|
Қазақстанда инвазивті түрлерге тосқауыл қойылуы тиіс
|
Маңғыстауға айлант ағашын егуді тоқтату керек!
Соңғы он жылда қатты танымал болған бұл ағаш қазір жер-жерде жаппай егіліп жатыр. Біреулер әспеттеп, «Адай пальмасы» деген атақ беріп тастаған.
Айлантқа қарсы дабыл қағып күресетін уақыт жеткен сияқты. Ағаш егу керек деген ұранмен қауіпті жыртқыш, басқыншы «жауды» өз топырағымызда баптап, мәпелеп өсіріп жатырмыз!
Оның зиянын білетін адамдардың өзі бұл мәселеге самарқау, немқұрайды қарап жатыр...
Айлант — нағыз агрессивті, қауіпті инвазивті ағаш. Еуропа мен Солтүстік Американың көптеген елдерінде онымен заң жүзінде күресіп, егуге мүлдем тыйым салған.Бұл айлант деген бәле ар жағы Қытайдан шыққан екен. Мен сосын қытай ағаш деп атаймын.)
Айланттың басты зияны мен инвазивтілігі қандай?
Айлантты шетелде бекерден-бекер «тозақ ағашы» атамаған. Оның негізгі зияндары мынадай:
Аллелопатия (басқа өсімдіктерді улау): Айланттың тамыры, қабығы мен жапырақтары айлантон деп аталатын ерекше гербицидтік зат бөліп шығарады. Бұл зат топыраққа сіңіп, қасындағы басқа ағаштар мен өсімдіктердің өсуін тежейді, оларды улап, құртады. Ол бар жерде басқа ештеңе өспейді. Оның тамыры өте тереңге және жан-жаққа тез жайылады. Асфальтты жарып, үйлердің іргетасын (фундаментін), құдықтар мен су құбырларын бұзып жібереді. Бір ересек ағаш жылына 300 мыңға дейін тұқым шашады. Оған қоса, оны кескен сайын тамырынан жүздеген жаңа өркен атып шығады. Егер оны түбімен, тамырымен химиялық жолмен құртпаса, механикалық кесу оны тек үдетеді.
Оның гүлдері мен зақымдалған жапырақтарынан қолқаны қабатын, сасық иіс шығады. Кейбір адамдарда бұл иіс пен оның тозаңы қатты аллергия тудырады.
Осы қытай ағашты кезінде Ақтауды жасыл желекке айналдыру үшін әкелген. Бірақ, бұл қытай ағаш агрессивті, инвазивті түр болып шықты. Инвазивті түр деген өзінің табиғи өсу аймағынан басқа жерге келіп, сол жердің флорасын жоюшы, басқыншы түр деген сөз.
Неге Маңғыстауға айлантты егеді?
Мұның себебі экологиялық сауаттылықтан емес, коммуналдық қызметтердің оңай жолды таңдауынан болып отыр. Маңғыстаудың климаты қатал, аптап ыстық, сор және құмайт топырақ, су тапшылығы болғандықтан, ең төзімді, отырғызу оңай деп осы қытай ағашты еккен.
Бұл қытай ағаш күтім талғамайды. Еккеннен кейін суармаса да, тақыр жерде өсе береді, өсу жылдамдығы да өте жоғары. Тез арада «жасыл желек» болып көрінеді, бұл есеп беру үшін тиімді. Оны сатып алудың да қажеті жоқ, кез келген ауладан өздігінен шыққан бұтақтарын жұлып алып, еге салуға болады.
Бірақ бұл — уақытша алданыш. Қазір егілген айлант алдағы 10-15 жылда қалалар мен ауылдардың ішкі экожүйесін толықтай жаулап алып, басқа ағаштарды тықсырып тастайды екен. Айлантты арамен кесіп тастасаң, тамырдан шыға береді, аулаға бір ексең құтыла алмайсың дейді.
