Қазақстанда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі пайда болды және оны Нұрлан Ермекбаев басқаратын болды
Қазақстанда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі пайда болды және оны Нұрлан Ермекбаев  басқаратын болды
8 жыл бұрын 3242 Tengrinews.kz, inform.kz Ж.Жолдыбаев

Бұл жайында Ақорда баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3-тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және оның тиімділігін арттыру мақсатында қаулы етемін:

1. Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, оған:

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінен – діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл, діни сенім бостандығына азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекет пен азаматтық сектордың өзара іс-қимылы салаларындағы;

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінен – жастар саясаты саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, құрылсын.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігімен келісу бойынша қайта ұйымдастырылатын және құрылған мемлекеттік органдардың штат санын қайта бөлуді;

2) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.

3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына мынадай толықтыру енгізілсін:

1-тармақта:

"Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі;" деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

"Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі;".

4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

"Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаев Дін істері және азаматтық қоғам министрі болып тағайындалсын", - делінген Президенттің жарлығында.

Осыған дейін Нұрлан Ермекбаев ҚР Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметін атқарды.

Нұрлан Ермекбаев жаңа министрлік қандай қызмет атқаратынын айтты

 

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев жаңадан құрылған ведомство немен айналысатынын айтып берді.

"Қайтадан құрылған министрлік құзырына азаматтардың діни бостандығын қамтамасыз ету, соның ішінде қандай да бір ауытқулардың алдын алу және жұмысты үйлестіру, үкіметтік емес сектормен, қоғамдық ұйымдар мен жастар саясатын жүргізу кіреді", - деді министр Үкімет отырысынан кейін тілшілерге берген сұxбатында.

"Бүгінде өзектілігі артып отырған, қоғам үшін маңызы жоғары бағыттарды жақсарту қажеттілігі болатыны сөзсіз, сондықтан да болар Үкімет пен азаматтық қоғамның жұмысын тиімді ету үшін, Ұлт жоспарында белгіленген мақсаттарға тиімді қол жеткізу үшін осындай шешім қабылданған болар", - деді Н. Ермекбаев.

Жаңа министрліктің құзырына Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің дінге, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына қатысты бірқатар функциялары берілді. 

0 пікір
Мұрағат