандыруға арналған заңнамалық база 2015 жылдан бастап жұмыс істейді. Бұл ретте елде мамандандырылған сақтандыру ұйымдары әлі құрылған жоқ, ал мұндай өнімдер кеңінен таралған жоқ. Аталмыш агенттік мұны жеке сақтандыру компаниясын құру және жеке лицензия алу қажеттілігімен байланыстырады. «Ислам терезесін» пайдаланған кезде такафул бойынша қызмет әдеттегі сақтандырудан ерекшеленетін болады. Сақтандыру қызметіне жүгінгісі келетіндердің қаражаты, активтері, міндеттемелері, кірістері мен шығыстары жеке есепке алынуы мүмкін. Такафул-қордың қаражаты шариғат қағидаттарына сәйкес келетін активтерге инвестициялануы тиіс. Өнім желісін нарықтың сұранысы мен дайындығына қарай кезең-кезеңмен кеңейту жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде отбасылық және жалпы такафуланың негізгі өнімдері - өмірді, жазатайым оқиғалардан сақтандыру, автосақтандыру, медициналық сақтандыру және шетелге шығушыларды сақтандыру пайда болуы мүмкін. Бұдан ары тiзбек өмiрдi жинақтаушы сақтандыру, аса ауыр ауруларды, мүлiк пен жауапкершiлiктi, сондай-ақ, инвестициялық, зейнетақылық және корпоративтiк өнiмдердi сақтандыру есебiнен кеңейтiлуi мүмкiн. Реттеушінің бағалауы бойынша «исламдық терезелер» тетігі сақтандыру компанияларының такафул сегментіне шығуына кедергілерді азайтуға, халық пен бизнес үшін сақтандыру өнімдерін таңдауды кеңейтуге және исламдық сақтандырумен қамтуды біртіндеп ұлғайтуға мүмкіндік береді