Айланттың кесірінен қазақы ағаштардың тұқымы құрып кететін болды. Бәрі егуге оңай деп, айлант егіп жатыр. Жақында Шетпеде бір кәсіпкер туған жеріме деп 50 айлант ағашын еккенде жүрегім ауырды. Кәсіпкердің ниеті дұрыс болса да амалы дұрыс болмай тұр, оның орнына өзіміздің өндірістікі ағашты егу керек еді!
Сондықтан, менің ұсынысым, бұдан былай қытай ағашты егуге тыйым салып, орнына қарағаш, тораңғы, тұт, жидек, үйеңкі ,жыңғыл сияқты өз топырағына бейімделген, шөлге төзімді, төл ағаштарды егу керек!
Қарағаш — шаңды, желді ұстап қалатын ең мықты тосқауыл. Оның көлеңкесі үлкен, қалалық жерде микроклимат қалыптастыруға таптырмайды. Қарағаш бұрын хит болған, алайда, айлант келгелі шетке ысырылып қалған керемет ағаш, зияны жоқ.
Тораңғы — шөл даланың нағыз символы. Тұзды топырақ пен ыстықтан қорықпайды. Жер асты суы ащы болса да өсе беретін бірегей терек түрі. Тамыры 25-30 метр тереңдікке дейін кете береді екен. Маңғыстаудың тұзды топырағына әдемі өседі. Жалпы, егер Маңғыстаудың символы ретінде бір ағашты таңда десе, осы тораңғыны таңдар едім. Ұлттық бренд ретінде таптырмайтын киелі ағаш.
Тұт — аридті (құрғақ) аймақтарда тамаша өседі. Тамыры тереңге кетіп, жер асты суын таба алады. Көлеңкесі мол, жемісі пайдалы, топырақты уламайды. Тәжірибе жүзінде іске асқан. Әр жерлерде бар.
Жидек ағашы — жергілікті флораның патшасы. Сорға, құрғақшылыққа, қатты желге өте төзімді. Тамыры топырақты азотпен байытады, ара ұялатады, хош иісті. Инвазивті емес. Ауылда 70-80 жылдары «мода» болған еді осы ағаш. Жидек ағашының жемісін жеп өстік. Қазір трендте емес. Осы жағы өкінішті. Меніңше, жидек ағашына жететін ағаш жоқ. Гүлдегенде иісі қандай керемет!
Үйеңкі — ыссыға төзімді сорттарын (мысалы, татар үйеңкісі) егуге болады. Ол ландшафтқа әдемі реңк береді және агрессивті емес. Бірақ америкалық үйеңкіні егуге болмайды, ол да айлант сияқты инвазивті түр, яғни, басқыншы жау. Татар үйеңкісін егуге болады. Мен ботаникалық бақтан Гиннал үйеңкісін алып отырғыздым, әдемі ағаш.
Жыңғыл — қала көшелеріне, жол жиектеріне егуге болады. Нағыз Маңғыстауға бейімделген төл өсімдік. Көліктің газына да, тұзға да қиналмайды.
«Таза Қазақстан» деп жүріп, басқыншы айлант егіп, болашақта флорамызды құртып алмайық! «Таза Қазақстанды» қазақы ағаштармен құру керек. Өзіміздің нағыз қазақы ағаштарымызды егуді сәнге айналдырайық, халайық!
Уайс Ерсайынұлының facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасынан
Мұрағат
Көп оқылғандар
■
Азия елі бір фильмнің негізінде мұғалімдерді қорғайтын мемлекеттік агенттік құруы мүмкін
■
Өз-өзіне қол жұмсап өле алмай қалғандарды өлім жазасына кесетін болады
■
Корей косметикасы халал стандартына көшеді
■
Бай адамдардың 10%-ы планетаға жылына 3,7 трлн долларға зиян келтіреді – ғалымдар
■
Еуропа елінде ислам дінін тану факултеті ашылды